Праймериз қоғамға қандай өзгеріс әкеледі?
Праймериз қоғамға қандай өзгеріс әкеледі?
242
оқылды
Онлайн конференцияда еліміздегі әлеуметтік-саяси жағдай мен «Nur Otan» партиясының праймеризі қо­ғам­да эволюциялық өзгерістер жасаудың бағыт-бағдары талқыланды. Жиынға «Nur Otan» партиясының хатшысы Әлібек Әлденей қатысты. Оның ай­туынша, еліміздегі әлеуметтік-саяси жағдайды жақсарту, экономиканы да­мыту үшін әрбір азаматтың ұсыныс-пі­кірі, тың бастамасы өте өзекті. Елдің ер­теңі үшін, қоғамның дамуына атса­лы­сатын жастарға «Nur Otan» пар­тия­сының праймеризіне белсенді қаты­суға мүмкіндік беріліп отыр. Елдегі ахуал мен праймеризді өт­кізу мәселесін Талдықорған қаласынан қатыс­қан блогер Дана Ерікқызы, Ш.Кұдайбердіұлы атындағы мектеп ди­ректоры,  тарих ғылымдарының кан­ди­даты Әділ Сайлаубек, Uzym.kz сай­ты­ның бас редакторы, Nur.kz-тің жур­налисі, блогер, медиа-волонтер Әлия Әбсеметова, Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік университеті Гуманитариялық факультетінің де­каны, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Төлемісов және тағы бас­қалар жан-жақты талқылады. Кон­фе­ренцияны белгілі саясаттанушы Ерлан Саиров жүргізді. Онлайн форматтағы жиында алда өтетін праймеризде ай­мақтарда қамтылатын мәселелер тал­қыланды.  

Праймериз – жастарға берілген мүмкіндік

«Nur Otan» партиясы жақ­тастары­ның zoom-конференциясында Ш. Кұ­дайбердіұлы атындағы мектеп ди­ректоры,  тарих ғылымдарының канди­даты Әділ Сайлаубек «Nur Otan» пар­тиясының праймеризі елімізде эволю­циялық өзгерістер жасауға бағыт-бағ­дар бола алуы керек деген пікірін біл­дірді. Оның айтуынша, елдің әлеуметтік-экономикалық өмірін жақсарту үшін жас­тардың қоғам өміріне ықпалын арт­тыру өте маңызды. Себебі білімді, бір­н­еше шет тілін меңгерген жастардың әлеуетін әлі де толық пайдалана алмай отыр­мыз. «Жергілікті жерлерде жас­тар­дың үлесі аз. Шығыс Қазақстан  об­лысы бойынша зерттеу жүргізіп, жас­тардың қоғамды дамытуға үлес қосу­ға ықпалын анықтадық. Байқа­ғанымыз, аймақта әлі де жасы келген ше­неуніктер жастарға мүмкіндік бер­мейді. Әкімдер әлеуметтік желіде істе­ген жұмысын жарнамалаймын деп,  ке­рісінше халықтан алыстап кеткендей көрінеді. Олардың қағаз жүзіндегі есеп-қисабы іс жүзінде орындалғанына ел күмәнмен қарайды. Дұрысында, сенбейді», – деді ол. Содан кейін айрықша назар ау­дара­тын мәселе – жергілікті жерде әкім­қаралар халыққа адал қызмет ететін азаматтардың алдын орап кетеді. «Біз осы мәселенің мәнісін түбегейлі зерт­тегеніміз жөн. Бұл мәселе, әсіресе ай­мақ­тарда өте өзекті. Идеясын айтып, жаңа жобаны іске асырамын деген жас­тарды уақыт өте мүлдем таппай қаламыз. Себебі халық үшін қызмет ете­мін дейтін жастардың тауы шағы­лып, қасаң қағидамен жүретін жүйеден көңілі қалған. Сондықтан тәуелсіз ой­лайтын жастардың пікірімен санасып, озық идеяларды қоғамда пайдалана білуіміз керек деп ойлаймын», – деді Әділ Сайлаубек.  

Кез келген мәселе ашық талқыланып, шешімін табуы тиіс

«Nur Otan» партиясы жақтас­тары­ның zoom-конференциясында Uzym.kz сайтының бас редакторы, Nur.kz сай­тының журналисі, блогер, медиа-волонтер Әлия Әбсеметова мемлекет сая­сатын нәтижелі жүзеге асыруда қо­­ғамның барлық мүшесі белсенді ат­са­лысуы қажет деген ойымен бөлісті. «Ең бірінші халықпен тікелей бай­ланыс орнатуды жүйелеген жөн. Кері бай­ланыс орнатудың маңызы зор. Се­бе­бі қазір ел ішінде жергілікті халық проб­лемасын әлеуметтік желі арқылы жеткізеді. Жанайқайына жаппай халық назар аударса ғана шешілетініне көзі же­тіп отыр. Жергілікті шенеуніктерге арыз-шағымын айтып барса, шенеу­ніктер қарапайым тұрғындардың проб­лемасына салғырт қарайды. Әр ауыл, ай­мақтың проблемалары қордаланып, уақытылы шешімін таппаған соң жи­на­лып қоғамда дау-дамай тудырады. Жер­гілікті шенеуніктердің салғырт­тығы, ауыл тұрғындарының проблема­сына немқұрайды қарауы халықты ашу-ызасын келтіреді.   Сондықтан елдің айтарын тыңдап қа­на қоймай, оның проблемасын ше­шуде кері байланыстың жолдарын жетілдіру керек. Белгілі бір мәселенің ше­шімін тапқанына ел соңына дейін көз жеткізбесе, сенбейді», – деді Әлия Әбсеметова. Оның айтуына  қарағанда, партия­ның праймеризі туралы Жетісу жас­тары әлеуметтік желіден біліп, хабардар болып жатыр. Қоғамдағы кез келген проб­лемаға бейжай қарауға болмайды. Әрбір мәселе дер уақытында, уәде бер­ген кезінде шешілсе, елдің жергі­лікті билікке деген сенімі артады. Сол үшін елі­міздегі саяси, әлеуметтік, экономи­калық өзгерістерге әрбір азамат өз пікірін айтып, үлесін қосуы керек. «Алдағы уақытта өтетін «Nur Otan» партиясының праймеризі халықтың тұр­мысын түзейтін қозғаушы күшке ай­налса, біз мақсатқа бірге жетеміз. Қыруар қаржы бөлініп, жүзеге аспай қалған жобаларды сыннан қорытынды шығарып, соңына дейін жеткізуге атсалысайық. Елдің тұрмысы түзелсе, әлеуетіміз артады. Экономиканың да­муына оң ықпал етеді. Халық үшін адал қыз­мет ететін жастарға мүмкіндік бе­рейік» деп ойын қорытындылады Әлия Әбсеметова.  

Халыққа сөзі өтетін жастар праймеризге қатысуы керек

Ал zoom-конференцияға Алматы об­лысы Талдықорған қаласынан қа­тыс­қан блогер Дана Ерікқызы прай­мериз­ге елмен етене жақын жұмыс іс­тей алатын, халық алдында беделді аза­маттардың қатысқаны жөн деген пікірін білдірді. «Әрбір сөзін халыққа анық, ашық айтып, проблеманы жергілікті жерде: ауыл, аудан, қала, облыс деңгейінде ше­ше білетін әкімқаралар көп болуы тиіс. Қазір ел проблемасын әлеуметтік желі арқылы айтқанды жөн көреді. Се­бебі жергілікті басқарушы орган­дар­дың жұмысына ел сенбейді. Жұмысы көңіл көншітпейді. Аудан, қала, ауыл аймақта шешімін таппаған мәселе әлеуметтік желі арқылы басшыларға тез жетеді. Өйткені аймақтарда әкімнің қабылдауына барған адам оған проб­лемасын айтып, есігінен кіре алмайды. Сондықтан жергілікті шенеуніктер халықтың сенімінен шығуы үшін әлеу­меттік желінің де жұмысын жан-жақты мең­геруі тиіс. Праймеризге қатысып, елдің мұң-мұқтажын билікке жеткізуге ты­рысамын», – дейді блогер.  

Аймақтарда халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік меке­ме­лер­дің  жұмысын жандандыру қажет

«Nur Otan» партиясы жақтас­тары­ның zoom-конференциясында Жан­сүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік уни­верситетінің Гуманитариялық фа­культетінің деканы, тарих ғылым­дары­ның кандидаты Амангелді Төлемісов елімізде жүзеге асуы тиіс жобалар мен билік тарапынан берілген тапсыр­ма­лардың дер кезінде жүйелі орындалмай жататын себептеріне тоқталды. Амангелді Төлемісовтің айтуынша, ха­лықпен тікелей жұмыс істейтін мем­лекеттік мекемелердің жұмысын жүйе­леп, реттеу керек. «Сол кезде ғана әлеу­­меттік, экономикалық пробле­ма­лар өздігінен, рет-ретімен шешіледі. Қазіргі уақытта «билік пен атқарушы органдар қайтсе халықтың сенімінен шығады» деген мәселені шешу жолда­рын жан-жақты қарастырған абзал. «Nur Otan» партиясы халықтың пар­тия­сына айналуы тиіс», – деді А.Төлемісов. Амангелді Төлемісовтің ойынша, аймақтардағы халықпен етене жақын жұ­мыс істейтін мемлекеттік органдар­дың қызметі бәсекеге қабілетті болуы өте маңызды. Ол үшін жастарға мүм­кіндік көп. Праймеризде қоғамда қа­тып қалған сеңді бұза алатын, тың идея­ларымен елдің әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға жол бастайтын жастарға орын беруіміз керек. «Ұлтқа қыз­мет ету – білімнен емес, мінезден» деп Әлихан Бөкейхан текке айтқан жоқ. Жемқорлық жайлаған қоғамда өсіп, оқыған жастар қазір де сол жүйе­нің нақ ортасында жүр. Күрмеуі қиын мәселені шешуге жемқорлық кедергісін келтіреді. Азат ойлы жастардың аяғына тұсау салады. Сондықтан азат ойлы жас­тарға праймеризде мүмкіндік бер­ген дұрыс. Елдің ертеңі – жастарға се­нім артамыз. Ал жасы келген тәжіри­белі мамандар жастарға жол көрсетіп, келе­шек ұрпаққа жөн сілтеуі тиіс.  

Майра ЖАНЫСБАЙ