Ата Заң – алтын тұғыр
Ата Заң –  алтын тұғыр
358
оқылды

Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстанның Конституциясы күніне арналған «Конституцияның цифрлық өркениет дәуірінде мемлекет пен қоғамның трансформациялануы жағдайындағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Елдегі әлеуметтік, құқықтық және демократиялық мемле­кеттің қағидаттарын бекітуде Конс­титуцияның рөлі мен әлеуе­тін жан-жақты талқылауға ар­налған форумды Конс­ти­ту­ция­лық Кеңес ұйымдастырды. Оған Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарының басшылары, Конституциялық Кеңес мү­ше­лері, Парламент депутаттары, Үкі­мет мүшелері, құқық қорғау ме­кемелерінің өкілдері, сондай-ақ белгілі отандық құқықтанушы ғалымдар қатысты.

Конституция – егемендік пен тәуелсіздікті бекітетін аса маңыз­­ды құжат. Мемлекеттілік­тің, қоғамдағы келісім мен тұрақ­­тылықтың берік негізі. Не­гізгі заңды құрметтеу және бұл­жытпай сақтау – алға қойыл­ған ауқымды мақсаттарға жету­дің кепілі. Әсіресе, мемлекеттік органдар Конституцияға тиімді жұмыс істейтін құқықтық құжат ретінде қарауы қажет. Ата заң күніне орай өткен дөңгелек үстелде Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәми осылай деді. Оның айтуынша, бұл үшін конституциялық дүниетанымды дамыту маңызды.

– Конституция – саяси, құ­қық­тық, экономикалық, мә­дени-гуманитарлық салалардың даму бағыттарын айқындайды. Сондықтан қазіргі таңда қа­был­данбақ шаралардың өміршеңдігі Ата заңның жасампаз әлеуетінің толыққанды жүзеге асуымен ті­келей байланысты. Біз барлық күш-жігерімізді Ата заңның жо­ғары заң күшін және тікелей қолданылуын қамтамасыз етуге бағыттауымыз керек, – деді Конс­титуциялық Кеңестің төра­ғасы Қайрат Мәми.

Шараға қатысушылар, мем­лекет пен қоғамның трансфор­мация­лануы кезеңінде құқыққа деген тың көзқарас керегін тілге тиек етті. Сондай-ақ құқық қор­ғау жүйесін жетілдіру, жаппай цифрландыру процесінде жеке тұлғаның мүдделерін қорғау кепілдігін нығайту мәселелері талқыланды. Жоғарғы соттың, Бас прокуратураның, Мемле­кет­тік қызмет істері агенттігінің, Әділет, Денсаулық сақтау, Ақпа­рат және қоғамдық даму ми­нистр­ліктерінің және ғылыми қоғамның өкілдері Конституция негіздерін іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасады.

– Жалпы, IT технологиялар­ды кеңінен енгізу азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын жедел және тиімді қорғау үшін, сондай-ақ сот және құқық қорғау орган­дарының жұмысын оңтайлан­дыруға қолайлы жағдай жасай­ды. Сондықтан азаматтардың конс­титуциялық құқықтары мен бос­тандықтарын іске асыру зор маңызға ие, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэро­ға­рыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.

Сондай-ақ Президент Әкім­ші­лігі басшысының орынбасары Ә.Рақышева, Қазақстан Рес­­публи­­касының Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Қоры атқарушы ди­рек­торының орынбасары И.Рогов қатысушыларға құт­тықтау сөзін арнады.

Дөңгелек үстел аясында Конс­­титуцияның үстемдігін қам­­тама­сыз ету және қазақ­стан­дық­тардың конституциялық мәде­ниетін арттыру ісі бойынша жур­налистер арасында ұйым­дас­ты­рыл­ған конкурстың жеңім­­пазда­рын марапаттау рә­сімі өтті. Бұл кон­курс былтыр Конститу­ция кү­ніне арналған ха­лықара­лық кон­ферен­цияда жариялан­ған болатын.

Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қ.Мәми жеңім­паз­дарды құттықтай отырып, оларға конкурсқа белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты. Лауреаттарға Құрмет грамоталары және ес­телік сыйлықтар берілді.

Конституциялық Кеңестің Төра­ғасы бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдеріне ар­наған сөзінде бүгінгі таңда конс­титу­ция­лық-құқықтық сипат­тағы мә­­се­лелерде маманданған кәсіби жур­налистерге деген үлкен сұра­ныс барын атап өтті.

 

Ақбота ӘЛІМ