Елбасы маркетингтік коммуникацияларды тиімді ету үшін туристік аймақтарды белгілеп берген болатын. Яғни, елімізде қай аймақтарда туризмді дамытқанымыз дұрыс екені анықталған. Алдағы уақытта сол жерлерді барынша танымал етіп, турист үшін тартымды ету қажет. Нұрсұлтан Назарбаев Алматының тау кластері, Нұр-Сұлтан қаласы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы, Түркістан, Алакөл, Маңғыстау, Баянауыл, Балқаш және Шалқар-Имантау курорттық аймағын атап өтті. Соның ішінде еліміздің бас қаласын барынша жақсарту керек. Өйткені туризм саласы ақсап тұр.
Қазақстан астанасы Еуразия континентінің дәл жүрегінде орналасқан. Мұның өзі – мол мүмкіндік. Себебі, Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінің ірі әуетүйіндерімен тікелей байланысы бар. Туристік әлеуетті жақсартуға мүмкіндік бола тұра, әлі күнге дейін межеге жете алмай келеміз. Жалпы алғанда Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның туризм рейтингінде 136 елдің ішінде 81-орында. «Инфрақұрылым тұрғысынан алғанда шешілуі тиіс бірнеше мәселе бар. Мұны Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп реттеу қажет. Яғни жол, канализация, дәретхана сынды инфрақұрылымдық мәселелер бары белгілі. Мемлекет қабылдаған туристік саланы дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингінде көтерілуіне әсер етеді деп ойлаймын. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 триллион теңге бөлінді. Осы мақсатта жобалық құрылым құрылды», – дейді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы басқарма басшысының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев.
Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 2018 жылдың І тоқсанында Қазақстанға 784 мың турист шеттен келген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 405,6 мыңға көп. Сонымен бірге, ішкі туризм саласында да алға жылжу байқалады. Десек те, қазақстандықтар елден гөрі, шетелде демалғанды жақсы көреді екен. Мысалы, былтыр бірінші тоқсанда 2 миллион 270,6 мың адам шекара асып, демалысқа аттанған. Соңғы үш жылдағы бұл көрсеткіш әзірге максимал болып отыр.
Биылғы көрсеткіштерге келсек, ішкі туризм 5,8 пайызға, сыртқы туризм 3,8 пайызға өскен. Жыл соңына қарай бұл шама әлі де өзгереді. Елімізде туризм саласын дамыту жоспары бар. Мәселен балалар мен жасөспірімдер туризмін алып қарасақ. Жоспарға сәйкес, 2020 жылдан бастап «Балаларға арналған туристік пойыз» күллі Қазақстанды тегін аралатып, қызмет көрсетуі тиіс. Сонымен бірге kids go free принципінің «1+2» схемасы бойынша тегін әуетасымалы да қолға алынбақ.
Қазақстанды таныту мақсатында соңғы 1,5 жыл ішінде ақпараттық тур, блогтур және экспедициялар көптеп ұйымдастырылып жүр. Соның нәтижесінде 30 трэвел блогердің басын қосып, жалпы саны 3000 фото және 5 сағаттық видео банк жиналған. Сонымен бірге, Euronews арнасына шыққан видеоролик, НТВ, Россия-1 және Kazakh TV-дегі бағдарламаларды да айта кету керек. Серіктестік негізінде бюджет қаражатынсыз өткізілген іс-шаралар да атқарылды. Олардың ішінде әуежай, теміржол вокзалында көрсетілетін роликтер бар.
Халықаралық Mastercard компаниясы былтыр турист көп тартылатын қалалардың ондығын ұсынды. Көш басында Тайланд астанасы Бангкок тұр. 2018 жылы бұл қаланы тамашалауға 22 миллион турист келген. Осымен екінші жыл қатарынан Бангкок бірінші орынды бермей келеді. Халықаралық компания рейтинг жасау барысында келушілердің санын анықтап, Mastercard төлем картасы арқылы қанша қаражат шығындағандарын да есепке алады. Туристердің қалтасын қағатын қалалардың ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубайы да бар. Бір күнде 537 турист орта есеппен 537 доллар шығындайды екен.
Туристерге тартымды қалалар ондығын таныстырсақ. 21,98 миллион туриспен Бангкоктың бірінші орында тұрғанын айттық. Бұдан кейін Ұлыбританияның астанасы Лондон 20,42 миллион туриспен тұр. Францияның бас қаласы Парижге былтыр 17,95 миллион турист барған. Дубайға – 16,66 миллион, Сингапурге – 14,47 миллион, Нью-Йоркке – 13,67 миллион, Куала-Лумпурге – 13,53 миллион, Стамбұлға – 12,8 миллион, Токиоға – 12,12 миллион және Анталияға 11,27 миллион турист тартылған екен. Байқасақ, осы ондықтың ішіндегі жетеуі – астана. Демек, шетелдіктер шақырудың бір әдісі – бас шаһарды тартымды ету. Осындай рейтингтен орын алуға Нұр-Сұлтан қаласы да ұмтылуы тиіс. Ол үшін қабылдануы тиіс бірқатар шара бар.
«Астананың бүгінгі туристік ахуалына кешіріммен қарауға болады. Өйткені қалай десек те, Керей мен Жәнібек кезінде елуден астам қаланы Сыр бойына салдырған деп айтқанмен, қала салу, қалада өмір сүру мәдениетін Кеңес кезіне дейін ұмытып қалған едік. Одан кейін жоғарыдан бекітілген жоспармен жүрдік. Қалай десек те, ұзақ уақыт бойы қаланы қазақ мәдениетінің бір бөлшегі деп санамады. Басқа ұлттар секілді енді ғана қалалық ұлтқа айналып келе жатқан еді. Осындай кезде Астананың салынуы ешқандай ұлттық қала салу дәстүріне негізделмей, түрлі архитектуралық шешімдер үйіп-төгіп қолданылды. Яғни, түрлі стильдер қосылған соң, қаланың нақты көрінісі ашылмай тұр. Бұл – бірінші мәселе. Неліктен кешіріммен қарауға болады деп ойлаймын? Өйткені бізде Қытай не Жапониядағыдай қалыптасқан мәдениет болмады. Архитектураға қатысты бір өкінішім сол, Заха Хадидтің бір ғимаратының бұйырмағаны. Бүгінде бұл сәулетші бақилық болды. Әзірбайжан, Гонконг, Венада ғимараттары тұр. Оның орнына Норман Фостер жоғарырақ болды ма, үш-төрт ғимаратты сол салды. Басқа архитекторлардың Сантьяго Калатраваны да атап өтуге болар еді. Сонымен бірге, даниялық, сингапурлық сәулетшілер де мойындалған. Келесі мәселе – қаланың адамға бейімделмеуі. Көруге, өмір сүруге лайық пропорциялар сақталмаған. Илья Варламов блогтарында Парижде жүргенде мәселе үйінің сәулетінде емес, көшедегі аллеяның ұзындығы, гүлзарлардың кеңдігіндегі пропорциялардың дұрыс сақталуында екенін жазған еді. Бізде мәселен, Нұржолдың бойында келе жатқанда егіннің алқабы сияқты әсер қалдырады. Жаңбыр жауса, жақын маңайдағы жерге жетіп үлгере алмайсың. Яғни масштаб өте кең. Араб елдерінде де биік ғимарат көп. Қала салуда тәжірибе болмағаннан, адамға ыңғайсыз, тек көлікпен жүруге арналғандай етіп тұрғызған. Көше аралап, қыдырып жүруге қолайсыз болған соң, демалыстан рахат сыйламайды. Ал енді мәдени келбетіне келсек, әлем жұртының назарын аудартатын фестивальдер қалыптаспады. Bekmambetov cinema басталғанымен, аяқсыз қалды. Мұндай іс-шаралар тұрақты өтіп тұратындай ету керек. Мысалы, Испания, Венециядағы карнавалдар, Берлиндегі рок-музыка фестивалі әлемге танымал. Осы жағынан елордалық Мәдениет басқармасы мен Kazakh Tourism біраз еңбек етуі тиіс», – дейді трэвел-блогер Өркен Кенжебек.
Елордаға келген қонақтарды қарсы алып, демалыстарын ұйымдастырумен айналысатын туристік компаниялар бар. Panda tours туристік компаниясының директоры Елжан Жұмаханұлы ұлттық үлгідегі дүниелердің жеткіліксіз екенін айтып отыр. «Біздің компания Қытайдан келетін туристермен тығыз байланыста жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде байқағанымыз, Қазақстанға, соның ішінде Нұр-Сұлтанға келген қонақтар «Бәйтерек» монументін, «Хан шатыр» сауда-ойын сауық орталығын, Әзірет Сұлтан мешітін, Ұлттық музей, Астана опера театры, «Атамекен» музейі, ЕХРО кешені және Тұңғыш Президент атындағы кітапханаға барады. Сондай-ақ Есіл өзенінің жағасында қыдырған да көпшіліктің көңілінен шығады. Еліміздің астанасына табан тіреген турист Бурабайға барады. Бірақ ол жақта жол және дәретхана мәселесі реттелмеген. Жолда тамақтанатын, естелікке кәдесыйлар алатын жерлер де шешімін онша таппаған. Астанаға турист тарту үшін айтылатын ұсыныстар аз емес. Мысалы, ұлттық нақыштағы дүниелер жеткіліксіз. Соның ішінде күнде жұмыс істейтін ұлттық музыкалық театр сынды ғимарат қажет. Домбыра, қобызымыздың үні естіліп тұрса, қара жорға билеп жатса, шеттен келгендерге қызық болар еді. Туристер өздері сұрап жататын кездер жиі болып тұрады. Өзге елден келгендер ұлттық тағамнан дәм татып көргісі келеді. Бағасы қолжетімді әрі қазақтың ұлттық тағамдары әзірленетін мейрамхана көп деуге келмейді. Бар десек те, саны аз. Саяхаттың тағы бір қызық тұсы – кәде алып кету. Біздегі сувенирлер шыны керек, сапасыз. Сондықтан көбі қолға ұстап көреді де, алмай кете барады. Тағы бір айта кететін жайт, Нұр-Сұлтан арқылы Еуропа, Ресейге баратындар көп. 72 сағат визасыз рұқсат бар болған соң, қаланы аралап көргісі келетіндер бар. Мұны да пайдалану қажет», – дейді ол.
Өткен жылы Үкімет тарапынан Қазақстанның туристік картасы әзірленген болатын. Ол жерде ондық ішіне Нұр-Сұлтан қаласы, Имантау-Шалқар, Щучинск-Бурабай курорттық аймақтары, Баянауыл, Алакөл, Балқаш, Алматы облысының таулы кластері кірген. Енді мемлекеттік бағдарламаның көмегімен көпшілік үшін беймәлім болып келген жерлерді танымал ету шаралары қабылданса дұрыс болады.