Мұндағы инфрақұрылымдық мәселелер біртіндеп шешіліп келеді. Жыл соңына дейін мұнда жоба бойынша ауызсу құбыры тартылып, сапалы электр қуатын беру үшін желі салынып бітеді. Көгілдір отын да жоспардан бұрын келетін болды. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар аяқталса, қыркүйек айында жолға асфальт төселеді. Тұрғындарды мазалайтын ең қиын жағдай – жер учаскесінің құжатын реттеп, заңды тұлғаны анықтау. Тұрғындардың басындағы күрмеулі мәселе біраз уақыттан бері шешімін таппай келген еді. Бүгінгі күнге дейін 29 жер учаскесінің құжаты түрлі мекемеге жолданып, шешімін күтуде. Соңғы үкімді сот айтады. Кездесу кезінде тиісті сала басшылары түсіндіріп, жер учаскесі иелерінің бір тоқтамға келгенінен даулы 7 учаскенің мәселесі шешілді. Қалған азаматтарға кәсіби түрде құқықтық көмек көрсету үшін «Әділет групп» компаниясы мен тиісті сала өкілдері әр сәрсенбі күні келіп, тұрғындармен кездесетін болды.
Әбілмансұр ЖАСАН