Депутаттар өңірде жүр
Депутаттар өңірде жүр
310
оқылды

Мәжіліс депутаттары ел-жерді аралап, аймақтардың тыныс-тіршілігімен танысты. Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Аманжан Жамалов Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 қалалық аурухананың ұжымымен кездесті. Аурухана ұжымымен әңгімелесу барысында көптеген мәселе айтылды. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізудің артықшылығы, оның медициналық мекемелерге тигізер пайдасы, медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеру мәселелері сөз болды.

Депутат сонымен қатар Nur Otan партиясының Төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2019 жылғы 21 тамыздағы партияның кеңейтілген Саяси кеңесі отырысында жүктеген міндеттерді іске асыру жайын тілге тиек етті.

– Елбасы белсенді сауда саясатын жүзеге асырудың және қаржы секторы­ның тұрақтылығын қамтамасыз ету бо­йын­ша шаралар қабылдаудың маңыз­дылығын атап өткен болатын. Кеңесте сонымен қатар жасанды интеллекттің бірінші орынға шыққаны да айтылды. Бұл орайда жасанды интеллект барлық саланы өзгертетінін, соның ішінде ден­саулық сақтау саласы мен өнеркәсіп және қаржы секторы да бар екенін атап өткен жөн, – деді А.Жамалов.

Кездесу соңында парламенттік фрак­ция мүшесі аурухана ұжымын Конс­титуция күнімен құттықтап, медицина мекемесінің үздік қызметкерлерін Құрмет грамоталарымен және бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Бұл күні Маңғыстауға жұмыс са­парымен барған Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков өңірдегі бірқатар нысанды аралады. Халық қалаулысы «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС-на барып, ұжыммен кездесу өткізді. Содан соң мекеменің мұражайына бас сұғып, кәсіпорынның тарихымен танысып, ТЭЦ-2 жұмысына баға берді.

Кәсіпорын Ақтау қаласы мен жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын, сондай-ақ өңірдің өнеркәсіптік кәсіп­орындарын ауызсумен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз етіп келеді. Бүгінде мекемеде төрт мыңға жуық маман жұмыс істейді. Қазіргі уа­қыт­та комбинаттың 600 Мвт-тан астам элек­тр қуатымен жұмыс істеуге және тәу­лігіне 60 мың текше метрден астам дис­тиллят шығаруға толық мүмкіндігі бар.

Депутат әңгіме барысында әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударылып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән беріліп келе жатқанын жеткізді. Кездесуде сондай-ақ бірқатар өзекті әлеуметтік мәселелер көтеріліп, айтылған барлық ұсыныс-пікірді ескеретінін айтты.

Шымкент қаласына жұмыс сапа­рымен келген Мәжіліс депутаты, Nur Otan партиясының фракция мүшесі Бақытбек Смағұл энергетикалық сусын мен шырын шығаратын «Болашақ 7» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Жаңа өндіріс зауыты «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Зауыттың өзіндік құны 1 млрд теңгені құрайды. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қолдау тапқан кәсіпорын заманауи қондырғылармен жабдықталған. Депутат өндіріс орнының жұмысымен танысып, зауыт жұмысшыларымен кездесті. Сусындардың дәмін көрген Мәжіліс депутаты, зауыт өніміне және тауар белгісіне жоғары баға берді.

– Темір құтыдағы өнім шығаратын еліміздегі бірден-бір өндіріс осындай қарқынмен жұмыс істеп жатқаны қуантады. Зауыт басқа да өте сапалы сусындармен елімізді қамтамасыз ете отырып, оны шетелге де экспорттайды. Біздің өнімдерге шетелдерден, оның ішінде көршілес Өзбекстаннан сұраныс бар. Өкінішке қарай, біздің өнімдерімізге олардың салығы 4 есе қымбат. Ал, елі­мізге кіріп жатқан шетелдік компаниялар­дың өнімдерінің салығы аз. Алдағы уа­қытта Парламентте Nur Otan партия­cы­мен бірге салық мәселесін шешетін бо­ла­мыз. Еліміздің дамуына үлес қосып отыр­ған кәсіпорындарға жағдай жасау – біздің міндеттеріміздің бірі, – деді Бақытбек Смағұл.

Алматы шаһарына арнайы жұмыс сапарымен барған Мәжіліс депутаттары Серік Сейдуманов пен Светлана Бычкова шаһардағы кәмелеттік жасқа толмаған балаларды уақытша қабылдайтын орта­лыққа бас сұғып, мекеменің жұмы­сымен, қызметкерлердің жағдайымен танысты.

Маңызды кездесуге партия мен мем­лекеттік орган өкілдері және мәслихат депутаттары да қатысты. Қатысушыларды партияның қалалық филиалы төраға­сының орынбасары Арман Халбеков алып жүрді. Аталған орталық қалалық білім басқармасына тікелей қарайды. Яғни, кәмелетке толмаған балалардың құқығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған және ашық тәрбие беретін бірегей мекеме саналады. Мұнда түрлі қиын жағдайға тап болған отбасылар балаларын табыстап кетеді екен. Олар өз балаларын алып кеткенше мекеме қыз­меткерлері балаларға тәрбие беріп, олар­дың дұрыс қалыптасуына барынша еңбек сіңіреді. Әлеуметтік психологиялық кө­мек­ті басты орынға қойған мекемеде қа­з­іргі таңда 20-ға жуық қызметкер жұ­мыс істейді. Ал орталықта 18 бала бар.

Айта кетейік, мекеменің жұмыс істеп жатқанына биыл 12 жыл болды. Өкі­ніш­тісі, іздеусіз қалған бүлдіршіндер алты айдан кейін балалар үйіне өткізіледі. Бұл орайда, халық қалаулылары аталған мәселені жіті назарда ұстамақ.

– Қазіргі кезде балалар құқығын қорғау саласында қызмет атқаратын мекемелерге қатысты заң жобасы әзірленіп, оған Мемлекет басшысы қол қойды. Сондықтан сондай мекемелерде қызмет ететін қызметкерлердің мұң-мұқтажына құлақ түріп, қандай мәселелер бар екенін қарастыру үшін осында келіп отырмыз. Ешбір бала бақылаусыз қалмау керек. Бұл жолда қоғам болып қызмет атқарған абзал, – дейді Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова.

Мекеме балаларды материалдық тұрғыдан ғана қамтамасыз етіп қоймай, олардың саналық тұрғыдан да өсіп-дамуына ықпал етеді. Бұл орайда барлық құзырлы органмен байланыс орнатылған.

 

Абылайхан ЖҰМАШ,
Абай АЙМАҒАМБЕТ