Қазақстан халқы ассамблеясы Нұр-Сұлтан қаласының «Жетісу» саябағында Конституция күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстан халқы ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, ҚХА мүшелері мен қоғам қайраткерлері, ҚХА этномәдени бірлестіктері, жастар және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Концерттің ашылуында сөз сөйлеген ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев барша қазақстандықты келе жатқан мемлекеттік мереке – Конституция күнімен құттықтап: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қажымас еңбегінің арқасында Конституциямыз тәуелсіз еліміздің құқықтық жүйесінің өзегіне, дамуымыздың берік іргетасына айналды. Бүгін құқықтық, дамыған мемлекет құру жолын еліміздің басты заңының талаптарына сәйкес жаңа деңгейге көтерудеміз. Ата заңымыздың арқасында қазақстандықтар мәдени және рухани құндылықтарды қайта өркендетудің жаңа мүмкіндіктеріне ие болды. Конституциямыздың жалпыұлттық құндылықтарын құрметтеу нормаларын жүзеге асырудың арқасында көпэтносты Қазақстанда барлық азаматтың келісімі мен бірлігінің іргетасы қаланды» деп атап өтті.
Кеш Жастар жылына орай еліміздің ертеңіне айналатын жігерлі де өнерлі жастарымызды қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
– Бұл шара еліміздегі жас буынның басын біріктіруге жол ашады. Елбасымыз жастар мәселесін назардан тыс қалдырған емес. Біздің мақсатымыз – жастардың басын бір арнаға тоғыстыру. Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан олардың басын неғұрлым көбірек қоссақ, болашағымыз соғұрлым жарқын болады, – деді поляк қоғамының төрайымы Елена Артемовна.
Қазір елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрады. Олардың бәрі Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп, тіршілік кешіп жатыр.
Жиналған қауым Қазақстан халқы ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық топтары мен аспаптық музыка, ән-би ұжымдарының қойылымдарын тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен қайтты.