Сенатор бас сұққан шаңырақ
Сенатор бас сұққан шаңырақ
5,393
оқылды

Парламент Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова атаулы әлеуметтік көмектің арқасында өз кәсібін ашып, жеке бизнесін бастаған көпбалалы ананың отбасына арнайы келді. Алты баланың анасы Тілләгүл Қарсыбаева Шымкент қаласындағы Еңбекші ауданының Көксай елдімекенінде тұрады.

Ол шағын тігін цехын ашыпты. Сенатор Айгүл Жарыл­қасынқызы өз бизнесін дөң­гелетіп отырған анаға алғы­сын айтып, ризашылығын білдірді. «Әйел-ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді. Сіздің жасап отырған жұмысыңыз өзгелерге үлгі етуге тұрарлық. Мемлекет атаулы көмекті халық­тың әлеуметтік жағдайын көтеру үшін беріп отыр. Оны сіз сияқты тиімді пайдаланғандар осылайша өз кәсібін бастауда. Сіз өз кәсібіңізді бастап қана қоймай, бала тәрбиесіне де үлгеріп, ұрпағыңызға нан табудың оңай жолмен келмейтінін ұғындырып жатырсыз. Біз сіздерді қолдай­мыз», – деді ол.

Тілләгүл Тасболатқызы 2017 жылы «Өрлеу» бағдарламасымен мемлекеттен 290 мың теңге алып, тігін машинасы мен мата сатып алған екен. Алғашқы жұмысты құрақ құрап, көрпе-жастық тігуден бастайды. Кейін міне, тағы тігін машинкасын сатып алыпты. Бүгінде Шымкент қаласынан бөлек, Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтөбе қала­ларынан да тап­сырыс қабылдап отыр. Кез­десу барысында сенатор Айгүл Қапбарова бүгін­де мем­лекет тарапынан көп­балалы аналарға, жалпы «жұмыс істей­мін, кәсіп бастаймын» деген жан­дарға көп­теген қолдау шарасы бар екенін атап өтті.


Е.МҰРАТБЕК, 
Шымкент қаласы