Қазіргі алмағайып заманда қазақстандықтар алауыздыққа – ауызбірлікті, дағдарысқа – сенімді, қақтығысқа – келісімді қарсы қоя алады. Бұл ұлттың бойына тың күш-қуат құяды, жаңа биіктерді бағындыруға жігер береді, жарқын болашаққа жетелейді. Осы орайда биылғы 17 шілдеде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қазақстан Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ережесін және құрамын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойғаны мәлім.
Ал осы сәрсенбіде, Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық кеңестің бірінші отырысына дайындық жөніндегі ұйымдастыру кездесуі болды.
Оның қарсаңында Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді. Белгілі қоғам қайраткері, публицист Сейдахмет Құттықадаммен әңгімелесу барысында кеңес жұмысының өзекті мәселелері, аталған диалог алаңының еліміздің әлеуметтік-саяси өміріндегі рөлі талқыланды. Сонымен қатар қазіргі ішкі саяси ахуал және Орталық Азиядағы өңірлік үдерістер тақырыптары тілге тиек етілді.
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Асылбек Қожахметовпен жүздесуде азаматтық қоғамды дамыту, мемлекеттік органдар жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін арттыру мәселелері қарастырылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтық секторды нығайтудың және оның әлеуетін әртүрлі салада пайдаланудың маңызын атап өтті. Бұған қоса, білім және ғылым саласын жаңғырту, университеттердің жаңа рөлі мен олардың мүмкіндіктерін ұлттық экономиканы реформалау ісіне пайдалану жайында сөз болды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалимен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында ұсынылған бастамаларды өмірде іске асыру мәселелерін талқыға салды. Сонымен бірге, елімізде этнотуризмді кеңінен насихаттау қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Ал Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысына дайындық жөніндегі ұйымдастыру кездесуіне Президент Әкімшілігінің басшысы, Ұлттық кеңес Төрағасының орынбасары Қырымбек Көшербаев жетекшілік етті.
Ұлттық кеңес мүшелері қатысқан бұл жиында кеңес қызметінің бағыттары мен тетіктері талқыланды, сондай-ақ Ұлттық кеңестің алдағы аптадағы маңызды шарасын – тұңғыш отырысын өткізуге әзірлік жайы пысықталды. Бұдан бөлек, оның аясында әрекет ететін жұмыс топтары да құрылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы ережеге сәйкес, ұлттық кеңес мүшелеріне куәліктер тапсырылды.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бірінші отырысын 2019 жылғы 6 қыркүйекте, яғни алдағы жұмада елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отыр.
Айта кету керек, 17 шілдедегі Президент Жарлығына сәйкес, бұл кеңес құрамына көрнекті қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, экономистер, саясаттанушылар, қоғам белсенділері, адам құқықтары жөніндегі уәкіл кірді. Ұлттық кеңес Мемлекет басшысы жанындағы консультативтік-кеңесші орган мәртебесіне ие. Оған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі басшылық етеді.
Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жұртшылық, саяси партиялар, азаматтық қоғам өкілдерімен кеңінен талқылау арқылы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдау жүктелуде.
Бірақ негізгі міндеті тек сонымен шектелмейді: ол Үкімет әзірлеген тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік-құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізетін болады. Қазақстандықтар пікірін ескере отырып, маңызды стратегиялық проблемаларды қарайды.
Халықтың, партиялардың, үкіметтік емес сектордың және меморгандардың өкілдері арасындағы сындарлы диалогты да сол қамтамасыз етуі тиіс.
Ұлттық кеңес құрамы төрағасынан, оның орынбасарынан, мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Жоғарыда айтылғандай, Төрағасы – Қазақстан Президенті.
Төраға неге жауапты? Ол ұлттық кеңестің қызметіне жалпы басшылық жасайды; оның отырыстарын өткізу орны мен уақытын айқындайды, кеңес төрағасының орынбасарына, хатшысына және мүшелеріне тапсырма беруге де құқығы бар.
Ұлттық кеңестің отырыстары қажетіне қарай өткізіледі, бірақ жылына 3 реттен жиі өткізіле алмайды. Оның отырыстары «жалпы пленарлық» және «тақырыптық» болып бөлінеді. Алдағы аптадағысы – пленарлық отырыс болады деп күтілуде.
Кеңес шешімдері оның отырысына қатысқан мүшелерінің дауыс беруі арқылы көпшілік дауыспен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, төрағаның даусы шешуші болып есептеледі.
Осының алдында журналистерге берген сұхбатында Ұлттық кеңес хатшысы, Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин биылғы жылғы шілде және тамыз айларында Алматы мен елордада кеңес мүшелерінің жұмыс кездесулері өткенін хабарлады. Олар барысында тұңғыш отырысқа дейін жеке ұйымдастырушылық жиын өткізу қажеті жөнінде шешім қабылданыпты.
«Бұл ішкі, жұмыс мәселелерін – Ұлттық кеңес қызметінің жалпы регламентін қабылдау, жұмыс топтарын құру және олардың құрамын қалыптастыру және басқаларын талқылап, пысықтау үшін керек болды» деп түсіндірді Е.Қарин.
Ұлттық кеңестің шешімдері Төраға – ел Президенті қол қоятын хаттамамен ресімделеді.
Елдос СЕНБАЙ