Ескі үкіметке жүктелген негізгі міндеттің бірі – жатақхана жетіспеушілігін шешу еді... 2019 жылдың 21 ақпан күні Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметті отставкаға жіберді. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы Үкіметтің жұмысына біршама сын айтылды. Сарапшылардың айтуынша, елдің жалпы ішкі өнімі шикізат есебінен ғана өсіп, үкімет пен ұлттық банк тарапынан экономиканы сапалы түрде дамытуға нақты әрекеттер жасалмаған.
Ең алдымен, ескі үкіметке жүктелген негізгі міндеттің бірі – жатақхана жетіспеушілігін шешу еді. Елбасы өзінің «Бес әлеуметтік бастамасында» студент жастардың жатақхана жағдайын жақсартуды тапсырған-ды. Аталған тапсырма бойынша Үкімет 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арналған 75 мың орынды жатақхана салуы керегі айтылған.
Расын айтқанда, жатақхана тапшылығы үлкен қалалардағы студенттерді тығырыққа тіреп отырғаны анық. Студенттерге орын тапшылығы жағынан алғанда 56 пайыз көрсеткіш Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласына тиесілі. Мәселен, елордамыздағы 32 жатақханада 14 мың студентке ғана орын бар. Ал бас шаһарда 88 мың жас білім алып жатқанын есепке алсақ, 66 мың шәкірт пәтер жалдауға мәжбүр екенін байқау қиын емес.
Еліміздегі үлкен мегополис Алматыда жатақханадағы орын санын шәкірт басына шаққанда 3 студентке бір орыннан тиеді екен. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, еліміз бойынша 2017/18 оқу жылында 462,2 мың студент білім алған болса, соның 40 пайызы – еліміздің әр өңірінен келгендер. Яғни, бір ғана оқу жылының өзінде 200 мыңның үстінде шәкірт жатақхана мұқтаждығын тартады деген сөз. Биыл студенттердің саны былтырғы оқу жылындағы көрсеткішке қарағанда 9,3 пайызға көбейген.
Елімізде әр өңірдегі филиалдарын қоса есептегенде 128 жоғары оқу орны жұмыс істеп тұр. Алайда жатақхана мәселесін 100 пайыз шешіп, шәкірттерін жатын орынмен қамтамасыз ете алмай отыр. Көп оқу орындары 90-жылдары өз меншігіндегі нысандарынан айырылып қалды. Студенттер үйінің ғимараттары сатылып, кейбірі жекешелендіріліп коммерциялық нысандарға айналып кетті. Сондықтан ел үкіметі алдағы он жыл ішінде Студенттер үйінің құрылысына деп 118 млрд теңге қаржы бөлмек.
Бағдарламада көрсетілгендей, жатақхананың 1 шаршы метрінің құны 450-500 доллардың көлемінде болмақ. Орта есеппен алғанда 1 жатақхананың құрылысына 1,3 млрд теңге жұмсалады деп жоспарланған. Дегенмен жатақхана құрылысын жүргізу оңай жұмыс емес. Жобалау-сметалық құжаттама, оның сараптамасы, интерьер жұмыстарын қоса есептегенде бір жатақханың құрылысына кем дегенде 2 жылдай уақыт керек. Ендеше, енді үш жыл ішінде 75 мың орындық «студенттер үйін» салып үлгеру ісі де үкіметке үлкен сын болғалы тұрғаны анық. Дегенмен елімізде «7 – 20 – 25» бағдарламасы қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Тек 2017 жылдың өзінде бағдарлама аясында 11 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл еліміздің құрылыс саласындағы рекордтық көрсеткіш болғанын айтуға тиіспіз. «Нұрлы жер» бағдарламасы да жүзеге аса бастады.
Экс Премьер екі жарым жылда бірқатар ауқымды мемлекеттік жобаларды қолға алғанымен жүзеге асыру барысында түрлі кедергілерге тап бола берді. Оған жоғарыда өзі айтқан уәдесінен шыға алмауы басты себеп болса керек. Ең алдымен, үкімет мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асырудың орнына, пайдасыз жиындармен шектеліп қала берді. Мәселен, 2018 жылы Қазақстанда өткізілген халықаралық және республикалық, облыстық форумдардың саны 70-тен асып кеткен. Бұл – ұсақ-түйек басқосулар, дөңгелек үстелдерді қоспағандағы тек форумдардың есебі. Бұрынғы Үкіметке Қазақстанды шикізат экспорттаушы елден, өндірістік елге айналдыратын қадамдар жасау міндеті жүктелді. Бірақ еліміздің ЖІӨ көрсеткіші шикізат экспортынан түсетін қаражатқа тәуелді болып қала берді. Жоспар бойынша өндірістік сектор ЖІӨ-нің 13 пайызын құрауы тиіс болатын. Алайда іс жүзінде көрсеткіш 2017 жылы 12 пайызға әрең жетті. Дамыған елдердегідей инфляция мен ұлттық валютаның құнсыздануы экономиканың әртүрлі секторының өнімділігінің артуынан немесе кемуінен емес, сол баяғы мұнай бағасына байланып қалды. Елбасы мұның барлығын Үкіметтің тиімсіз экономикалық саясат жүргізгенінен болды деп қадап айтқан болатын. Үкіметті таратуға тағы бір себеп – әлеуметтік мәселенің түбегейлі шешілмеуі. Халықтың әлеуметтік жағдайы төмен бөлігін қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар құжат жүзінде бекітіліп, айқындалғанымен оны орындауға келгенде іс ақсай берді. Жоғарыдан бағытталған қаражат нақты адреске жетпеді. Осының кесірінен елімізде көпбалалы аналар мәселесі ушыға түсті.
Таяуда өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгін біз Премьер-министр баяндамасынан сайлауалды уәденің 70 пайызы орындалғанын естідік. Тағы 30 пайызы қалып отыр. Оларды саралау қажет», – деп оны сараптауды партияның Мәжілістегі фракциясына қадап тапсырды. Осыдан-ақ жыл аяғына дейін Үкіметке жүктелер міндеттің жүгі ауыр екенін бағамдай беріңіз.