Елбасы Саяси кеңесте «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Nur Otan trends пікірталас алаңында сарапшылар Елбасы ұсынған 7 серпін жөнінде ой қозғап, жаңғырту жұмыстары жайын талқылады.
Елбасы бағдарламада партия проблемаларын шешу жолын ұсынды. Нақты жұмыс істесе, халық сеніміне ие болатынын айтты. Партия жұмысын жаңғыртудағы 7 серпінді Nur Otan trends сарапшылары жан-жақты талқылады.
Модератор Рақым Ошақбаев Саяси кеңесте қозғалған бірқатар мәселені алға тартты. Nur Otan партиясы болашаққа нық қадам басатын 7 серпінді атап өтті. Әр сарапшыға жеке-жеке сұрақ қойып, толыққанды жауап алды.
Ел жағдайын, партия тынысын бақылауда ұстап отырған депутаттар мен саясаттанушылар сұраққа тәптіштеп жауап берді. Сондай-ақ өзара пікірталас жүргізіп, партия болашағы үшін не істеу қажетін талқылады.
Модератор депутаттарға «жаңғырту кезінде сіздерде қандай өзгеріс болады?» деп сұрақ қойды. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев Қоғамдық қабылдауды кеңейтетінін айтты. Бұл партия жұмысына көмектесетінін нықтады. «240 комиссия мүшесі Қазақстан бойынша партия жұмысына бақылау жүргізеді. Оның ішінде 17 өңірлік бөлімшеге 7-10 адамнан тұратын комиссия құрамы бөлінген. Аталғандар нақты жұмыс жүргізсе, партия жұмысы жанданады» деді Павел Казанцев. Нұржан Әлтаев болса, орындалмаған меже үшін жауаптылар жазалануы керек дейді. Мәжіліс депутатының айтуынша, қатаң бақылау болған жерде жұмыс нәтиже береді.
Nur Otan trends пікірталас алаңы отырысына Мәжіліс депутаттары Павел Казанцев пен Нұржан Әлтаев байыпты ой айтты. Мәжіліс депутаты Павел Казанцев: «Партияны жаңғыртуға келсек, 3 негізгі құрылымды атам өткім келеді. Біріншіден, партиялық бақылауды күшейту керек. Барлық сала бойынша бақылауды күшейтсек, партия дами түседі. Екіншіден, партия этикасы сақталуын қадағалау. Партияластар бір-бірімен, халықпен мәдениетті түрде қарым-қатынас жасауы тиіс. Бастысы, партияның сайлауалды тұғырнамаларын сәтті іске асырамыз. Сонда жұмыс жүйелі жүреді. Қағазда жазылғанның жүзеге асқанын көргенде халық сенімі қалыптасады», – деген пікірді алға тартты.
Мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев болса, «Елбасы айтқандай, жаңғыру болу керек. Өйткені заман өзгерген сайын, адамның көңіл күйі, өмір сүру қалыбы өзгереді. Өзгерістер орын алғанда, еліміздегі ең ірі партия да шет қалмауы керек. Партия жұмысы заман талабына сәйкес келсе, құба-құп. Жұмысты жаңғырту үшін мына аспектілерге назар аударған жөн. Кері байланысты күшейтсек оң болар еді. Интернетте, әлеуметтік желіде тұрақты байланыс орнату керек. Мысалы, Facebook-тің тікелей эфирінде қоғамдық қабылдау жүргізген алғашқы депутаттардың бірімін. Басында толассыз сұраққа қалай жауап беремін деген қорқыныш болды. Жарты жыл өткен соң нәтижесін көріп отырмын. Facebook, Instagram-да халық пікірін тыңдап, сұрағына жауап берген ыңғайлы. Шалғай ауылдан ат арылтып келмей, үйінде отырып сауал жолдай алады. Әрі менің де жұмысыма септігі тиеді» деген ой қорытты.
Сондай-ақ Nur Otan trends пікірталас алаңы отырысына саясаттанушылар Айдос Сарым мен Оразғали Селтеев қатысты. Сондай-ақ саяси шолушы Ғазиз Әбішов пен «Шаталов» telegram-каналының авторы, журналист Никита Шаталов өз пікірін ортаға салды.
Айдос САРЫМ,
саясаттанушы:
– Облыс, ауыл тұрғындары қалалық, аудандық мәслихатқа жүгінеді. Мегаполисте тұратындарға қалалық мәслихат жәрдем береді. Ұсынысым, ірі қалаларда неге аудандық жүйе енгізбеске. Әр ауданның өз бюджеті болсын, аудандық мәслихат жұмыс жүргізсін. Нәтижесінде, қалалық мәслихаттың жұмысы жеңілдейді әрі реттеледі.
Партияға деген халық сенімі мұқалған. Қалпына келтіру керек. Мысалы, бір министр келіп жаңа мемлекеттік бағдарлама құрады. Екіншісі үш бағдарлама ұсынады. Жүзеге аспағаннан кейін халық сенімі жоғалады. Сенімге ие болу қиын, шығып кету оп-оңай. Бәрі партия жігеріне байланысты. Егер нақты қадам жасай білсе, нәтиже шығаруға болады. Байқасақ, Nur Otan партиясы бірнеше рет жаңғырту жұмысын жүргізді. Өзгеріс байқалған жоқ. Осы жолы оң өзгеріс орын алатын болар. Алдымен, жаңашылдыққа партия дайын болуы керек. Nur Otan жаңғыруға дайын болса, халық көшке ілеседі.
Оразғали СЕЛТЕЕВ,
саясаттанушы:
– Пропорционалды сайлау жүйесі партияны жаңғыртуға сеп болады. Партия қоғамның қызығушылығын оятуы тиіс. Қоғамдағы әлеуметтік топ партия ықпалын сезінгені жөн. Мысалы, Қостанай облысындағы 30 шаруа қожалығының иесі келіп, мәселенің түйінін тарқату үшін партияға жүгінуі керек. Партия аппараты ма, фракциясы ма тығырықтан шығу жолын ұсынса, жұртта иек арту, сенім пайда болады. Партия шешім тауып, бағыт береді. Кез келгеннің жобасы жерде қалмайтынын, мәселе шешілетінін дәлелдеу қажет. Депутаттар нақты қоғам үшін, партия игілігі үшін жұмыс істейтіндерден құралса, іс өрге басады.
Ғазиз ӘБІШОВ,
саяси шолушы:
– Жаңғыруға келсек, «бақылауды күшейту», «әлеуметтік желідегі белсенділік» аздық етеді. Мемлекетті кемеге теңесек, партия –капитан. Капитан басқаруға, жол нұсқауға міндетті. Сол сияқты партия стратегиялық даму бағытын ұсынып, жаңа мүмкіндіктерге жол бастауы керек. Мақсаты мен құрылымы мықты партия халық сеніміне ие болады. Әрине, жұмыс нәтижесі де маңызды. Мұны түйсінген халық стратегия бойынша әрекет етіп, партия бастамаларына қосылады. Егер билік Nur Otan-ды шеттету туралы шешім шығарса, миллиондаған халық қайтаруын талап ететіндей күш керек. Сондықтан жаңғырту жұмыстарына мұқият мән берген жөн.
Никита ШАТАЛОВ,
«Шаталов» telegram-каналының авторы, журналист:
– Партия мүшесі өте көп. Шынымен де, іштей сүзгі жүргізген жөн. Кім нақты партия жұмысын жандандырғысы келеді, сол партия мүшелігінде қалсын. Трансформация ішкі жұмысты реттегенде ғана жүзеге асады.
Жастар партияға жігер береді. Жастардың көп болғаны партия ертеңі үшін керек. Дарынды, талапты жастар перспективасы қажет-ақ. Елбасы жаңғыртудың
7 серпініне жастарды негіз етті. Nur Otan-ның серпілісіне жастар дем береді.
Партияны жаңғырту жұмысы біртіндеп іске асады. Біздің қолдан келетіні партия үшін аянбай еңбек ету. Партия ел мүддесі үшін жұмыс істейтін қозғаушы күш. Сондықтан партияның жаңғыруы бәріміз үшін маңызды.