Фракция батыл болуы тиіс
Фракция батыл болуы тиіс
322
оқылды

Павлодар облысы Nur Otan партиясы филиалының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынды Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Болат Бақауов жүргізді.

Талқылауды кіріспе сөзімен ашқан Болат Жұмабекұлы саяси кеңестің маңыздылығы туралы айта келе, партияны қайта жан­дандырудың негізгі бағыттары мен Nur Otan партиясы облыстық филиалының міндеттеріне тоқталды.

– Баршаңызға мәлім, жақында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лығымен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген оты­рысы өткен болатын. Онда партия бағдарламаларын жүзеге асыру барысы және алдағы кезең­дегі жұмыстың басым бағыттары қаралды. Кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық өзгерістерге байланысты партия алдында жаңа әрі күрделі мін­деттер тұрғанын баса айтты, – деді Болат Бақауов.

Жалпы айтқанда, партияның облыстық филиалы Саяси кеңе­сінің кеңейтілген отырысында бірнеше маңызды мәселе қаралды. Облыс әкімінің орын­басары Асхат Оралов әлеуметтік салада мемлекеттік бағдарлама­лардың облыс көлемінде іске асы­рылуы туралы баяндама жаса­ды. Өз кезегінде Ақсу ферро­қо­рытпа зауытының балқытушысы, партияның саяси кеңесінің мүшесі Ардақ Аталықов бастауыш партия ұйым­дарының рөлін жандандыру туралы баяндады.

– Кеңесте нақты міндеттер қойылып, партияның белсенді мүшелерін топтастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, биліктің барлық деңгей­леріндегі партиялық жауапкерші­лікті арттыру, қоғамға деген се­німді нығайту және жан-жақты үнқатысудың нақты тетіктері туралы тапсырмалар берілді. Көп нәрсе төра­ға­лардың жұмысына, олар­дың әр партия мүшелерімен диало­гына, мәселелерді жергі­лікті жерде шешуге немесе ұсыныстар енгізуге ұмтылысы мен қабілетіне байланысты, – деді ол.

Отырыста парламенттік фракция жетекшісі Айман Оспанова Nur Otan партиясының облыстық мәслихаттағы пар­ламенттік фракциясының жұмы­сына қысқаша тоқталды.

– Депутаттардың назары облыс халқын толғандыратын мәселелерге: сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге, ауылшаруа­шылық жерлерін тиімді пайда­лануға бағытталуы керек. Кәсіп­керлікті қолдау және дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын іске асыру мәселелері де негізгі орын­да. Ассамблея отырыс­та­рының нәтижелері бойынша құзыретті мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар жасалды, осылайша жұмыспен қамту мәсе­лелерін талқылау кезінде көпбалалы ана­ларды және мү­гедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарды үйде жұмыспен қамту туралы ұсыныстар айтылды. Сөз соңында айт­пағым, партияға деген көз­қарас аймақтарда жергілікті жер­лерде қалыптасады және біздің сайлау алдындағы уәде­леріміздің сәтті орындалуы бар­лық дең­гейдегі депутаттардың тиімді жұмысына байланысты, – деді Айман Қайыркенқызы.

Жиында аймақ басшысы мәслихаттың барлық деңгейдегі депутаттық фракциялардың рөлін күшейтуді тапсырды. Болат Жұмабекұлы партия Төра­ғасының «Фракция батыл болуы керек, сол кезде ол беделге ие болады» деген пікірін мысалға келтіріп, партиялықтарды батыл жұмыс атқаруға шақырды. Отырыс соңында Nur Otan пар­тиясының облыстық филиалы бюросының және саяси кеңесінің құрамына өзгерістер енгізілді.


Әбілмансұр ЖАСАН