Республика бойынша, барлық типтегі көлік пен тіркемелердің жалпы саны 4 566 198 болса, олардың 82 пайызы жеңіл машиналар. Бұл туралы Қазақстан автобизнес қауымдастығы хабарлады.
Елімізде 446 475 дана ауыр жүк көлігі, 241 259 тіркеме мен жартылай тіркеме, 63 058 мототехника мен 59 516 автобус бар. Техниканың дені негізінен елдің оңтүстік-шығыс аймағында шоғырланған. «Жалпы, көліктер мен тіркемелердің қолданыстағы жылы 20 жылдан асып кеткен (2 485 161). 10 мен 20 жыл аралығындағы көліктердің саны 959 263. Сонымен бірге, 1 миллионға тарта көліктің жасы 3 пен 10 жыл аралығында. Үш жылға дейінгі көліктердің саны 176 661 авто», - делінген хабарламада.
Қазақстанда ең көп кездесетін көліктердің көшін ВАЗ/Lada (757 960 дана) бастап тұр. Аталған автокөлік түрлерінің мінілгеніне 20 жылдан астам уақыт өтіп кеткен. Ал екінші орындағы Toyota маркалы көліктердің саны 487 453 авто.
Сондай-ақ, тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға Германиядан миллионға тарта машина жеткізіліпті. Ең көп кездесетін неміс бренді Volkswagen. Аталған марка бойынша Қазақстанда 294 мың көлік бар. Одан кейінгі орындарда Audi – 224 мың авто мен Mercedes-Benz (190 мың) орналасқан.