Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров қайтыс болды
Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров қайтыс болды
фото: ашық дереккөз
720
оқылды
Грек-рим күресiнен қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпiров қайтыс болды. Бұл туралы Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы хабарлады. "Грек-рим күресiнен тұңғыш Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек ерi, "Барыс", "Құрмет" "Парасат" ордендерінің иегері Жақсылық Әмiрәлiұлы Үшкемпiров ағамыз бақилық болды. Батыр ағамыздың Мәскеу Олимпиадасындағы ерлігiне биыл 40 жыл болып еді. Марқұмның барлық туған-туыстарына, отбасына, жора-жолдастарына, барша Қазақстан күресiнiң жанкүйерлеріне қайғырып көңіл айтамыз!", - делінген хабарламада.  width= Жақсылық Үшкемпіров 1951 жылы 6 мамырда Жамбыл облысы, Свердловск ауданы, Дихан ауылында өмірге келген. Грек-рим күресінің палуаны, спорт шебері (1971), Халықаралық спорт шебері (1975), Еңбек сіңірген спорт шебері (1980), алтын медаль иеленген қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы (Мәскеу, 1980), Әлем чемпионы (1981), әлем кубогының күміс жүлдегері (1982), екі дүркін Кеңес Одағының чемпионы (1975, 1980), Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.    width= 1974-1984 жылдары Қазақ КСР мемлекеттік спорт комитетінде нұсқаушы, 1984-1993 жылдары спорт мектебінің директоры, 1993 жылдан бері Алматы облысындағы "Жақсылық" спорт клубының директоры болып қызмет атқарады. 2017 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын алған. Жақсылық Үшкемпіров 70 жасқа қараған шағында өмірден өтті.