Қытайда коронавирустың салдарынан оннан аса қала карантинге жабылды. ҚХР билігі қауіпті вирустың таралуына жол бермеуге тырысып баққанымен, аурудан қайтыс болғандардың саны 26-ға жеткен.
Елде пайда болған жаңа вирус түріне ғалымдар «тәж вирусы» деген ат беріп отыр. Тәж вирусы ҚХР шекарасынан асып, АҚШ, Таиланд, Оңтүстік Корея, Жапония және Вьетнам мен Сауд Арабиясында да аталған дерттің белгілері тіркелуде.
Сәрсенбі күні ҚХР билігі Ухань қаласын карантинге жабу туралы шешім қабылдаған. Себебі вирус алғаш рет дәл осы Уханьда тіркелді. Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында 8,9 млн (кейбір деректе 11 млн) тұрғын бар. Ал бейсенбіде Бейжің Уханьнан 70 шақырым жердегі Хуангань қаласын жапты.
Қауіпті аурудың жылдам тарап жатқаны соншалық, оны жұқтырғандар саны 830 адамнан асып кеткен соң, билік оншақты қаланың тұрғындарының жүріс-тұрысына шектеу қойып, қатаң бақылау орнатты. ҚХР-да көлік қатынасы мен барыс-келіс тыйылған қалалар мен елді мекендер мыналар: Ухань (11 млн адам), Чиби (534 мың), Эчжоу (1,08 млн), Хуанган (7,5 млн), Сяньтао (1,6 млн.), Чжицзян (550 мың), Цяньцзян (963 мың), Хуанши (2,7 млн), Эньши (809 мың) және Сяньнин (2,5 млн). Осылайша, карантин жалпы тұрғын саны 29,2 миллионды құрайтын провинцияны тұтас қамтыды.
ҚХР тәж вирусымен күресу үшін Уханьда 1 000 орындық арнайы аурухана салуға шешім шығарған. Биліктің тапсырмасына орай, 25 мың шаршы метр аумағы бар емдеу мекемесі бір аптаның ішінде салынып, 3 ақпанда пайдалануға берілуі тиіс.
«Жағдайдың ушығуына байланысты ресми Бейжің елде Жаңа жыл мерекесін жаппай тойлауға тыйым салды» деп хабарлады Bejing News газеті. Өйткені 25 қаңтарға қараған түн – Қытай күнтізбесі бойынша Жаңа жылдың бастауы саналады. Дегенмен билік халыққа жылдағыдай жаппай қыдыруды тоқтатып, үлкен шараларға бармауға кеңес берді.
Тәж вирусы деген атау берілген індет туралы бір анық мәлімет бар, оны жұқтырған адамның өкпесі қабынып, пневмония дертіне шалдығады. Тәж вирусының (2019-nCoV) нақты қайдан шыққаны әзірге белгісіз. Эпидемиолог мамандар оны теңіз сүтқоректілері тасымалдауы мүмкін деген болжам жасап отыр. Мысалы, ауру ошағы саналатын Ухань қаласындағы көтерме базарда тауық, жарқанат, қоян мен жылан сатылады. Олардан да инфекцияның көзі ізделіп жатыр. Ухань қаласындағы вирус туралы хабар алғаш рет 2019 жылдың 31 желтоқсанында елдегі аса танымал WeChat мессенджері арқылы тараған. Ал 1 қаңтарда ресми ақпарат жариялап, қала басшылығы Хуанань балық базарын жауып тастайды.
Сондай-ақ ғалымдар тәж вирусы SARS вирусының өзгеше бір түріне жатады деген тұжырым жасады. Айта кетейік, SARS 2002-2003 жылдары Қытайда қатты тарап, 8 098 адам ауырып, 774 тұрғынның өмірін жалмаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дәл қазір барлық мемлекетке сақтық шарасын сақтап, авиатасымалдауға шектеу қоюды ұсынып отыр.
18 қаңтардан бері АҚШ-тың Сан-Франциско, Лос-Анджелес, Нью-Йорк әуежайлары Қытайдан келетін әуе рейстерінің жолаушыларын тексеруге кірісті. Гонконг, Тайвань, Сингапурда қауіпсіздік мақсатында эпидемиологиялық бақылау күшейтілді. Қазақстан билігі де қатерлі инфекция шекарадан өтпеуі үшін шама-шарқынша бәрін жасап жатыр. Әуежайларда, теміржол вокзалдары мен көлік құралдарының кіру пункттерінде санитарлық қызметтер жұмыс істейді. Егер жолаушыдан аурудың нышандары анықталса, экипаж не істеу керегін біледі. Дегенмен Қытайда өршіп жатқан тәж вирусы Қазақстан аумағында тіркелген жоқ. Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандарбек Бекшин осылай деп мәлімдеді.
P.S.
Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында СІМ өкілі Айбек Смадияров Ухань қаласында 230 қазақстандық студент тіркелгенін айтты.
«Бүгінгі таңда қалада 98 студент қалып отыр. Ал қалғандары демалыстың басталуына байланысты Қазақстанға және басқа да елдерге кетіп қалған. Біздің дипломаттар Уханьдағы барлық студентпен байланыс орнатқан. Оларға танымал мессенджерлер арқылы Ухань мен Қытайдың басқа қалаларында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайлар кезінде қабылдау қажет сақтық шаралары мен тәртіп ережелері туралы хабардар етілген. Біздің студенттер оқитын ЖОО басшыларымен тікелей жұмыс байланыстары орнатылған», – деді ол.
Сонымен қатар карантиннің енгізілуіне байланысты Қытай аумағындағы біздің азаматтар үшін Бейжіңдегі Қазақстан елшілігі тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі ашты. Телефондарды елшіліктің веб-сайтынан немесе СІМ сайтынан қарауға болады.