Жоқтан бар жасап отырған ана
Жоқтан бар жасап отырған ана
386
оқылды

Көпбалалы ана Ақбота Наурызбаева соңғы бір жылда декоративті-қолданбалы өнердің қызығына кіріп, жоқтан бар жасап, азын-аулық табыс тауып жүр. Қолөнершінің бұған қалай келгенін, айналысуына не түрткі болғанын білуге тырыстық.

Ақбота Наурызбаева – Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының тұрғыны. Өзі жеті баланың анасы. Жетеуі де ұл. Ең үлкені – 27 жаста, кішкентайы – 4 жаста екен. «Екі үлкен ұлым үйленген, балалары да бар. Бес немеренің әжесімін. Енді алтыншысын күтіп отырмыз. Одан кейінгісі 18 жаста. Алла амандығын берсе, осы айдың соңында әскерге кетеді», – дейді көпбалалы ана.

Оның айтуынша, үйдегі бар­лық тірлікті, шаруаны балалар істейді екен.

– Құдайға шүкір, осы күнге дейін ешкімге алақан жайған емес­пін. Тіпті, үкіметтің беріп отыр­ған көмегін де сұраған жоқпын. Мә­се­лен, үш бала мектепте оқиды. Қазір көпбалалы отбасына әлеу­мет­тік көмек деп мектеп жабдық­та­рын, киім беріп жатады. Соның бірін алған емеспін. Былтыр бірін­ші рет бір балам бірінші сыныпқа барарда әкімшіліктен әкеп берген. Бірақ өзім сұраған емеспін. Біреу­ден бірдеңе сұрау, олардың арты­нан жүгіру бізге керек емес. Алла амандығын берсе, онсыз да күні­міз­ді көреміз. Малымыз бар, бау-бақшамыз бар. Әйтеуір, өзіміздің күнкөрісімізге жетеді, – деді Ақбота Наурызбаева.

Көпбалалы ананың сөзінше, негізі өнерге отбасымен жақын екен. Бүгінде 25 жастағы екінші ұлы мектепте сурет-сызудан сабақ береді. Педколледжді суретші-ди­зай­нер мамандығы бойынша бітір­ген. Оның үстіне, суретті жақсы салған екен. Осы «Қорғал­жың» қорығындағы түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алған. «Үлкен ұл да өнерден кенде емес. Әкеміз де ағаштан әбдіре істейді. Соның сыртын қымбат барқыт матамен қаптап беремін. Ондайды көбіне ұзатуға, киіт салуға жасай­мыз», – деді ол.

 

АҚБОТАНЫҢ ҚОЛӨНЕРГЕ КЕЛУІ

«Декоративті-қолданбалы өнер­мен айналысуым бекер емес» деген қолөнерші кішкентайынан ермексаздан түрлі нәрсені жасап ойна­ғанын есіне алды. Өсе келе сурет салып, бейнелеу өнеріне қы­зық­қан екен. Мектептен кейін тігіншілікке қызығып, киім тіге бас­таған. Тіпті, сіңлісіне мектеп кеші­не киетін көйлегін тігіп бер­ген. Бұл оның алғашқы тіккен киімі еді. Сөйтіп, той көйлегін тіге бастаған. Қазір қыздың жасауын жасап, көрпе тігу табыс көзіне айналған. Кейіпкеріміз бұл жолға кез­дейсоқ келмегенін айтып, ағы­нан жарылды.

– Коперативті техникумда оқып, есепші курсын бітіргенмін. Жұмысқа кіргенім сол еді, бірнеше айдан кейін декретке шығып кет­тім. Ол кезде жұмысқа тұру қиын болатын. Артынан жұмыс істеуге ста­жым болмады. Содан шаш қию­ды үйреніп, алғашында жа­қын­­дарымның шашын қиып бас­тадым. Бір сөзбен айтқанда, дип­ло­мым жоқ, әуесқоймын. Сөй­тіп, шаштараз болып 20 жыл­дай жұмыс істедім, – деді Ақбота Наурызбаева.

Айтуынша, оның шаштараз­дық­­тан кеткеніне үш жыл болған. Соңғы бір жылда декоративті-қолданбалы өнермен айналысып кет­кен. Онда да ақша табу үшін емес. «Ең алдымен, бұл – менің қызы­ғушылығым. Жалпы, осы іспен айналысқан өзіме ұнайды. Өз басым, біреуге сыйлық жаса­ған­ды, біреуді қуантқанды жақсы көремін. Сондықтан көбіне сый­лық­қа тарту ретінде жасайтыным бар» деген қолөнерші ойына кел­ген дүниені жасап бітірмегенше ты­ным таппай, түн батырып, таң­ды атырып жүргенін айтты.

– Шыны керек, өзіңе ұнаған іспен айналысу үшін уақыт табады екенсің. Кейде қызығына кіріп ке­те­мін. Бұған күйеуімнің ешқан­дай қарсылығы жоқ. Керісінше, мені қолдап, әр жасаған дүниемді қарап, өз бағасын беріп отырады, – дейді көпбалалы ана.

Балмұздақтың таяқшалары, бос қораптар, бөтелкелер, бір рет­тік қасық пен шанышқылар, же­міс-жидектің таяқшалары секілді қол­даныстан қалған заттардан айна, қылқалам салғыш, сан­дық­ша­лар жасайды. Ескі, бұзылған сағаттарды жүргізіп, безендіріп қайта жасап қоятыны тағы бар.

Оның сөзінше, кейбірі тез жа­сал­­са, енді бірі бітпей қояды. «Жа­сап жатқаныңда сынып қалады, қай­тадан бастайсың. Сөйтіп созып ала­тын да кездер болады. Бұл зат­тарды сатқан емеспін. Биыл нау­рызда өткен көрмеге жасаған дү­ние­м­ді шығарғаным бар. Сонда 10 шақты айнаны 2 000-2 500 тең­ге­ге сат­қ­ан едім. Былай сата­мын деп ой­лағаным жоқ. Мұның бәрі ин­тер­неттен көріп, жасағанымнан бас­­талды ғой», – деді Ақбота Наурыз­баева.

Соған қарамастан көпбалалы ана үмітін үзген емес. Себебі, осы жасына қарамастан ол Көкше­тау­дағы орман шаруашылығы, эколо­гия және туризмнің жоғары кол­лед­жінде оқып жатқанын жеткізді. Бұл – мақтанарлық іс. Өйткені адам өзін өзгертуден қорықпайды. Осындай ісімен елге үлгі болатын жанның бірі деуге болады.