Айдос Сарым, саясаттанушы: Партия қуатты болса, мемлекет те қуатты
Айдос  Сарым,  саясаттанушы:  Партия қуатты болса, мемлекет те қуатты
251
оқылды

Nur Otan партиясы саяси кеңесінің отырысында Елбасы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар жаңа міндет жүктеді. Осыған орай белгілі саясаттанушы Айдос Сарыммен сұхбаттасып, партияның алдағы міндеттері жайлы ой-пікірін сұраған болатынбыз.

– Nur Otan партиясы саяси кеңесі отырысында көтерілген мәселелерді бір кісідей білесіз. Осыған орай білдірер пікіріңіз қандай?

– Ең басты мәселе – партияға деген жалпы көзқарасты өзгерту керек. Елдегі саяси партия жүйесін тың жолға қою, реформалау қажеттігі туындап тұр. Осы өзгерісті Nur Otan өзінен бастап, біз бүгінгі күннен бастап шынайы партияға айналуымыз керек. Біз шенеуніктердің тобы емеспіз, биліктің қолшоқпары емеспіз, біз – өзіндік құндылығы, идеологиясы бар, белгілі бір мақсат-мұраты бар партияға айналуымыз керек деген сөзді айтуы қажет. Осындай бастамасы, мақсаты арқылы басқа партияларға да үлгі болуы керек. Партия – сайлау кезінде ғана оянып жұмыс істейтін құрылым емес. Олар кәдімгі құндылық тарататын, белгілі бір идеологияны жақтайтын үлкен дүниеге айналуы керек деген мәселе бар. Партия сөзінің шығу төркініне қарайтын болсақ, «бөлік» деген мағынаны береді. Бірақ шындап келгенде, партия – елді бөлетін емес, елді біріктіретін ұйым. Осыны ұғынып алуымыз керек сияқты. Азаматтар ортақ құндылықтардың айналасына топтасып, игілік жолында қызмет етеді. Яғни, стратегиялық бағыттың сабақтастығын қамтамасыз ету үшін бәрі партия маңына топтасқаны дұрысырақ. Жалпы масштабпен алғанда, Nur Otan ел мен халық тағдыры үшін өзіне жауапкершілік жүгін алады. Партияны «қайта жандандыру» бойынша қолға алынған шаралар уақытылы және өте өзекті деп ойлаймын.

– Сіз айтып отырған сенім биігінен көрінуге партияның мүмкіндігі жете ме? Сіздің пайым не дейді?

– Жаңадан келген саясаткерлердің осы мәселеге деген кездегі мұратшылдығы, қажет болса белгілі бір дәрежеде атқарушы билікпен де сөзге келіп, текетіреспесе де өз позициясын айқын ұстануы – оларды биікке жетелейді. Әрине, ел ішіндегі жағдайларды да ескеру керек. Көптеген жағдайда бізде негатив пікір толқыны басым. Популистік ойлар көбірек. Осының арасынан жол тауып шыға білуі, қоғаммен сөйлесе білуі, тайталастан, пікірталастан қашпай, керісінше дискуссияның өзіндік форматтарын ұсына білуі партияның басты артықшылығын көрсетпек. Партия басшылығы бұған дайын болса, қоғам да біршама дайын.

– Кез келген нәрсе өз сала­сында үздік болуы үшін оған бәсекелес керек. Осы орайда, Nur Otan партиясына еліміздегі өзге саяси ұйымдар бәсекелес бола ала ма?

– Бұл еліміздегі саяси пар­тиялар туралы, сайлау туралы заңға байланысты болса керек. Көптеген партия теледидарға, БАҚ-қа шығатын мүмкіндіктер жоқ деп жатады. Осындай мә­селеге Nur Otan мұрындық бола ала ма, бола алмай ма деген сауал туады. Мәселен, бас партия еліміздегі жетекші арна­лардың эфиріне еркін шыға алады. Соны пайдаланып, телересурстар ар­қылы жаңа форматты жобалар, жаңа пікірталастар ұсынса, онда саяси бәсекелестік пайда бола бастайды.

Партия – биліктің қасындағы нотариалды кеңсе емес. Сондықтан шын мәніндегі елдің ішіндегі жағ­дай­ға терең бойлап, нық сезініп, со­­ған кез келген уақытта еркін жа­уап бе­ре алатын беделді саяси ұйым бо­луы қажет. Ондай деңгейге көтере ала­­тын мықты тұлғалар да керек. Солар партия қатарын толықтыруы тиіс.

– Елімізде түрлі әлеуметтік жағдай болып жатыр, өз ренішін айтып жатқандар да жетерлік...

– Иә, ондай адамдардың бар екені рас. Бірақ ренжіп жатыр екен деп халықпен сөйлеспей қоюға тағы болмайды. Ақы­рындап айтып, тү­сіндіру керек. Биліктің көп жағдайда жіберетін қателігі қандай? Ол – жа­уап­кершілік деген нәрседен тай­қып кетуі. Жақсы нәрселерді ием­дену тұр­ғысынан тым жақсы тә­жі­рибе жи­нап қалдық. Ал пробле­ма­лар­ға кім назар ауда­рады? Жалпы, ел­дегі көптеген ірі мәселе бойынша тал­қы­лау жасаудың мәдениеті жоқ. Ше­шуді былай қойғанда. Сондық­тан партия айтатын жерде тиісті әңгімені айтып, жауапкершілікті өз мойнына алып, білек сыбана іске кіріссе, біраз түйткілдің түйіні тар­қа­т­ылар еді. Осындай ұстаным мен тү­сінік-пайымды қалыптастыру қажет.

– Яғни, халықпен тікелей диалог жасаудан қашпағаны жөн дейсіз бе?

– Партия – биліктің қа­сын­дағы нотариалды кеңсе емес. Сон­дықтан шын мәніндегі елдің ішін­дегі жағ­дай­ға терең бойлап, нық сезініп, со­­ған кез келген уа­қытта еркін жа­уап бе­ре алатын беделді саяси ұйым бо­луы қажет. Ондай деңгейге көтере ала­­тын мық­т­ы тұлғалар да керек. Солар пар­тия қатарын толықтыруы тиіс.

– Бір партияның бүкіл елдің тағ­ды­рына жауапты болып оты­руы әлем­дік тәжірибеде де ұшырасады ғой...

– Әрине. Кезінде Швеция­ның Социал-демократиялық партиясы елді елу жылдай бас­қарды. Жапо­нияда әлі басқарып келе жатыр. Әр елдің өз дәс­түріне, саяси жүйесіне сай қа­лып­тасқан түрлі тәжірибесі бар. Ең бастысы – демократиялық жол­дармен расталған, дәлел­денген, әділ сайлау, тағы басқа факторлар ар­қылы негізделген дүние ғой. Бұл де­генің моно­полизм құру емес, ол – шын мә­­ніндегі демократиялық инс­ти­туттардың бүкіл әлеуетін пайдалана отыра өз жолыңды дәлелдей білу деген мәселе. Қо­ғамның қолын байлап қойып, біз айтқандай жүр деген сөз емес. Шын дәлелдеу, бәсекелестік, шынайы үлкен дискуссиялар. Міне, осы нәрсе арқылы еркіндік те, табыс та келеді. Жалпы, Nur Otan партия­сында елдегі саяси тұрақтылық пен өрлеуді толық қамтамасыз ете алатын қажетті ресурс бар. Әрине, өзгерістер кезеңінде саяси партия­лар қа­шанда ерекше маңызға ие бол­ған. Өзгерістер табалдырығында тұрған сәтте саяси талас-тартыс та туындайды. Міне, осындай тартыс кезінде Nur Otan-ның алдыңғы шеп­те тұрардай мүм­кіндігі бар. Пар­тия қуатты болса, елдің саяси күн тәртібін қалып­тастыруға да әсер ете алады.

– Саяси кеңес отырысында тағы бір айтылған мәселе – сай­лауға пар­тиялық тізім бойынша қатысу жайы. Яғни, пропорцио­налды жүйеге ұмты­лу. Біреулер можаритарлық жүйені де қалдыру керек, тіпті екеуін тең қол­дану керек деп жатыр. Сіз не айтасыз?

– Өз басым пропорционалды сайлау жүйесін қолдаймын. Егер шынайы демократиялық сайлау болса, солтүстік өңірлерде кім же­ңіп, кім жеңбейтіні тағы да түсініксіз нәрсе. 2000 жылдардың бас кезінде бір қаланың мәсли­хатындағы 22 мүшенің 19-ының Ресейге қосылу керек деп үндеу жазғанын да көр­генбіз. Мұндай да мәселе жоқ емес... Ал қазақы аймақтарда, әсіресе, оңтүстік өңірлерде мәслихат сай­лауы – рушылдықтың жарысына айна­лып кеткенін де тағы көзімізбен көргенбіз. Осы тұрғыдан алғанда саяси жүйені ары қарай дамыта отыра, мәжіліс пен мәслихат­тарды пропорционалды жүйе­мен, ал сенаттың сайлауын мо­жа­ритарлы жүйеге ауыстыруға болатын шығар. Өйткені елімізде дәл қазір халық сайлайтын бір ғана қызмет қалды, ол – Прези­дент. Бәлкім, келешекте сенатор­ларды халық сайлап жатса де­ген ой бар. Аймақтың пробле­ма­сын білетін, ертеңгі күні сол мәсе­лені республикалық деңгейде кө­тере алатын азаматтар сайлауға түссе. Мәселен, АҚШ-та 30-40 жыл отырған сенаторлар бар. Қандай жағдайда халық оларға сенеді, өз штатының абыройын қор­ғайтынын жақсы біледі. Бәл­кім, уақыт өте келе соған келе­тін шы­ғармыз. Әрине, мұ­ның бәрі – алдағы уақыттың ша­руа­сы. Дегенмен тартынып отыра бермей, біртіндеп бастап көре берген дұрыс. Қызметке бар­ғаннан кейін жергілікті аудан немесе облыс әкі­мінің зығыр­данын қайнатып, қызметіне толық бақылау жасауға да мүм­кіндігі бар. Оппозициядағы не­месе демократиялық ортадағы кей азаматтар можаритарлы жүйе тиімді деп ойлайтын болса, тағы да қателеседі. Адамдарды тарту жөні­нен, өз жақтастарына айналдыру тұрғысынан биліктің қабілеті өте жоғары. Сондықтан қайта осын­дайды пайдаланып, аудан мен об­лыс­тарға жету өте маңызды. Өйткені Қазақстанның қайнаған өмірі ай­мақтарда жүріп жатыр. Қазақстанда ешқашан саяси күш «мінеки, біз облыстың балама бюджетін жа­садық», «қаланың денсаулық сақтау бағдарламасын» жасадық деген емес. Тарихта болған жоқ мүлде. Сондықтан ғарышты игеру, әлем­дік құндылықтар дегенге бас ауырта бермей, өзіміздің өңір­лерімізге мән беріп, соларға бет бұруымыз керек. Сондықтан партия аудан, ауыл деңгейіне дейін түсуі керек. Бұл ретте өңір­лердегі адамдармен жұ­мысты күшейту керек. «Бас­тауыш ұйым­дар» партияластар­дың тығыз қарым-қатынас жасайтын ор­ны­на айналуы тиіс. Партия мүшелері нақты мәсе­лелерді туындаған же­рінде бірлесе отырып шешуі тиіс. Сол себепті, пропорцио­налды сай­лаудың бізге берері көп. Біз де сол жүйеге бейім­делгеніміз жөн. Өйт­кені партияның атқару­шы билікке қуатты ықпал ету тетік­тері бар. Ол бұларды пайда­лануы тиіс және қолданады да.

– Әңгімеңізге рақмет.

 

Сұхбаттасқан
Абай АЙМАҒАМБЕТ