Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаментінің басшысы А.Жұмағали «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында инвесторлармен кездесті. Кездесуге «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының басшысы С.Абдуллаев, «Атамекен» Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Қабыштаев, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Е.Төлебаев пен бірқатар бизнес өкілдері қатысты. Еркін форматта өткен іс-шарада аймақтағы бизнесті жүргізудің өзекті мәселелері талқыланды.
Асхат Жұмағали бизнес пен инвесторларды қорғау мекеменің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. «Біз «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына мақсатты түрде бизнес қауымдастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін келіп отырмыз. Инвесторлармен тікелей қарым-қатынас осы бағыттағы өзекті мәселелерді анықтауға мүмкіндік беретініне сенімдіміз. Лауазымды тұлғалар тарапынан бизнес ісіне кез келген араласу кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға кедергі болып қабылданатынын және заң бойынша қудаланатынын атап өткім келеді. Біз сіздерді белсенді қарым-қатынас пен ынтымақтастыққа шақырамыз», – деді ол жиынға қатысқан кәсіпкерлерге.
Айта кету керек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қалалық департаменті 49 млрд теңгеден астам 20-ға жуық жобаны сүйемелдеуді жүзеге асырып отыр. Сонымен қатар 50-ге жуық кәсіпкердің құқығы қорғалған. Кездесу соңында Асхат Жұмағали үй тоқымасы, кілемдер және мақта-мата иірімдерін өндірумен айналысатын «АГФ групп» ЖШС, «Назар Текстиль» ЖШС және Azala Cotton ЖШС кәсіпорындарының өндірістік алаңдарында болып, зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты.