Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қаладағы ірі құрылыс нысандарын аралап, жұмыстардың баяу жүріп жатқанына алаңдаушылық білдірді. Қала басшысы құрылысқа жауапты мамандардың жұмысты жүйелі ұйымдастыра алмағанын сынға алып, ең алдымен сапаға мән беруді тапсырды. Сонымен қатар құрылыс қарқынын арттырып, мердігерлердің жұмысын ерекше бақылауға алу керегіне назар аударды.
Сағатына 400 адам қабылдайтын халықаралық әуежайдың жаңа терминалы іске қосылған кезде, жолаушылар ағыны 10 есеге дейін артпақ. Сала мамандарымен кеңескен қала әкімі мұндағы жұмыстарды ширату туралы жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.
«Қызылжар» шағынауданындағы А-2 автожолының және А-2 Бадам көпірі мен Д.Қонаев даңғылы құрылыстарының жұмысын бағамдаған қала басшысына «Қошқар ата» өзені жағалауын абаттандыру, ескі қалашықтағы «Цитадель» жобасы мен Shymkent сity тұрғын алабындағы «Конгресс центр» жобасы таныстырылды.
Қала әкімі Шымкенттің заманауи жаңа келбетін қалыптастыру үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін біріктіріп, тиімді жұмсау керегін айтты.
– 2020 жылы Шымкентте ТМД елдерінің мәдени астанасы жылын өткіземіз. Сондықтан қазір әрбір сала басшысы жұмысын ширатуы керек, – деді Е.Айтаханов.
Бұдан бөлек қала басшысы құрылысы жүріп жатқан «Бозарық 220/110/10 кВ» қосалқы стансасына барып, тиісті сала басшылығына 10 жаңа тұрғын үй алабын немесе 250 мың тұрғынды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ететін жобаны ертерек аяқтауды міндеттеді.
Айта кетейік, бұл аптада Шымкент қаласының басшысы Ерлан Айтаханов кәсіпкерлердің проблемасын тыңдау мақсатында қала әкімдігінде арнайы жиын өткізіп, жергілікті бизнес қауымдастықтың өкілдерімен де жүздесті. Жиынға шағын және орта бизнес өкілдері, ірі кәсіпкерлер мен кәсіпкерлерге қолдау көрсететін ұйымдар мен салалық мемлекеттік мекемелердің жауапты қызметкерлері қатысты.
Басқосуда кәсіпкерлер «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының орындалу барысы, жаңа жобалар мен оларды жүзеге асырудағы кедергілер туралы ойларын ортаға салды. Сонымен қатар проблемаларды шешу жолдарын талқылап, қала басшылығына ұсыныстарын жеткізді.
Ерлан Айтаханов қала экономикасы үшін кәсіпкерлік саласының маңызына тоқталып, Шымкентте шағын және орта бизнесті дамытудың әлеуеті зор екенін айтып, кәсіпкерлерге қолдау шаралары мақсатты түрде жалғасатынын жеткізді.
Қала әкімі іскер азаматтарды қарапайым заттар экономикасы мен қала тұрғындарын сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылық саласындағы жобаларды жүзеге асыруға шақырып, алдағы уақытта шымкенттік кәсіпкерлермен тұрақты түрде кездесіп тұрмақ.