Тараз қаласында Конституция мерекесіне орай 9 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бой көтерген тұрғын үйлердің берілу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, жаңа қоныстанушыларға кілт табыстады. Шаһардың 15-шағынауданынан жаңа пәтерге ие болғандардың дені көпбалалы және толық емес отбасылар.
– Баспана – қай уақытта да өзекті мәселе. Қала халқының саны өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс көлемі де ұлғаюда. Тәуелсіздік жылдары елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде қалада жаңадан соғылып жатқан 15-шағынаудан орналасқан жер бірнеше жыл бұрын ашық дала болатын, ал қазір жаңа тұрғын үйлер бой көтерген шағынауданға айналды. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Осы мақсатта «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл жалпы 17,6 миллиард теңгеге барлығы 30 көпқабатты (2 118 пәтерлі) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін 28 көпқабатты (1988 пәтерлі) тұрғын үйлерді пайдалануға беру жоспарлануда. Осынау оңды істердің барлығы әлеуметтің әлеуетін әлді ететін ауқымды шаралардың жарқын көрінісі, – деді өңір басшысы.
Бұл күні барлығы 720 пәтер пайдалануға берілсе, оның 200-ге жуығы бағдарлама арқылы банктің тиісті шешімін алған. Яғни, 200-дей отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр. Қалғаны алдағы уақытта «Нұрлы жер», «7–20–25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары арқылы берілетін болады. Жалпы, өңірдегі көпбалалы отбасыларын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында 120 көпбалалы отбасына пәтер кілті табысталды. Оның 93-і – арендалық үй, 27-і – демеушілер есебінен. Жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сондай-ақ тұрғын үй кезегі келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Жамбыл облысы