Еліміздегі полигондарда 130 млн тоннаға жуық қатты қалдықтар көмілген. Мұның өзі – ресми көрсеткіш. Ал соңғы кездері ұйымдастырылған #TazaQazaqstan экологиялық акциясының аясында 15 мың тоннадан астам қоқыс жиналды. Тұтынушылық принциптердің жетегіндегі қалдықтар біз үшін әлі де тек экологиялық проблема секілді. Оны өңдеу экологияға ғана емес, экономикамызға да орасан пайда әкелетінін білсек те, білмегендейміз. Жасыл технология деп жаһанға жар салдық, бірақ қолдануға келгенде іс кері кетіп жатыр.
Президент Қ.Тоқаев өткен айдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Экологиялық заңнаманы мемлекеттік мүддеге зиян келтірместен халықаралық стандарттарға сәйкестендіруіміз қажет» деген.
– Жаңа экологиялық заңнамада «Ластаушы төлейді» принципі ғана емес «Ластаушы түзейді» принципі де қамтылуы керек. Бүгіннің өзінде барлық ірі мекеме қалдықтарды азайту мен тазалаудың ең жаңа технологияларын енгізу бойынша нақты жоспар құруға міндетті. Одан бөлек, әкімдер қоғаммен бірлесе отырып, экологияны жақсартуға бағытталған мақсаттарды жүзеге асыруы қажет, – деді мемлекет басшысы.
Қоянды су қоймасына шенділер жиналып сенбілікке шыққаны есіңізде болар. Сол шарада Экология министрі М.Мырзағалиев «Республика полигондарында 130 млн тоннаға жуық қоқыс бар. Жыл сайын оның үстіне тағы 6 млн тонна қосылады. Соның тек 10-12 пайызы ғана қайта өңдеуге кетеді. Қалғаны жылдар бойы жиналып жатыр» деген болатын.
Ендеше, қоқыс өңдеуге келгенде кәсіпкер құлықсыз ба, әлде мемлекет жеткілікті көңіл бөлмей отыр ма? Сарапшылардың пікіріне жүгінсек.
«Қоқыс өңдеуші зауыттардың көпшілігі дерлік жабылып қалғанының жалғыз себебі дұрыс ұйымдастырылмағандықтан» деп есептейді «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Азаматхан Әміртай.
– Қалдықтарды қайта өңдеу – нақты жоспарды талап ететін технологиялық, циклдық жұмыс. Ас үйден бастап қалдықтарды сұрыптап, арнаулы контейнерлерге бөліп, оның өзін сорттап полигондарға жөнелту қажет. Екіншіден, кәсіпкер қоқысты өңдеумен айналысатын болса, мемлекет оған көп мөлшерде қаражат бөледі. Одан бөлек, мемлекеттік кепілдікке Еуразиялық даму банкі, Дүниежүзілік банк миллиардтаған қаржы береді. Міне, сол қаражат қолды болып кетіп жатыр. Мысалы, Алматы қаласында бұрын үлкен зауыт ашылды. Ол зауыт жұмыс істемей тоқтап қалып, артынан құлатылды. Ондай зауыттар елімізде өте көп. Бұл – үлкен проблема. Енді дәл осы қателікті қайтадан қайталамақ. Қарап отырсақ, аймақтарда қатты қалдықтарды қайта өңдейтін немесе сұрыптайтын зауыттар саламыз деп бастама көтеріп жатыр. Бірақ ешқайсысында жүйелі шешім жоқ. Бәрі бір тараптан қаралған жұмыс, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, қазіргі таңда қоқысты қайта өңдеу саласында кәсіпкерлік тұрғысынан даму жоқ. Мәселенің бір шешімі бар ма деген сауалымызға А.Әміртай «бұл жұмыстардың барлығын қоғамдық ұйымдарға беру қажет» деп жауап берді.
«Шенеуніктерге мұндай жұмыстарды сеніп тапсыруға болмайды. Мысалы, осы мәселені бақылауы тиіс әкімшілікте отырған экология бөліміндегі мамандардың білімі таяз. Олар жоспардағы мәселені көтеріп берсе, сол арқылы қаражат бөлсе болды» дейді сарапшы.
Экоальянс төрағасының айтуынша, тұрғындарды қоқысты реттеуге құлықсыз деп кінәлау дұрыс емес. Өйткені осылай істеу қажет деп талап қойса, халық та соған бағынады.
– Қызметте отырған азаматтар үшін қарапайым халықты кінәлау жеңіл. Қоқысты сұрыптау да халықтың менталитетіне байланысты. Меніңше, біздің қоғам экологияға қатысты жауапкершілікті сезеді. Бұл жерде барлық проблема шенеуніктерде болып тұр. Бізде басқару жүйесі солай қалыптасып кеткен. Мысалы, «Байтақ болашақ» экологиялық альянсы осыдан екі жыл бұрын қоқыс полигондарында максималды түрде сұрыптау туралы жоба ұсынды. Бірақ ол идеямызды ешкім елеген жоқ. Өйткені біздегі қоқыс полигондары, оны тасымалдаушы компаниялар, қоқыс жинайтын контейнер тұрған алаңдар да – барлығы жеке меншікте. Бір сөзбен айтқанда бәрінің бір қожайыны бар және оны ешкімге бере қоймайды. Одан бөлек қоқыстан биоэнергия алатын технология жасалды. Мысалы, био-қоқысты энергияға айналдыру туралы жоба ұсындық оны да қабылдаған жоқ. Бүгінде қоқыстан пластик пен қағазды ғана бөліп алады. Оның жалпы көлемдегі 1-2 ғана пайыз. Соның өзін кейбір ұйымдар ауыз толтырып айтып мақтанады. Бір сөзбен айтқанда, қоқысқа қатысты проблеманың ешбірі де шешімін тапқан жоқ. Нөл деңгейінде десек те болады, – деп қорытындылады А.Әміртай.
Ал экологияға қатысты мәселелерді жиі көтеріп жүрген Мэлс Елеусізов «қоқысты реттеп, оны шикізат ретінде қайтадан іске асыру қазіргі қоқыс шығаратын компанияларға қажет емес» деген пікірде.
– Осыған дейін ашылған зауыттардың барлығы далбаса, одан түк шықпайды. Оны талай жерде айттық та. Бәрі нәтижесіз. Қайта өңдеуге кететін қалдықтың өзі 8-ақ пайыз. Қалған 92 пайызы қайда? Барлығы полигондарға кетеді. Оның табиғатқа да, адамға да көп зияны бар, – дейді ол.
Айтса айтқандай-ақ, анда-санда жаңалықтан жылт етіп қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт ашылғанын естіп қаламыз. Бірақ одан нәтиже болса, жылдар өте экология министрінің өзі жоғарыдағыдай есеп бермес еді. Біз қарапайым қағаз бен зиянды қалдықтардың өзін өңдеуді жолға қоя алмай отырмыз. Ал Еуропа елдері қайта өмір сыйлауға келмейді деген тұрмыстық қалдықтардың өзінен энергия алып отыр. Бір ғана Швецияның мысалында айтар болсақ, қоқыстың 1 пайыздан төмен бөлігі ғана полигондарға жол тартады. Қалғаны қайта тұтынуға бағытталады немесе басқа бір тауар түріне айналып шыға келеді. Pikabu сайтының мәліметтеріне сүйенсек, «Қалдықтарды пайдалану арқылы Стокгольм қаласының 45 пайызы электр энергиясымен қамтылып отыр».
Factcheck порталының мәлімдеуінше 2017 жылы шведтер метан және басқа да полигон бөлетін газдардан 142 ГВт/сағат энергия алған. Ал елде өңдеуге қажет қалдық қалмағандықтан, жыл сайын қоқысты көршілес елдерден тасымалдауға мәжбүр. Мысалы, Норвегияның өзі Швецияға жылына 800 мың тонна қалдық өткізетін көрінеді. Шведтік қалдықтарды қайта өңдеу технологиясының үш тағаны мынадай: тұрғындардың жауапкершілігі, бизнестің жауапкершілігі және ұйымдасқан құрылым.
Егер бұны саланы игерудің классикалық жолы деп есептесек, біздегі ахуал алғашқысынан бастап-ақ ақсап жатыр. Өйткені қаншама қалаларда қалдықтарды сорттауға арналған контейнерлер орнатылды. Бірақ жалпыхалықтық деңгейге жете алмадық. Бүгінде экоқалталар тігіп немесе экологиялық акциялар ұйымдастырып жүрген белсенділер аз емес. Дегенмен мемлекеттік деңгейде бұл мәселеге көңіл бөлу бюджеттен қаражат бөлумен шектелмейді. Ендігі жерде қайта өңдеуге қашан көшетінімізді емес, шын мәнінде атқарылған шаруаларды сөз етеміз деген үміттеміз.