Бизнесті жөн-жосықсыз тексеруге жол жоқ
Бизнесті жөн-жосықсыз тексеруге жол жоқ
466
оқылды
Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий жариялап, компанияларды үш жыл мерзімге салық төлеуден босатты. Президенттің шешімі бизнесті мемлекеттік органдардың заңсыз араласуынан қорғауға және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған. Бірақ бизнес бақылаусыз қалмайды. Тоқаев былтыр қыркүйекте ха­лыққа арнаған Жолдауында биз­неске қатысты рейдерлік әрекеттер жиі­леп кеткенін айтқан-ды. «Бұл мәселе жөніндегі ұстаны­мым белгілі: бизнестің, әсіресе ша­ғын және орта бизнестің дамуына ке­дергі келтіретін әрекеттер мем­­­­ле­кетке қарсы қылмыс деп та­нылуы тиіс», – деген еді Прези­дент. Енді биыл күшіне енген мо­­ра­торий әкімшілік жүктемені азай­­тып, бизнес-ортаның тұрақ­ты­­лығын қамтамасыз етуге жә­не бә­секелестікті арттыруға жағ­дай жасамақ. Қаржы министрі Әли­хан Смайылов мораторийдан ел қазынасына түсетін қаражат қан­­­­шалықты азаятынын есептеп үл­геріпті. Министрлік 1 жылда 200 млрд, үш жылда 600 млрд теңгеден қағылғалы тұр. Негізі мұндай қадам Қазақ­стан үшін жаңалық емес. Бірін­ші мораторий 2003 жылы қабылдан­ған. Мынау – төртіншісі. Шенеу­нік­тердің ойынша, мораторийдің ар­қасында бақылау органдары тыр­нақ астынан кір іздеуін қояды екен. Алайда сарапшылардың са­насы сан-саққа жүгіріп отыр. Кей­бір мамандар елде бизнесті тек­серуге мораторий жариялау жүйе­сі дұрыс үйлестірілмеген деп са­найды. Дегенмен бір жақсысы, бұл мораторийдің мерзімі – үш жыл. Кәсіпкерлердің айтуынша, бү­гінде тексеру саны да, тексере­тін мекемелер саны да екі есе азай­ған. Әрине, бұл – дұрыс ше­шім. Өзі де кендірді жіпке жал­ғап күнелтетін кәсіпкерлерді жөн-жосықсыз тергей берсек, биз­нестің ахуалын нашарлатып ала­мыз. Отандық өнім өндіру шек­теледі, жұмыссыздық кө­бейеді. Сондықтан әлеуметтік мә­селелер шие­ленісе түспесін десек, шағын биз­нестің шаруасына кедергі кел­тірмегеніміз абзал. Ресми дерекке сүйенсек, тұр­ғын­дардың 30 пайыздан астамы шағын және орта бизнеспен айна­лы­сады. ШОБ-тың экономикадағы үлесі – 28,5% пайыз. Мемлекет «Ата­мекен» ҰКП-мен бірлесіп, атал­ған көрсеткішті 2025 жылға қа­рай 50 пайызға дейін жеткізуді көз­дейді. Жалпы, бақылаушы орган­дар­дың заңды-заңсыз талаптарына біреу шыдайды, біреу шыдамайды. Мысалы, елімізде 1 млн 400 мың ша­ғын және орта кәсіпкерлік ны­саны тіркелген екен, қазір оның қаншасы жұмыс істейтінін еш­кім нақты білмейді. Өйткені бұл салада жұмысты бастау оңай, дөң­гелентіп әкету қиын. 2003, 2008, 2014 жылдары жарияланған мора­торийге қарамастан, кәсіпкерлерді орынсыз тексерген ұсақ шенеунік­тер де болыпты. Үкімет осы жолы ондай заңсыздықтарға тосқауыл қояр деп үміттенеміз. Халық арасында бизнесті тек алып­сатарлықпен байланыс­тыра­тын жандардың қарасы қалың. Рес­публикалық кәсіпкерлерге кө­мек көрсету орталығының ди­рек­торы Дмитрий Казанцев қа­зақ бизнесінің абыройын сау­да, қонақүй мен қоғамдық та­мақ­тан­дыру саласы ғана жауып тұрға­нын айтады. Оның пікірінше, қа­зақстандықтар ақыл-ойды қа­жет ететін интеллектуалды биз­неске ат-тонын ала қашып, алып­са­тар­лықпен ғана шектеліп отыр. Бизнес – мемлекеттің болаша­ғын айқындайтын, әлеуметтің әлеуе­тін жақсартатын бағыт. Қо­ғам­дық санада осындай көзқарас қа­лыптаспаса, қазақ бизнесінің тамырына қан жүгіруі неғайбіл. Біз осы деңгейге көтерілмейінше, мо­­ра­торий көсегемізді көгерт­пей­ді. Кәсіпкерлер тексеруден ғана емес, салықтың кейбір түрлерінен де үш жылға босатылды. Бұл – биз­неске үш жыл ішінде 380 млрд тең­геден астам қаражат үнемдеуге және үнемделген қаражатты өз қыз­метін дамытуға салуына тап­тыр­мас мүмкіндік. Бірақ жер қой­науын пайдаланушыларға, акциз­дік өнім өндірушілерге, ойын биз­­­несіне, сыртқы экономикалық қыз­мет қатысушыларына мұндай жеңіл­дік берілмейді. Әлбетте, таяқтың екінші ұшы да бар. Президенттің пәрмені кә­­­сіпкерлерді тұтынушылар ал­­­дын­­дағы жауапкершіліктен бо­­сатпауы керек. Қасым-Жо­март Тоқаевтың өзі «Біз бизне­сі­міз­дің біртұтастығына және заң­ға бағынатынына сенеміз. Мо­­раторий кезінде өз-өзін рет­теу және қоғамдық бақылау құ­рал­дарын жандандыру қажет» де­ді. Кәсіпкерлер Мемлекет бас­­шысының сеніміне селкеу тү­сірмесе екен дейміз. Бұл бір жа­ғы­нан кәсіпкерлердің әлеуметке адал­дығын да көрсетер еді. Ұзын сөз­дің қысқасы, олар уақыт оз­дыр­май, мораторийдің игілігін ба­рынша ұтымды пайдаланғаны жөн. Себебі үш жыл – кәсіпкердің етек-жеңін жинауына жеткілікті мерзім. Айта кетейік, заң бойынша, 15 адам жұмыс істейтін және жылдық табысы 30 мың АЕК-ке немесе 76 млн теңгеге жетіп жығылатын ұйымдар микробизнеске жатады. Ал 100 адамға дейін жұмысшысы бар, жылдық табысы 300 АЕК-ке немесе 757 млн теңгеге дейін бара­тын кәсіпкерлер шағын бизнестің иесі саналады.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ