Дәрмені кеткен доллар
Америкада ұлттық валютаны Федералдық резерв жүйесі (Federal Reserve System) басқарады және басады. Сондықтан осы жеке ұйымның әр мәлімдемесі доллардың әлемдік бағамына ықпал етеді. Әзірге оның қазіргі саясаты және мәлімдемелері доллардың әлсіреуіне себепші болып отыр. Атлант мұхитының арғы жағындағы алпауытта жұмыссыздар армиясының саны күрт артқанын көрсететін есеп жарияланды. Құрама Штаттар экономикасындағы тамыры терең түйткілдер шешілу орнына күшейген. Бұған қоса, Америкада коронавирус індетінің таралуы жалғасты. Геосаяси шиеленіс те ушығып барады: Хьюстондағы консулдығын қуып шыққанына жауап ретінде ҚХР АҚШ-тың Чэндудегі консулдығының ғимаратын бұғаттап, жауып тастады. №1 державаның президенттік сайлау қарсаңында саяси тығырыққа тірелуі де инвесторлардың алаңдаушылығын туғызды. Мысалы, Ақ үй республикалық партия билейтін сенатпен келісіп, экономикаға 1 триллион доллар көлемінде көмек топтамасын бекітуге уағдаласты. Алайда бұған конгреске қожалық ететін демократтар қарсы: олар көбірек шығынды талап етеді. Осының барлығы трейдерлер мен инвесторларды шошытып, олардың жаһандық резервтік валютадан айнуына түрткі болды, сөйтіп алтынға сұраныс артты, ол зор қарқынмен қымбаттап жатыр. Тиісінше, дүниежүзінде өтімділігі азайған доллар бағамы шілденің аяғынан бері құлдырауда. Нәтижесінде, АҚШ валютасының Сингапур долларына шаққандағы құны – 4,5 айлық, жапон иенасына шаққандағы құны – 4 айлық, еуроға шаққанда – 22 айлық, ал Швейцария франкіне шаққанда 5 жылдық минимумға дейін құлады. «АҚШ-та қосымша фискалдық шаралардың қабылданбауы, экономиканы ынталандыратын мардымсыз шараны көздейтін заң жобасының әзірленуі нарықты айтарлықтай есеңгіретіп отыр. Халықтың және бизнестің кірісі мен шығысын қолдауды көздейтін демократиялық басымдықтар көрініс берген стимулдардың үлкен топтамасы қабылданбай, жағдай түзелмейді», – дейді Standard Chartered зерттеу тобының басшысы Стив Энгландер. Әйткенмен, республикалықтар президенттік аламан алдында бастамашы тізгінін қарсыласқа беріп, жеңілісін мойындай алмайды: ендеше конгресс мақұлдайтын үлкен пакетті сенат тосқауылдап тастайды. Бір сөзбен айтқанда, «былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері.Тоқтаусыз тайғанақтаған теңге
Қазақ елі – доллардың «жұмағы». Қолында 1 мың АҚШ валютасы бар кез келген қатардағы қонақ Қазақстанда байға айналады. Бізде доллар құны одан әрі жоғарыламаса, түсер емес. Кейінгі апталарда 1 доллар 418-426 теңгеге көтерілді. Тіпті, мұнай бағасының сәуірдегі үлкен құлдыраудан кейін алғаш рет 1 баррелі үшін 46 долларға дейін қымбаттағаны да теңгеге дем бере алмады. Сарапшылар байламынша, теңге бағамының көтерілмеуіне бірнеше фактор ықпал етіп отыр. Біріншіден, Ресейдің валютасы девальвацияланып жатыр. Мұхиттарға шыға алмайтын, құрлықта қамалған Қазақстан өз экспортының 80-90 пайызын жаһандық нарыққа солтүстік көршісінің аумағы арқылы тасымалдайды. Сондықтан ресейлік валюта қазақстандық экономикаға да ықпал етеді. Мәселен, теңге рубльден қымбат болып кетсе, отандық өнімдер көршінің тауарлары алдындағы бәсекелестік артықшылығынан айырылады. Бұған қоса, Қазақстан Ресейден келетін импортқа қатты тәуелді. РФ банк сарапшылары алда 1 доллар бағамы 75 рубльге дейін өседі деген болжамын жария етті. Олар рубльдің қуат аларына сенбейді. Оның үстіне, Ресей қаржы министрлігі тамызда рубльді демеуге бағытталған валюталық интервенцияларын азайтатынын мәлім етті: нарыққа «басқыншылық» операциясының көлемі осы айда шілдеге қарағанда екі еседей азайып, небәрі 64,9 млрд рубльге дейін кемиді. Екінші фактор – төлем балансы. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова журналистерге сұхбатында ағымдағы есепшот тапшылығы айырбастау бағамына қысым көрсететінін мәлімдеді. «Қазақстанда пандемия кезеңінде негізгі валюта сатушы Ұлттық қор болды. Одан трансферт түрінде бюджетке 608 миллиард теңге қаржы бөлініп, активі доллардан теңгеге айырбасталды. Ал экспорттаушы компаниялардың доллар сатуы дағдарысқа дейінгі деңгейден төмендеді. Өйткені мұнай бағасы арзан. Ұлттық валюта үшін «қара алтын» бағасы іргелі фактор саналады. Көмірсутек шикізаты бағасының төмен болып қалуы, оның экспортының төмендеуі – экспорттаушылардың валюталық кірісінің кемуіне әсер етеді. Бұл төлем балансының ағымдағы шотының ахуалын нашарлатады. Тиісінше, ол теңге бағамына теріс әсер етеді», – дейді Әлия Молдабекова. Былтырғы жылы төлем балансының ағымдағы есепшотының дефициті 6,5 миллиард долларды құрады. Ұлттық банк «қара алтын» бағасы 40 доллардың айналасында қалса, тапшылық 2020 жылы 9,9 миллиард долларға жетеді деп болжайды. Рас, Ұлттық банк төрағасының тағы бір орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтің мәліметінше, биылғы І жартыжылдықта төлем балансында дефицит орнына 2,1 миллиард доллар профицит қалыптасты. Бұл біраз оптимизм тудырады.Бағамның бағы ашылар ма?
Бір қызығы, егер АҚШ конгресіндегі республикалықтар мен демократтар экономиканы ынталандыру пакеті бойынша келісімге келіп үлгерсе, бұл Brent маркалы қазақстандық мұнай котировкасының біршама жоғарылауына серпін беруі тиіс. Онда долларлық кіріс тасқындайды.Екіншіден, Қазақстанда тамыздың 17-сі мен 25-сі аралығында жер қойнауын пайдаланушылар үшін салық апталығы белгіленіп отыр. Осы аралықта мұнай-газ, тау-кен және қазақ жерінің астындағы қазынаны көсіп-қазып алып жатқан басқа да инвесторлар салықтар мен алымдарды бюджетке аудара бастайды. Олардың барлығы табысын доллармен алады, ал ұлттық заңнамамыз бойынша алым-салық тек теңгемен төленеді. Демек, олар долларды KASE биржасына тастап, орнына ұлттық валютаны сатып алуға кіріспек. – Қазақстанда салық апталары жылына 4 рет өтеді. Дәстүрлі түрде дәл осы кезеңде теңгенің айырбас бағамы нығаяды. Әйткенмен, осы шақта көршіде рубль құнсызданса, әлемде мұнай бағасы құлдыраса, бұл аптаның өзі теңгеге еш көмек бере алмайды. Мысалы, 2016 жылдан бері осындай 18 салық кезеңі өткізіліпті. Соның ішінде үшеуінде теңге керісінше бұрынғыдан құлдырап кеткен. Мысалы, 2017 жылғы тамызда, 2018 жылғы тамызда және 2019 жылғы ақпанда. Ал егер АҚШ экономикасы айналасындағы пікірталас жалғасса, дүниежүзінде доллар нығаймаса, онда айдың соңына қарай ұлттық валюта шамалы күшейеді деп үміттенеміз, – дейді экономист Тимур Әбілқасымов. Қаржыгерлердің модельдік есептеуінше, теңге орташа есеппен 2 теңгеден көп қымбаттауы ықтимал. Бұрындары салық аптасы Қазақстан валютасының әлдеқайда жоғары өрлеуіне түрткі болатын. Бұл жолы сарапшылардың сақтық және пессимизм танытуына мемлекеттің станокты қосып, теңгені анағұрлым көп басып шығаруы себеп болған көрінеді.Айхан ШӘРІП