«Барселона» құрамының құны – 1 млрд евро. Кіл жұлдыздан құралған клуб. Мінсіз дерсіз.
Бірақ бәрі біз ойлағандай емес. Клубта «сырт алаң синдромы» бар. «Трансфер жасау аллергиясын» қосып қойыңыз. Диагнозы – Мессиге зәрулік. Психологиялық жай-күйі де мәз емес. Тезірек ем-шара қолданбаса, 4 жылдан кейінгі күйін елестету қиын.
Трансферлік мәдениет
«Барсаны» қазір трофей емес, трансфер қатты «алаңдатады». Қолымыз жеткен жұлдыз құрамда ойнай ала ма деген үрей. Трансфер сөз болғанда клуб басшылығы өзгенің ойыншығына қызыққан бала тәрізді. Болашақта оған қажет бола ма, жоқ па түпкілікті ойланбайды. Тек қолы жетсе болды. «Барсаның» соңғы 5 жылдағы трансферлік қажыр-қайратына осылай баға беруге болады.
«Барселонадан» саудагер шықпайды. Өйткені стратегиясыз жасалған сауданың соңы – шығын. Шығынды қойыңызшы, таразы басында ойыншы тағдыры тұр. Сатып алып, 1-2 матчтан соң «Барсаның деңгейі емес екен» дейді. Деңгейді «жақсы білетіндер» деңгейлесті неге іздемейді? Клубқа келген екінің бірі Тұран сияқты адасып, Малком тәрізді шарасыз күй кешсін бе?
2014 жылы командаға Тер Штеген, Клаудио Браво, Жереми Матье, Дуглас, Томас Вермален, Иван Ракитич, Луис Суарес келді. Ішіндегі үшеуі командада әлі ойнап жүр. «Арсеналдан» Вермаленді 19 млн евроға сатып алып, «Виссель Кобеге» тегін жіберді. «Барса» Жереми Матьеге 20 млн евро төлеген. «Камп-Ноуда» тұсауы кесілген күннен жанкүйерлер қорғаушыдан бірдеңе шығатынына күмәнмен қарады. Ақыры «Спортингке» тегін жіберді. Бравоны «Барса» 12 млн евроға сатып алып, 20 млн евроға «МанСитиге» өткізді. 2014 жылғы трансферден түскен қайтарым – 8 млн евро.
2015 жылы клуб «Атлетикодан» Тұранды, «Севильядан» Алеиш Видальді алды. Тұран үшін «Атлетикоға» 34 млн евро төледі. Арда тиісінше «Барсада» сәтті өнер көрсетті. ЧЛ-да, Король кубогында хет-трик авторы атанды. Ла Лига матчтарында гол соғып жүрді. Алайда Ардаға негізі құрамнан орын бұйырмады. Ойыншыны «Башакшехирға» жалға берді. Ал Тұранның Түркиядағы халі мәз емес. Линекердің «Барселонадан» кейін төмендеу күтіп тұрады» дегені Арданың мансабына айтылғандай. Ойыншы «Атлетикодан» ауысқанына өкінетін болар, кім білсін?!
Алейш Видаль келгенде біразы сәтті трансферге балады. Шынымен де, Видаль өзінің атарға оғы бар ойыншы екенін дәлелдеді. Алайда бапкер оған құрамнан орын таппады. 12 млн евроға алған жартылай қорғаушыны әдетінше 9,5 млн евроға қайта сатты.
2016 жылы «Валенсиядан» Андре Гомешті сатып алды. Артынан құтыла алмай әлек болды. Жанкүйерлердің «арманын» «Эвертон» орындады. 35 млн евроға алғанын 25 млн евроға сатты. «ПСЖ-ға» Люка Динь үшін 20,5 млн евро төледі. Жолы болмады. «Барсаның» деңгейіне келмеді. Тағы да деңгейді бағамдайтындардан кеткен қателік. Сол жылы қатарға қосылғандар «сіңгені» Умтити болды.
2017 жылы «Барса» қатарын Жерар Деулофеу, Нелсон Семеду, Паулиньо, Осман Дембеле толықтырды. Соңғысын «Жанкүйерді алдаусырату үшін сатып алған» десті. Себебі, сол жылы клуб Неймарды «ПСЖ-ға» 222 млн евроға сатып, бір байып қалған еді. Қыруар ақшаны «орнымен» жұмсау мақсатында 105 млн евроға Дембелені, 30 млн евроға Семедуді,
40 млн евроға Паулиньоны, Деулофеуді 12 млн евроға жалға алды.
«Барсаның» артықшылығы да, осал тұсы да – Месси. Тәуелділік жақсылыққа жеткізбейтіні тағы бар. Құрамында Дембеле, Суарес, Коутиньосы бар команда Мессиді іздеп жүреді. Бартомеу «Мессисіз дәуірге дайындаламыз» дегеніне жыл болды. Нәтиже берген жоқ. Алаңда Месси барда «Барса» бойында қан жүреді.
Бір жыл өткен соң Деулофеуді 13 млн-ға «Уотфордқа» жіберді. Паулиньоны 50 млн евроға Қытай асырды. Семеду барынша тырысып жүр. Ал Дембеленің «аяқтан тұрып кететініне» сенетіндер бар.
«Барсаның» көрсеқызар екенін дәлелдейтін трансфердің бірі – Йерри Мина. «Палмейрастан» 11,8 млн алды. Екінші қабатта ойнауға бейімі бары бірден білінді. Клуб Минаның «кілтін» таба алмады. Колумбияны алға сүйреген жігіттің «Барсада» бағы жанбады. Кім кінәлі?
Коутиньоны «Ливерден» 140 млн евроға алды. Ойыншы келгенде қуанғандар қатары көп. Өзі де «Барсаға» келгенін бақытқа балады. Ойнады, көрді, болмады. Бақытын таба алмады. Ақыры 8,5 млн евроға «Баварияға» жалға берілді. Енді қараңыз, «Реал» Себальосты «Арсеналға» 16 млн-ға жалға берді. Кононирлерде сатып алу құқығы жоқ, «Баварияда» бар. Себальос пен Коутиньоның деңгейін салыстырып көріңізші. Осыдан-ақ трансфер жасау «Барсаның» қолы емес екенін түсінесіз.
Мұнан бөлек клубқа кімдер келмеді? Кевин-Принс Боатенг жүрді, Джейсон Мурильо доп тепті. Соңғы екеуінің клубқа келу мақсатын түсінбей жүргендер бар. Себебін басшылық та түсіндіре алмауы мүмкін.
Соңғы 11 жылда «Барселона» 44 трансфер жасаған. Соның 27-сі клубтан кетсе, екеуі арендада жүр. Келгендердің көсіле алмай, клуб құтыла алмай жүретініне не себеп? Спорт директор әлсіз бе, басшылықтың стратегиясы қауқарсыз ба?
Бапкер және Месси
Бартомеу саясатына көңілі толмай жүргендер көп. Себептің бірі –Вальверденің «Барса» тізгінін ұстауы. Эрнесто қорғанысқа көңіл бөлуді ұнататындардың қатарынан. Жанкүйерлерге жақпағаны да – осы. Энрикенің кезінде күш шабуылда болатын. Эрнесто қорғана жүріп шабуылдағанды жөн көреді. «Вальверде «Бильбаоның» деңгейіндегі бапкер. Бойында Чемпиондар лигасы рухы жоқ». Жанкүйер сөзіне соңғы 2 маусым дәлел бола алатын секілді. Төрт рет қатарынан ширек финалдан «Камп-Ноуға» қайту ауыр тиеді. Кінәні тек бапкерден емес, командадан көрген дұрыс-ау. Мессиге зәрулік, сырт алаңдағы салғырттық, психология. Барсаның бар кінәсі аталғандарда болуы мүмкін.
«Барсаның» артықшылығы да, осал тұсы да – Месси. Тәуелділік жақсылыққа жеткізбейтіні тағы бар. Құрамында Дембеле, Суарес, Коутиньосы бар команда Мессиді іздеп жүреді. Бартомеу «Мессисіз дәуірге дайындаламыз» дегеніне жыл болды. Нәтиже берген жоқ. Алаңда Месси барда «Барса» бойында қан жүреді. Жоқ болса, «Бильбаомен» өткен ойынның кебін киеді. Дәуірге дайындыққа клубқа Гризманн мен Де Йонг келгені әсер етпеді-ау дерсіз.
Ривалдо «Мессиі бар клубта еркін көсілу қиын» депті. Дембеленің жарақатсыз ойнауы, Суарестің әр матч сайын өзін көрсетуі, Гризманның алдағы әрекеті Мессиге байланысты болғаны ма?
Психология
Клуб ойыншысы Роберто бір сұхбатында «Чемпиондар Лигасы – психология мен дағдының қосындысы» деген еді. Демек, «Барселона» психологиясы әлсіз. Байқасаңыз, «Барса» сырт алаңда құрлықта қалған балық сияқты. Ауа жетпейді. Кеңістік тарылады. Жұлдыздар жиналған құрамда шеберлікке мін тағуға болмас. Себеп – психологиялық күйде. Сөзіміздің дәлелі – клубтың Чемпиондар лигасындағы жағдайы.
Соңғы 2 маусымда чл-де сырт алаңда клубты «жинай алмадық». Доп айырмасы айтарлықтай болса да, келесі кезеңге өте алмады. Жанкүйерді сан сұрақ мазалайды. Осындайда «ПСЖ-ға» жасаған камбэктің «күнәсін» өтеп жүр ме дерсіз. Болмаса, Тұранның еңсесін «басқаны» әсер етті ме? Осы маусымда еурокубокте жол болмаса Малкомның «көз жасы» жібермеді дер ме екен?