Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін "Назарбаев" сыйлығын осы жылы комитет мүшелері бір ауыздан МАГАТЭ-нің бас директоры болған марқұм Юкио Амано мен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының атқарушы хатшысы Лосина Зербоға беруді қолдады.
Іс-шара барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жылғы ұсынылатын сыйлықтың өзіндік мәні бар екенін – осы жылы Қазақстанның ядролық қаруды таратпау туралы МАГАТЭ ұйымына қосылғанына 25 жыл, сондай-ақ ядролық қарудан азат Орталық Азияда аймақ құру туралы Келісімнің күшіне енгеніне 10 жыл толғанын атап өтті. Өз сөзінде Қ.Тоқаев Қазақстан ядролық мемлекеттер қатарынан жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы болғанын алға тартты. «Бұл ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының кемеңгер жетекшілігінің арқасында мүмкін болды», - дейді мемлекет басшысы. Бұл мақсатқа жетудің қаншалықты сын-қатерге толы болғанын айтқан Қ.Тоқаев «біздің халық қару-жарақ жарысы мен әскери сынақтардың салдары қандай болатынын жақсы біледі. Қанша дегенмен, КСРО-ның ядролық сынақтарының 2/3 бөлігі біздің елде жүргізілді»,- деді.
Мемлекет басшысының айтуынша, Юкио Амано халықаралық қауіпсіздікті күшейту, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт пайдалануда айтарлықтай үлес қосты. Амано Қазақстандағы аз байытылған уран банкін құруда, Иранның ядролық мәселесінің түйінін шешуде маңызды рөл ойнады.
Ал Лосина Зербо Ядролық сынаққа тыйым салу ұйымы мониторингінің халықаралық желісін құруда үлкен еңбек сіңірді. Сондай-ақ, ол Келісім Ұйымының көрнекті қайраткерлері мен жастар тобын құру бастамасын көтерді.
Ядролық қарусыз әлем және жаһандық қауіпсіздік үшін "Назарбаев" сыйлығы 2016 жылдан бері табысталып келеді. Екі жылда бір рет беріледі. Сыйлықты тағайындаудың мақсаты - саяси және қоғамдық жетекшілер мен ұйымдардың ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудегі және әлемдік қақтығыстарды шешудегі еңбегін мойындау және бағалау. Сыйлықтың алғашқы лауреаты - Иордания Королі ІІ Абдолла. Иордания Короліне Таяу Шығыстағы жаппай қырып-жою қаруынан азат аймақ құруда қолдау танытқаны және 1,5 миллионға жуық сириялық босқындарды қабылдағына үшін берілді.