Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясы облыстық филиалының Саяси кеңесі мәжілісінің отырысы өтті. Жиында партияның халық сенімінен шығуы үшін партия мүшелерінің елге мінсіз қызмет етуі, жас толқынға үлгі болу арқылы партияға сенімділікті арттырып, қоғамда бірлік пен берекені нығайтуы қажет екені айтылды.
Облыстық Саяси кеңес бюросының отырысын алғысөзбен ашқан аймақ басшысы Н.Ноғаев «Кеңейтілген отырыста Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Партия Төрағасы сайлау заңнамасын реформалау нәтижелеріне тоқталып, қабылданған пропорционалды жүйе озық әлемдік тәжірибеге сай келетінін және демократияны дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.
Сонымен қоса, Тұңғыш Президент «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Атап айтқанда, Елбасы бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды. Партияның Мәжілістегі фракциясының жұмысын барынша күшейту міндеті жүктелді. Бұл партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі» деген аймақ басшысы Н.Ноғаев партияға деген сенімді арттыру үшін барлық қойылған міндет пен берілген уәде орындалуы керек. Бұл мақсатқа қол жеткізуде барлық партия мүшесі қажырлы еңбек етуі тиіс деді.
Партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Бақберген Қарабаев азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын жақсарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың облыста орындалу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Жиында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешев партияның алдында тұрған міндет – коррупцияның алдын алу бойынша жұмысты күшейту, ақпараттық стратегияны түбегейлі қайта қарау, идеологиялық жұмысты күшейту деп қоғамды жаңа бастамаларға бастайтын тың ойларын ортаға салды.
– Әлеуметтік желілерде, азаматтарды жеке қабылдауда кейде біздің атымызға сын айтылып жатады. Мемлекеттің міндеті – адамның бар мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау, оның дамуына ықпал ету. Басқасының барлығына ол өзінің білімімен, білігімен, күш-жігерімен қол жеткізуі тиіс. Өңірімізде жұмысқа орналасуға мүмкіндік жеткілікті, өз ісін ашу үшін түрлі бағдарламалар бар. Талпынған адамға әрдайым жұмыс табылады. Ең бастысы – басқаға иек артудан, мемлекетке деген тұтынушылық көзқарастан арылу қажет, – деп атап айтты Нұрлан Ноғаев.
Бұл бағыттағы проблемалық мәселе – бірқатар азаматтар біреуге иек артуға дағдыланып қалған. Отырыста айтылғандай, мемлекет шын мәнінде мұқтаж болып отырғандарға ғана көмектесуі керек.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын қолдаудың тиімді құралы бір реттік көмек емес, жұмысқа орналастыру, оқыту және қайта оқыту, өз ісін ашу үшін несие ұсыну сияқты шаралар болуы тиіс. Бүгінде облыста 6,5 мың отбасы адресті әлеуметтік көмек алады. Бұған 1,9 млрд теңге бөлініп отыр. Осыдан бір жыл бұрын көмек алушылардың саны 2,2 мың отбасын құрап, оған қажет қаражат 500 млн теңгеден аспайтын еді.
Атырау облысы