Анатолий Боровскийді жас толқынның арасынан жиі көруге болады. Ол бірде Теректі ауданындағы «Үміт» гимназиясының оқушыларымен ел-жұртқа адал қызмет ету жөнінде әңгіме өрбітсе, енді бірде Орал қаласындағы әскери-техникалық мектепте (бұрынғы ДОСААФ) күні ертең Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанатын өрімдей жас жігіттерге Ауғанстандағы от-жалынды жылдар жөнінде естелік айтып тұрады...Біздің бүгінгі басты кейіпкеріміздің кіндік қаны 1946 жылдың 18 тамызында Украинаның Винница облысында тамған. Ата-анасы тың және тыңайған жерлерді игеру үшін Батыс Қазақстан облысына табан тірегенде Толя бар болғаны сегіз жаста болған екен...1964 жылы Оралдағы №5 мектепті тамамдаған Анатолий Боровский Ташкенттегі жоғары жалпы әскерлік училищенің 1970 жылғы түлегі. Әскери білім ордасынан жалпы әскерлік командир мамандығын меңгеріп шыққан ол әскери саяси қызметкерлердің тапшылығынан бертін келе осы салаға маманданды. 1980 жылдың 16 қаңтарынан 1981 жылдың соңына дейін Ауғанстанда әскери қызметте болған. Ауғанстан, КСРО және Қазақстанның бірнеше медалімен марапатталған.
– Анатолий Владимирович, жасы жетпістен асқан доғарыстағы подполковник жастармен жүздескенде негізінен қай тақырыпта әңгіме өрбітеді?
– 20 жыл үздіксіз КСРО Қарулы күштерінің қатарында болған әрі оқ борап, отқа оранған Ауғанстаннан аман оралған әскери саяси қызметкермін. Бірнеше рет тағдырым қыл үстінде тұрған қанды майданға қатыстым. Солардың бәрінде дерлік қандыкөйлек жора-жолдастарымнан айырылдым, қаруластарымның біразы мүгедек болып қалды. Әлгіндей жан алып, жан беріскен қарулы қақтығыстардың бірінде өзім де жараланып, контузия алдым. Ауған соғысында жан тапсырған өрімдей жас жігіттердің ата-анасы мен Ауғанстанның тау-тасында алған жарасының зардабынан тепсе темір үзетін жасында өмір бойына мүгедек болып қалған азаматтардың жылдар бойғы жан күйзелісін мен өз көзіммен көріп, жан-жүрегіммен сезініп келемін. Түйсігі бар түсінген адамға бұл – үлкен мектеп, өмір мектебі. Ал соғыс барысында із-түзсіз кеткен бауырларымның тағдыры не болды? Олар өлі ме, тірі ме? Өлі болса, қай жерде, қандай жағдайда жан тапсырды? Тірі болса, қайда жүр, тағдыры қалай қалыптасты? Жер басып жүрсе, кеудесінде жаны болса, неге әлі күнге дейін ұлынан күдер үзбеген ата-анасына бір хабар бермейді?.. Міне, осындай сауалдар жиі мазалайтын мен жастарға Отанға қалтқысыз қызмет ету, әскери антқа адалдық, жолдасыңды жауға тастамау, бейбіт күннің қадірін білу, ел үшін еңбек ету секілді көкейкесті тақырыптарда әңгіме айтамын. Әрине, менің әңгімеме өзім көрген қилы тағдыр мен өз басымнан өткерген қиын-қыстау кезең өзек болады. Мен бозбалаларға әскерге баруға тек дене бітіміңді қара күш, яки физикалық жетілу жағынан ғана дайындап қоймай, өзіңді моральдық-психологиялық тұрғыдан даярлау қажетін де міндетті түрде айтамын.
Менің түсінігімше, патриоттық тәлім-тәрбиесіз елжанды тұлға қалыптастыру мүмкін емес. Мәселен, осыдан біраз жыл бұрын Ақтөбе, Алматы қалаларында болған лаңкестік оқиғалардың астарынан тек діни сауатсыздық қана емес, патриоттық тәрбиенің жеткіліксіздігі де анық аңғарылады...
– ХХ ғасырдың соңғы ширегіне дейін бізге беймәлім ел болған Ауғанстан сізге алғашқыда қандай әсер қалдырды?
– 1980 жыл еді. Бұл менің Батыс Украинаға қарасты Тернополь қаласындағы артиллериялық дивизияда қызмет етіп жүрген кезім болатын. Бір күні дивизия саяси бөлімінің басшысы мені өзіне шақырып, Львов облысындағы Драгобыч елдімекенінде Ауғанстанға аттандыру үшін жасақталып жатқан реактивті миномет полкына ауысуды ұсынды (бұл – кәдімгі әйгілі «Катюшаның» жетілдірілген түрі). Полковникпен әңгіме-дүкен барысында байқағаным, оның жүзі шаршаңқы, көңіл-күйі пәс болды. Мен мұның сырын кейін ұқтым. Ол маған дейін өзінің тікелей қарауындағы төрт офицермен жаңағы бағытта сөйлескен екен, бірақ олардың төртеуі де әртүрлі желеу айтып, әскери саяси қызметкер ретінде Ауғанстанға барудан бас тартыпты. Мәселен, біреуінің балалары бар, ал енді біреуінің аяғы ауыр әйелінің айы-күні жетіп отыр дегендей... Бұл жерде басын ашып айтар бір мәселе, Ауғанстанға Кеңес әскері алғаш кірген жылдары офицерлердің ол жаққа барып-бармауы негізінен ерікті жағдайда шешілетін. Мен де ол кезде үйленген едім, бірақ әлі перзентіміз жоқ болатын. Ал зайыбым Вера мен әскери қызметкер, саптағы сардар болғандықтан, Ауғанстанға аттануыма түсіністікпен қарады...
Бізді Драгобычтан Ауғанстанға бірден жөнелткен жоқ. Әуелі офицерлік құрам жасақталып, сосын бізді кезінде өзім 1965 жылдың қазан айынан 1966 жылдың наурызына дейін сержанттық мектептен өткен Өзбекстанның Самарқан қаласына әкелді. Міне, осы байырғы шаһарда сардарлық-сарбаздық тұрғыдан толығып, қару-жарағымыз да молайып, нағыз әскери бөлімге айналдық. Сосын бізді КСРО-ның оңтүстіктегі ең шеткі нүктесі Көшке қаласына (Түрікменстан) жөнелтті. Мұнда біздің қару-жарақ әлеуетіміз одан сайын күшейе түсті. Көп ұзамай біз Көшкеден Ауғанстанның Герат шаһары арқылы көрші елге еніп, Ауғанстанның батысындағы Шынданды елдімекенінің маңындағы алаңқайға аялдадық. Осы жерде өз әскери бөліміміздің «28-реактивті артиллериялық полк» деген ресми атауын алдық.
Біз КСРО шекарасынан өтіп, Ауғанстанға дендеп енгенше түсі қызғылтым асфальт-бетон жолмен жылжып отырдық. Бұл совет құрылысшыларының төсеген жолы еді. Соғыс жүріп жатқан көрші елдің аумағына енгеннен-ақ бітпейтін түксиген, түнерген таулар тізбегі басталды. Айнала сұп-сұр. Көбі – саздан соғылған төбесі тегіс жатаған үйлер. Ішінара ғана жергілікті шонжарлардың тастан салынған еңселі баспаналары ұшырасады.
Біз КСРО шекарасынан өтіп, Ауғанстанға дендеп енгенше түсі қызғылтым асфальт-бетон жолмен жылжып отырдық. Бұл совет құрылысшыларының төсеген жолы еді. Соғыс жүріп жатқан көрші елдің аумағына енгеннен-ақ бітпейтін түксиген, түнерген таулар тізбегі басталды. Айнала сұп-сұр. Көбі – саздан соғылған төбесі тегіс жатаған үйлер. Ішінара ғана жергілікті шонжарлардың тастан салынған еңселі баспаналары ұшырасады. Тым жұпыны киінген өңі жүдеу жергілікті тұрғындардың тұрмысы да өте жадау екені айтпай-ақ аңғарылып тұрды. Айтпақшы, жолай біз шетелдік журналистерге тап болдық. Олар әскери техникаларымыздың маңында фотоға түсіруге тырысып, машиналарымыздың кабина-кузовтарының ішіне үңілуге әрекеттеніп, өз тілдерінде сұрақтар қойып, аузымызға диктофон тосып, біраз әуреге түсті. Біз олардың тілін түсінбедік. Егер аяқастынан азаматтық киім-кешектегі біздің кісілер, яғни КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келіп, жаңағы журналистерді оқшауламағанда, әлгі күтпеген кездесу немен аяқталарын кім білсін... Есесіне қой бағып жүрген 12-13 жасар бақташы баламен әуелі ымдап сөйлесіп, біраз аялдадық. Бала байдың қойын бағып жүр екен. Оның арқасындағы кенеп дорбада жаңа ғана туған қошақан болды. Біздің арамыздағы татар ұлтының өкілі Марат Ахметзиянов дарий тілін ауызекі білетін болып шықты. Соның айтқанынан ұққанымыз – жаңа туған қошақанды аман алып қалғаны үшін бай балаға 3 ауғани беретін көрінеді. 3 ауғани дегеніміз – сол кездегі КСРО ақшасына аударғанда 5 тиынның бағамы. Қойшы бала көрікті жасөспірім болатын, оның ақылды, зерек екені аялы да ойлы көз-жанарынан аңғарылып тұрды. Сол сәтте маған «Бұл баланың болашағы қалай қалыптасар екен?» деген мазасыз ой келді. Қоштасарда мен оған «Жасөспірім ауғандық, оқып-жазуды үйрен. Білім-ғылымға ұмтыл» деп жазып, су жаңа қалың дәптер сыйладым. Біз Ауғанстанға кіргенде бұл елдің халқының 95 пайызы сауатсыз еді. Бірақ өздерінің Құранға сай, шариғатқа сәйкес таным-түсінігімен өмір сүріп жатқан ауғандықтар рухани тұрғыдан бізден анағұрлым адал, әлдеқайда таза еді. Ауғанстандықтарды қазіргі заманғы әлем-жәлем мәдениетсымақпен біз, яғни еуропалықтар мен америкалықтар уладық...
– Сізді Ауған соғысының от-жалынынан өткен ресейлік әйгілі әскери генерал, бертін келе Ресей Мемлекеттік думасының депутаты болған марқұм Лев Рохлинмен әскери училищеде бірге оқыған деп естідім...
– Айтып отырғаныңыз рас, генерал Рохлин – менің курстасым. Лев Яковлевич жас кезінен-ақ албырт өжеттігімен және табандылығымен ерекшеленді. Әскери училищені тамамдап, қолымызға диплом тиген кезде Лев Рохлин «Мен Түркістан әскери округінің ең оңтүстігіне барамын!» деп климаттық жағдайы өте күрделі, жазда аптап ыстық, елсіз-сусыз Қазанжық, Елатаң, Тақтабазар секілді гарнизондарға өзі сұранды. Біздің Лева секілді өжет жас офицерлердің әлгіндей жерлердегі әскери бөлімдерге сұрануының да өзіндік себебі бар-ды. Өйткені ондай әскери бөлімдерде сардарлардың шені де, қызметі де тез көтерілетін. Әрі ондай өте ауыр әскери соқпақтан абыроймен өткен офицерге Мәскеудегі Жоғары әскери академияның есігі де айқара ашық-ты. Лев Яковлевич 1982-1984 жылдары Ауғанстанның Бадахшан провинциясында мотоатқыштар полкінің командирі ретінде соғыстың өтінен өтті. Ауған жерінде екі рет жараланды. 1984 жылдың күзінде екінші жараланғаннан кейін Рохлин елге қайтарылып, полк, дивизия командирі ретінде әскери қызметте болды. Ол 1993 жылы Бас штабтың әскери академиясын үздік бітіргеннен кейін Волгоградтық 8-гвардиялық армия корпусының қолбасшысы, Волгоград гарнизонының басшысы секілді қызметтерде болды. 1994 жылдың бірінші желтоқсанынан 1995 жылдың наурыз айына дейін генерал Рохлин Шешенстандағы 8-армиялық корпустың қолбасшысы ретінде Грозныйдың біраз ауданын, соның ішінде президент сарайын да алуға атсалысты. Ол өте қауіп-қатері мол бұл мақсатқа аз адам шығынымен қол жеткізді. Осы әскери операцияларды ұйымдастырудағы қолбасшы ретіндегі әскери шеберлігі және жеке ерлігі үшін генерал-лейтенант Л.Рохлин Ресей Қаһарманы атағына ұсынылған болатын. Бірақ ол «Азаматтық соғыста қолбасшылар атақ-даңққа бөленбеуі тиіс. Шешенстандағы соғыс Ресей үшін мақтан-мерей емес, қайғы-қасірет!» деп мәлімдеп, жоғары атақтан бас тартты...
Менің әскери тағдырым генерал-полковник, Кеңес Одағының Батыры Борис Громовпен де тоғысты. Шынданды аймағындағы біздің 28-дербес артполктың маңында 5-гвардиялық мотоатқыштар дивизиясы орналасқан болатын. Көп ұзамай осы дивизияны командир ретінде полковник Б.Громов қабылдап алды. Ал бұл менің осы дивизияның саяси бөліміндегі қызметіме енді кіріскен кезім еді. Громовпен бірге бірнеше ірі операцияларға қатыстым. Әлгіндей әр ауыр шайқастың алдында ұтқыр топ құрылып, штабтың, жедел бөлімнің және біздің саяси бөлімнің өкілдері алдағы ұрыс қимылдарының жай-жапсарын комдивпен бірге мұқият талқылайтынбыз. Борис Всеволодович алғашқы күндерден-ақ өз ісін жетік білетін, өзіне сенімді, батыл офицер ретінде айналасындағыларға жақсы әсер қалдырды. Кейін ол Ауғанстанға әскери іссапарға үшінші рет келіп, 40-армияның қолбасшысы ретінде зор танымалдыққа ие болды...
– Анатолий Владимирович, Кеңес Одағының Батыры, Ресейдің Қаһарманы Қайыркелді Майданов туралы әңгіме бола қалса, сіздің көзіңіз жанып кететінін байқадым...
– Енді қалай болуы керек, ол біздің жерлесіміз ғой! Кеңес Одағының Батыры, Ресейдің Қаһарманы, даңқты полковник Қайыркелді Майданов біздің облыстың Сырым ауданындағы Тасқұдық ауылында 1956 жылдың жетінші ақпанында өмір есігін ашып, Теректі ауданының Шағатай ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепті бітірген. Отан алдындағы әскери борышын өтегеннен кейін ол 1976 жылы Саратовтағы ұшқыштар даярлайтын училищеге оқуға түседі. Училищені тамамдаған соң Одесса, Забайкалье және Түркістан әскери округтерінде әскери қызметте болған Қ.Майданов 1984 жылы Ауғанстанға алғашқы әскери іссапарға жіберіледі. Ал 1987 жылы Майданов Ауғанстанға екінші рет аттанады. Ол «Ми-24» тікұшағымен Панджшер, Ташқұдық, Мазари-Шәріп, Ғазни, Жалалабад аумақтарындағы десанттық операцияларға қатысты. Ауғанстанда болған 15 айдың ішінде Сайынның Қайыркелдісі 200 барлау тобын діттеген жерге аман-есен жеткізіп, әрі Майдановтың экипажы дұшпандардың ондаған қару-жарақ керуенінің көзін жойды. 1988 жылы Майданов өз тікұшағымен жау атып түсірген 2 тікұшақтың экипажына қоса, қоршауда қалған арнаулы жасақты, ұзын саны 46 кісіні бір рейспен аман-есен қауіпсіз жерге жеткізді. (Негізінде, «Ми-24» тікұшағы бүкіл қару-жарағымен ең көп дегенде 18 жауынгерді ғана алып жүруге лайықталған). Осы ерлігі үшін Қайыркелді Майдановқа 1988 жылдың 29 шілдесінде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Әрине, Майдановтың майдан жолы тек ерлікке ғана емес, сонымен қатар қауіп-қатерге де толы болды. Дұшпандар оның соңынан шырақ алып түсті. Мысалы, оның тікұшағына екі рет «Стингеры» зымыраны тиді. Ауғанстанда болған жылдары Қ.Сайынұлы 1 250 рет жауынгерлік жорық үшін көкке көтеріліп, айқас аспанында 1 100 сағат ұшты. 1998 жылдан тікұшақ полкінің командирі Қ.Майданов бертін келе лаңкестікке қарсы әскери іс-шараларға да атсалысты. Мәселен, ол Дағыстанда 6 тактикалық десанттық топты сәтті түсірді.
2000 жылғы 28 қаңтарда Солтүстік Кавказ әскери округінің қолбасшысы, генерал-полковник Казанцев пен бірнеше журналисті лаңкестерден құтқарды. Ал осы оқиғадан тура бір күннен кейін ержүрек жерлесіміз кезекті жауынгерлік тапсырманы ойдағыдай орындап келе жатқанда, лаңкестердің мергені оның өмірін қиды. Қаза тапқаннан кейін лаңкестерге қарсы күрестегі жанқиярлық ерлігі үшін полковник Майдановқа Ресейдің Қаһарманы атағы берілді.
Менің әскери соқпағым Қайыркелді Сайынұлының жауынгерлік жорық жолымен қиылыса қойған жоқ. Бірақ мен оның ерен ерлігіне қарулас достарының естеліктері, телехабарлар мен газет материалдары арқылы жақсы қанықпын. Сол себепті, мен өзіміздің жерлесіміз, полковник Қайыркелді Майдановты мақтан тұтамын. Оның өмірі Отан-анаға қалтқысыз қызмет ету мен Әскери антқа адалдықтың өшпес өнегесі!
– Әңгімеңізге рақмет!