50 мың бала бірінші сыныпқа барады
50 мың бала бірінші сыныпқа барады
371
оқылды

Талдықорғанда өткен Тамыз конференциясына облыс әкімі Амандық Баталов пен Білім және ғылым министрлігі Мектеп­ке дейінгі және орта білім департаменті директоры­ның орынбасары Сәуле Қабимолдаева қатыс­ты. Кеңес жұмысы жылдағы сүрлеуден жаңылмастан облыстың білім саласының жетістіктері туралы көрме-таныстыры­лымды тамашалудан басталды.

Талдықорғандағы №42 балабақша тәрбиеленушілері өздері үйренген робототехниканың алғашқы әліппесі бойынша роботтармен жұмыс істеу машықтарын көрсетті. «Швейца­рия­лық-американдық Genius академиясы» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырып жатқан ағылшын тілінде оқу мен оқыту бойынша «Инновациялар мен зама­науи технологиялардың халықаралық класы» жобасы назарға ұсынылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымда­рына электронды кезекке қою, бірінші сыныпқа қабылдауда электронды құжат қабылдау қызметтері де таныс­тырылды.

Басты баяндаманы оқыған облыс­тық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов кемшіліктерді тасада қалдырып, жетістіктерді көбірек сана­малады. Соңғы он жыл бойы Алматы облысындағы білім саласының бюд­жеті миллиардтап өскенімен, конфе­ренция сайын айтылатын апатты мектептер мен үшауысымда оқытатын білім ошақтарын жоямыз деген міндеттеме әлі күнге толық шешімін таппай отыр. Соңғы бес жылда облыс халқының 300 мыңға өскенін, биыл облыста 50 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа баратынын ескерсек, үшауы­сымды мектеп мәселесі тіптен күрде­лене түсері анық. Сонымен бірге, ба­лалардың өздеріне қол салуының жиіле­гені де көңіл алаңдатады. Кейбір ауылдардағы балалар биыл да білім беруге лайықталмаған орындарға сабаққа барады. Мектептердегі әжет­ханалар мәселесі де күйіп тұр. Білім саласында жақсы істер атқарылып жатқаны анық. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Дегенмен осы салаға қазынадан қаралатын қаржы осыдан 20 жыл бұрынғы тұтас облыстың бюд­жетінен асып кеткеніне қарамастан қордаланған проблемалар да жетіп артылады.

Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі және орта білім де­партаменті директорының орынбасары Сәуле Қабимолдаева да өзі осы облыста істеген жылдарға қарағанда білім сала­сын қаржыландырудың еселеп арт­қанын еске салды. Соған сай Алматы облысының жетістіктері, соның ішінде білім саласын цифрландыру, қосымша білім беруді дамыту ісі, мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіштері көңіл тоғайтарлық екенін атап өтті. Бұл кісі де орайын келтіріп, олқылықтарды орағытып өтті.

Жиынды қорытындылаған Аман­дық Баталов облыстағы білім сала­сы­ның негізгі проблемаларының бірі – үшауысымды мектептер мәселесі екеніне ерекше тоқталды.

Қазіргі кезде өңірдегі үшауысымда оқытуды болдырмау үшін жоспарға сәйкес 3000 орынды 7 мектептің құры­лысы жүргізілуде, соның бесеуі жаңа оқу жылына пайдалануға берілсе, екеуі келер жылы оқушыларға есігін айқара ашады. Сонымен бірге, шағын жинақ­талған мектептер жағдайы да аса өзек­ті. Ауылдардағы жұрт жаппай қала­лар­ға, ірі елдімекендерге көшіп жатқанына байланысты, алдағы жылдары мұндай мектептер саны кемудің орнына арта берері анық. Бірақ бұл мәселені білім ошақтарын жабу арқылы шешпей, елді алаңдатпайтын, ауылдарды қаңырат­пайтын басқа жолдарды қарастырған жөн. Елбасының «Бес әлеуметтік бас­тамасындағы» арнаулы орта кәсіби білім беруді дамыту, студенттерді жа­тақ­ханамен қамту, сол сияқты жасөс­пірімдер арасындағы суицидтің алдын алу, көпбалалы отбасы балала­рына көмек көрсету де шешімін күткен мәселелер жетерлік.

Алматы облысындағы білім са­ласы­ның бюджеті биылғы жылы 200,2 млрд теңгені құрап, өткен жыл­мен салыс­тырғанда 43,2 млрд теңгеге артыпты. Биыл 9,9 млрд теңгеге 15 мек­­теп, 4 кол­ледж салынуда. Ал мате­риалдық-техникалық базаны нығай­туға 8,2 млрд теңге қарастырылған. Өңір­дегі 34 кол­ледж дуальды оқыту мо­дуліне енгізіліп, олардың кәсіпо­рын­­дармен байланысы нығайып келеді.

Жаңа оқу жылында Алматы облы­сында 18 806 көпбалалы және аз қам­тылған отбасылардың 1-4 сынып ба­лаларын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қосымша 450 млн теңге қаржы бөлініпті. Жалпы, 768 мектептің 572-сінде ыстық тамақ ұйымдасты­рылған. Кеңесте көпбалалы және табысы төмен отбасылар балаларының жоғары білім алуына мүмкіндіктер мо­лайғаны да айтылды. Биыл облыстағы еңбек нарығының қажеттіліктеріне байланысты жергілікті бюджеттен жал­пы конкурсқа – 170, көпбалалы және аз қамтылған отбасы балаларына жергілікті бюджеттен – 80, республи­калық бюджет есебінен 540 білім беру гранты бөлініпті. Конкурстық комис­сия шешімімен әкімдіктің 250 гранты, республикалық бюджеттен 331 білім беру гранты тағайындалған.

Ұстаздардың дәстүрлі жиынында облыстың 500-ден астам мұғалімі ма­рапатталып, оларға «Құрмет» ордені, «Ы.Алтынсарин» «Қазақстан Респуб­ли­касы білім беру ісінің Құрметті қыз­меткері» төсбелгілері және басқа да наг­радалар тапсырылды. Облыс әкі­мі­нің Құрмет грамотасы мен алғысхаты берілді.


Болат АБАҒАН
Алматы облысы