Н.Назарбаев: Ресей – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі
Н.Назарбаев: Ресей – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі
261
оқылды

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкинді қабылдады. Бұл туралы Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесу барысында тараптар еуразиялық экономикалық интеграция аясындағы екіжақты  ынтымақтастық пен өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.

Елбасы Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан қарым-қатынастардың ерекше сенімді сипатқа ие екенін атап өтті.

­– Біз он мың бірлескен кәсіпорын құрдық. Ресей – Қазақстанның ең ірі экономикалық серіктесі. Мен жұмыс істеген жылдардың бәрінде біз Сіздің еліңізбен жақын және сенімді қарым-қатынас орнаттық. Бүгін біз барлық уағдаластықтарымызды бекем ұстанып келеміз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету және кеңейту үшін бірлескен шаралар қабылдаудың маңыздылығын атап өтті.

– Ресей барлық бағытта біздің негізгі одақтасмыз, серіктесіміз болып қала береді. Біз қарым-қатынастарымызды бағалаймыз және әрі қарай дамыта береміз. Мен бұрын айтқанымдай, санкциялар жағдайында экономиканың түрлі салаларында бірлескен кәсіпорындар құруға ерекше назар аудару керек, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті елшілік қызметі алдағы уақытта да екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды жақындатуға және нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді.

–  Ресейде тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы және сәулетшісі, Тұңғыш Президент – Ұлт көшбасшысы ретінде Сізге үлкен құрметпен қарайды. Сіз дамудың стратегиялық бағытын сақтаудың кепілі болып қала бересіз,  – деді Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі.

Сондай-ақ, Ресей Елшісі сыртқы саясат пен қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту үшін перспективаның бар екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан мен Ресейдің бірлескен кәсіпорындарын құру және дамыту, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастықты жақсарту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етілді.