Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында бюджеттік жоспарлау мәселелері жөнінде кеңес өткізді.
Жиынға Премьер-министр Асқар Мамин, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасарлары – Бердібек Сапарбаев пен Жеңіс Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова, сондай-ақ Президент Әкімшілігінің басшылығы қатысты.
Кеңес барысында Президентке республикалық бюджеттің алдағы үш жылға арналған жобасының негізгі параметрлері баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет жобасының теңгерімді және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму талаптарына сай екенін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыру және бюджеттің кірісін одан ары ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.
Президент бюджетті жоспарлаудың барлық кезеңінде шығыстарды оңтайландыруға, Есеп комитетімен өзара тығыз ықпалдастық орнатуға, сондай-ақ негізсіз имидждік және консалтингтік шығындарды қысқартуға шақырды.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреевті қабылдады.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына Ұйымның қазіргі жұмыстарының негізгі бағыттары, соның ішінде биыл қазан айында Бакуде өтетін Түркі Кеңесінің саммитіне дайындық барысы туралы баяндалды.