Шымкент қаласы биылғы 2019-2020 оқу жылын 253 мемлекеттік, 445 жекеменшік білім беру ұйымындағы «Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын» жасауды 294 мыңнан астам білім алушымен бастамақ. Бұл ақпарат Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында өткен BILIM jane GYLYM конференциясында айтылды.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов тамыз конференциясындағы кіріспе сөзін Мағжан Жұмабайұлының «Алты алаш бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген қанатты сөзімен бастады. «Алаштың көшін өрге сүйрейтін қайыспас қажырлы мұғалімдер біздің болашағымыз – балаларды тәрбиелеп, елдің ертеңін қамтамасыз ететін ең қадірлі жандар», – деді ол. Сонымен қатар балаларды сәби кезінен рухани құндылықтарға баулып өсіру қажетін айтқан қала басшысы оқушылардың рухани дамуын жетілдіру, ұлтжандылыққа, мәдениетке тәрбиелеу мақсатында үшжылдық «Ұлттық тәрбие тұжырымдамасын» жасауды тапсырды. Әдебиетке кітап әлеміне құштар болып өсу үшін мектептерде әдеби кештер, жергілікті ақын-жазушылармен жиі кездесулер ұйымдастырудың пайдасы көбін де атап өтті. Ұстаз мәртебесі мен білімнің сапасын көтеру жайын қозғаған әкім, ең алдымен, мектеп айналасын пайдакүнем бизнесмендерден арылтуды сөз етті. «Жасыратыны жоқ, мектеп формасы жыл сайын жаңа оқу маусымы басталғанда үлкен шудың басы болып келеді. Себебі, біздің тұрмысымызда әлеуметтік шиеленістер, жағдайы төмен отбасылар бар екенін жақсы білесіздер. Мектеп оқушыларының формасы әр мектепте әртүрлі. Мектептердің әрқайсысы өз формасын бекітіп алған. Мәселен, ата-ана үйінің жанындағы лицейге баласын оқытқысы келсе, ол лицейдің оқушы формасы тым қымбат тұрады. Әлеуметтік наразылық осындайдан туындайды. Бұл жерде мектеп оқушыларының да формасын бірыңғай жүйеге көшіру керек. Мектеп формасын бизнеске айналдырып, ақша табудың көзі қылуды доғару керек», – деді Ерлан Қуанышұлы.
Конференция барысында жаңа оқу жылына қойылған міндеттер мен мақсаттар баяндалды. Ал Шымкент қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Текебаева білім саласындағы жетістіктер мен алдағы атқарылар жұмыстарға тоқталды. Биылғы оқу жылына мегаполистің білім саласына бюджеттен 77 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, ол былтырғы жылмен салыстырғанда 26 пайызға артқан. Жуырда 4 жаңа мектептің есігі балаларға айқара ашылмақ. Жыл соңына дейін үш ауысымда оқытатын мектептердің алтауының мәселесі шешілмек.
Мекемелердің жылыту жүйелері қысымдаудан өткізіліп, білім ұяларына қатты және сұйық отын толық жеткізілген. Жылыту маусымына сақадай сай. Айта кетейік, биыл мектепке дейінгі мекемелер саны 8 пайызға артқан. Мемлекеттік бағдарламалар аясында ашылып жатқан мекемелердің барлығы да талапқа сай жабдықталған.
Конференцияда белгілі болғанындай, ағымдағы оқу жылынан бастап 1-10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша оқытылмақ. Мегаполис педагогтерінің 94 пайызы жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес біліктілікті арттыру курстарынан өткізіліпті.
Шымкент қаласындағы 29 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 28 897 студент білім алып жүр. 7 колледжде дуальды оқыту жүйесі ендірілген. Биыл ҰБТ-ға қатысқан 5 463 оқушының орташа ұпайы 85,3-ті құраған.
Миллион тұрғыны бар Шымкент қаласында 5 454 оқушы мемлекеттік тапсырыс аясында 11 жекеменшік оқу орнында оқып жүр. Жаңа оқу жылынан бастап 130 мектеп жан басына қаржыландыру жүйесіне көшпек.
Қаланың бас ұстазы сонымен қатар, білім беру мекемелерінде әлеуметтік жағдайы төмен 30 697 бала тіркелгенін атап өтті. «2019 жылы жалпыға міндетті білім қорына 1 млрд 152 млн 170 мың теңге қаралған. Ол қаржыға әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 13 841 оқушы ыстық тамақпен, 7 241 оқушы жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалыспен қамтылды және 9 272 оқушыға «Мектепке жол» акциясы барысында көмек көрсетілді» деп атап өтті ол. Биыл жазғы демалыста қала мектептері оқушыларының 88 пайызы демалыспен қамтылған.
Жиын барысында білім саласында үздік жетістіктерге жетіп, біліктілігімен ерекшеленген бірқатар ұстаз министрліктің және қала әкімінің алғысхатымен марапатталды.
Е.МҰРАТБЕК,
Шымкент қаласы