Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі
Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі
287
оқылды

Мемлекет басшысының Қарағанды облысына жұмыс сапары Жезқазғанда жалғасты. Қазақстан Президенті Kazakhmys Smelting ЖШС-нің Жезқазған мыс балқыту зауытының әлемдік сұранысқа ие түрлі өнім түрлерін шығаратын өндіріс цехтарының жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2018 жы­лы желтоқ­санда зауытта мыс өн­ді­рісін жылына 100 мың тон­наға арт­тыруға мүмкіндік беретін екінші кен қыз­дыру пеші таныстырылды. Пре­зидент зауыт жұмысшыларымен әңгі­мелесу барысында ел игілігі үшін сіңір­ген зор еңбектері үшін оларға ри­за­шылық білдіріп, мемлекет тара­пынан өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру шаралары жалғаса бере­тінін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Ұлы­тау – 2019» халықаралық туристік фору­мына қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев форумда сөйлеген сөзінде қа­зақ халқы үшін Ұлытаудың тарихи мәні мен киелілігін, сондай-ақ бұл қасиетті мекеннің этнографиялық, зия­раттық және экологиялық туризм­ді дамыту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өтті.

tbitr.JPG

– Ұлытау – ұлтымыздың алтын бе­сігі, тағы­лымды тарихымыздың куә­сі. «Үш жүздің басын қосқан Ұлы­тауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел би­леген хан­дарды ақ киізге көтеріп, тақ­қа отырғызған. Сон­дықтан біз Ұлы­тау жеріне хан ордасы, қазақ же­рі­нің кіндігі деп, ерекше құрметпен қа­раймыз! Қа­сиет­ті мекеннің қадір-қасиетін барша әлемге танымал ғұла­малар да мойындаған. Бұған әйгілі Геродоттың жазбалары дәлел. Ұлытау то­пырағы – алып тұлғалардың рухы то­­ғысқан жер. Халық бұл жерге Жо­шы хан, Алаша хан, Домбауыл кесе­не­лерін, Хан ордасы мен Әу­лиетаудай киелі орындарды көру үшін келеді, –­ деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік және отандық туристер үшін Қазақстанда тартымды жерлерді қалып­тастыру, сондай-ақ этнотуризмді дамыту жөнінде пікірімен бөлісті.

– Отандық туризмді өркендету үшін мы­надай бағыттар бойынша жұмыс жүргізу қа­жет. Ұлытау аймағы міндетті түрде Қазақ­станның туристер тарту картасының алдыңғы қатарында болуы тиіс. Бұрын жобаланған «Ұлытау» ұлттық табиғи паркін құру мәсе­лесін жүзеге асыру керек. Биыл мұнда турис­тер үшін арнайы орталық ашылуы тиіс. Бұл үшін облыс әкімдігі Үкіметпен бірлесіп, қазіргі көлік-логистикалық инфрақұ­ры­лым­ды қажетті тәртіпке келтіруі керек. Өңір туризм әрі демалыс аймағына айналуы үшін жолдардың сапасын жақсарту қажет. Жез­қазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл темір­жолдарының іске қосылуы – Ұлытау үшін өте маңызды. Теміржолмен қатар автожолдардың жағдайына көңіл бөлінгені өте қажет. Қы­зылорда – Жезқазған – Қарағанды – Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы жолдарды жедел ретке келтіру керек. Сонымен бірге, Арқалық – Ұлытау автожолының ахуалы күн тәртібінен түспеуі тиіс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның турис­тік әлеуеті мен оны дамытудың міндеттері туралы айта келіп, кәсіби кадрларды даяр­лаудың маңызына тоқталды.

– Ашығын айту керек, қазіргі отандық туризм индустриясы – кенже қалып келе жатқан сала. Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, бұл сала толыққанды дамымай отыр. Ал Қазақстанның барлық өңірінде туризм аймағы болуға лайықты киелі орындар жеткілікті. Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Ша­рын мен Көлсай барша жұрттың құнды­лығына айналуы тиіс. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Ясауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы бас­қа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі, яғни біздің заманымыздың талабы. Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұр­пағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қа­жет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Сон­дықтан еліміздегі туризм саласының қазіргі ахуалын түбегейлі өзгертетін уақыт келді. Бұл жұмыстарды Ұлытаудай қасиетті жерлерден бастауымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ұлытаудың киелі нысандары отандық және шетелдік турис­терді тартатын орындарға айналатынына сенім білдірді.


Ұлытау туристік мекенге, демалыс айма­ғына әрі ұлы бабаларға тағзым ету орталығына айналуы тиіс. Бұл өңірге қазақ тарихының символы болатын ескерткіш-ансамбль ор­нату қажет. Ұлытаудың тарихы мен тағы­лымын жастар тәрбиесі мен отаншылдық рухты дамытуға пайдалану керек, – деді Мемлекет басшысы.

Форум соңында Қазақстан Президенті Jezkiik халықаралық музыкалық фестивальдің концерттік бағдарламасын тамашалады. Қал­пына келтірілген ұлттық киімдер топтамасы мен шабандоздар шоуы ұсынылған этноауыл­ға барды.

Jezkiik II xалықаралық этникалық музыка фестивалі 22-24 тамыз аралығында Қарағанды облысының Ұлытау ауданында өтті. Музы­калық шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылды. Қонақтар мен қатысушылар үшін Болатсай мекенінде төрт аумақтан тұратын үлкен этноауыл құрылды.

Бұл аумақтардың басты музыкалық ауылында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қонақ болды. Салтанатты шоу ат құлағында ойнаған Nomad stunts каскадерлер тобының қойылымымен басталды. Одан кейін саxна төрінде «Тоқырауын толқындары» (Қа­зақстан), Hassak (Қазақстан), Moresca Nova (Италия), Carmen Guerrero Flamenco (Испания), Serbian Abrasevic band (Сербия), Dunaj banda (Венгрия) ансамбльдері өнер көрсетті. Сонымен қатар Айгүл Үлкенбаева, Жанғали Жүзбаев, Айгүл Қосанова, Ұлжан Байбосынова, айтыскерлер Аманжол Әлтаев пен Сара Тоқтамысова, шетелдік фольклор­лық ансамбльдер ән шырқады.

– Шараның ұйымдастырылуы керемет. Барлығынан бұрын бұл фестивальдің табиғат аясында, арнайы салынған ауылда өтіп жат­қаны қатты ұнады. Италияда біз мұндайды ешқашан көрген емеспіз. Жергілікті ұлттық тағамдардан да дәм татып көрдік. Ол өте ерек­ше екен, дәмі керемет. Сонымен қатар мен домбырада ойнап көргім келеді, – дейді Ита­лиядан келген музыкант Пьетро Маскиандаро.

Этноаумақта «Ұлы дала жаңғырығы» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдас­тырылды. Онда былғары, киіз, ағаштан және басқа да материалдардан жасалған бұйымдар келтірілді.

Тамақтану аумағында қонақтар үшін ұлттық тағамдар әзірлеу бойынша шеберлік-сыныптар ұйымдастырылды. Кез келген ниет білдіруші көшпенділердің ұлттық тағамын әзірлеуді үйреніп, өңірдің үздік аспазда­ры даярлаған тағамнан дәм татып, дала xалқының ас мәзірлері туралы тереңірек ақ­парат алды.

– Біз бүгін қазіргі уақытта әзірлене қой­майтын қазақтың бес тағамын дайындаймыз. Оның негізгісі – бидай көже, бұл барлық отба­сына арналған көктемгі тағам. Осы та­ғам­мен қазақтар алты ай қыстың аяқталғанын атап өтіп, барлық ағайынның басын қосқан. Әркім өз үйінен қыстан қалған сүр еттерін алып келген. Бұл сусынның құра­мын­да үш негізгі құрам болған: ет, сүт өнімдері мен дәнді-дақылдар. Оны келесідей әзір­ле­ген: етті әбден кептірген, сүрлеген, тобылғы­мен отта ыстаған. Осы етті қайнатқан сорпаға құрт, қатық, айран және бидай мен жүгері қос­қан. Бүгін біз сондай-ақ қарын көмбе та­ғамын дайындаймыз. Ол мал бағатын бақ­ташыларға арналған. Мұнда қойдың қарнына ет салып, өзінің сөліне қайнатқан. Қарын бүрме – бүгінгі ерекше тағамдарымыздың бірі. Негізгі тағам дайын болғанша, балаларға арналып ет қайнатылған. Бұл тағамды қарын бүрме деп атаған. Бүгінгі ас мәзіріміздегі соңғы тағам – төңкерме. Бұл – жарыс қазан ырымына арналған тамақ. Оны жуырда ғана босанған әйелге арнап, бидай мен майдан жасаған, – дейді Ұлттық музей жанындағы «Халық казынасы» ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының материалдық емес мәдени мұра бөлімінің жетекшісі Әйгерім Мұсағайжинова.

Әріптестерімен бірге олар 200-ден астам ұлттық қазақ тағамын жандандырған екен. Олардың көбісін қазіргі таңда мейманxаналық ас үйлерге бейімдеуге тырысуда.

Jezkiik этноауылында спорттық аумақ та болды. Мұнда асық ату, қол күрес, қазақ­ша кү­рес, тоғызқұмалақ және басқа да ұлт­тық спорт түрлері бойынша сайыс өтті. Жеңім­паздар үшін фестивальдің белгісі бар арнайы грамоталар мен медальдар табыс етілді. Айта кетейік, Jezkiik фестивалі Қарағанды облысы аумағында екінші рет өтіп отыр.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы