Елбасының бастамасымен өмірге келген бағдарламалар мен тың идеялардың ықпалы зор. Соның бір мысалын Сыр еліндегі Арал ауданынан байқауға болады. Мәселен, аймақ жұртшылығы үшін аса маңызды бірқатар мәселелер шешілуде. Жыл басынан бері жұмыс іздеуші есебінде 1832 адам болған. Оның 1387-і жұмыспен қамтылған, ал 889-ы – жұмыссыз статусын алғандар. Бұл шаруа Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қатысушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқамерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етеді. Мысалы, қыркүйек айында 9-11 сыныпты бітірушілер, оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеп жүрген адамдар, сондай-ақ азаматтардың өзге санаттарына жататын үміткерден 100 адам оқыту жоспарлануда. Ал қысқамерзімді кәсіптік оқуға республикалық бюджеттен 180 адамды оқытуға 55,557 млн теңге бөлінді. Оған қоса, еңбек нарығына байланысты қажетті мамандықтың бірі – тігіншілік бойынша 20 адам оқуға жолданды. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін «Бастау Бизнес» жобасы аясында 110 адамды оқыту жоспарланса, жыл басынан бері 96-сы оқытылды. Оның 50 адамына 100 айлық есептік көрсеткіш бойынша мемлекеттік грант беру жоспарлануда.
Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесіп, еңбек нарығын дамытуға үлес қосуда. Мысалы, аудан бойынша жыл көлемінде 900 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланса, оның 428-і орындалды. Мұның 121-і ауылдық жерде ашылды. Ал әлеуметтік жұмыс орындарына республикалық бюджеттен 70 адамға 25 млн теңге бөлініп, 111 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Оның бесеуі тұрақты жұмысқа орналасты. Ал 212 жас маман жастар тәжірибесіне жолданып, тәжірибеден өткен 17 маман тұрақты жұмыс тапты.
Қазіргі таңда келешекке кемел біліммен қадам басып, әлемдік білім кеңістігінің құпияларына үңіліп, қоғамға бейім, өз қабілетін таныта алатын, жан-жақты дамыған бірнеше тілді меңгерген, құзіретті тұлғаны қалыптастыру – басты мақсаттардың бірі.
Әлемде қанша ұлт, нәсіл болса, солардың бір-бірінен дараланып тұратын бойтұмары – туған тілі. «Әр халықтың ана тілі – білімнің тілі» деп А.Жұбанов тілдің азамат өміріндегі маңызын аша түскен. Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз береке мен бірліктің, ынтымақ пен достықтың үлгісі ретіндегі көпұлтты мемлекетке айналып отыр. Тұңғыш Президент атап өткендей, «Біз – көпұлтты қоғамбыз. Қазақстанда тұратын барлық ұлт пен ұлыстың тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасауды алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз» деген еді.
Елдегі тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтпекші. Соған орай, аудандағы мемлекеттік қызметшілер мен мемлекеттік қызмет көрсететін ұйым қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша тестілеуден 30 адам өткізіледі. Былтыр 19 адам тестілеуден өткен болатын.
Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүмкіндіктер жасады. Аудандағы балық аулайтын шаруашылықтар мен балық өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Өңірде жылдық қуаттылығы 18 900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі балықты терең өңдеумен айналысса, үшеуі балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. .
Осындай қолдаудың нәтижесінде республика көлемінен бастап өңіріміздегі білім беру жүйесінің өзекті мәселелері дер кезінде шешімін табуда. Атап айтатын болсақ, біріншіден, мектепке дейінгі тәрбиелеумен және оқытумен қамтылған 3-6 жастағы балалардың үлесі 2016 жылдан бері 100 пайыз сақталады. Екіншіден, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту мамандығы бойынша жоғары және техникалық кәсіптік білімі бар мектепке дейінгі ұйымдардың педагог қызметкерлерінің үлесі ауданда былтыр 60 пайыз көлемінде болған. Ендігі мақсат – өсіп келе жатқан ұрпаққа сапалы орта білім беріп қана қоймай, балалардың құқығы мен заңды мүддесін қорғауды қамтамасыз ету, рухани жағынан дамыған, табысты азаматты қалыптастыру. Осы мақсатта біраз жұмыс атқарылуда. Соның қатарында Назарбаев Зияткерлік мектептері бар. Жаңартылған білім беру тәжірибесі бойынша бұл мектептің үлесі 100 пайыз деңгейінде орындалуда. Оған қоса, қазақстандық оқушылардың халықаралық зерттеулердегі ЭЫДҰ мойындаған нәтижелері бойынша, 2015 жылы ТIMSS зерттеуіне №262 мектеп-гимназия қатысып, жоғары нәтиже көрсетсе, 2018 жылы PISA аудандағы №83, 72, 200 мектептерде өткізілді. Қазіргі таңда материалдары Халықаралық зерттеу орталығында сараптамадан өткізілуде. Осының бәрі – мектепке дейінгі сапалы тәрбиелеу мен оқытуды қамтамасыз ету көрсеткіштері.
Бүгінде облысқа ортақ жұмыстардың дені – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатыр. Соның арқасында Арал ауданының экономикасы әр салада жүзеге асырылуда. Бұған түрткі болған Елбасының халыққа Жолдауында айтылған «экономиканы дамытуда, іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет» деген сөзі.
Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш- қуаты мен әлеуетінің тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Арал ауданының құрылыс индустриясы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішінде тұрғындардың әлеуетінің артуына айрықша әсер етуде. Құрылысшылардың еңбегін мыңдаған тұрғын үй мен қызмет көрсету ғимаратында, мектеп пен балабақша, аурухана мен емханадан көруге болады.
Оған қоса, Аралда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субьектілердің саны жылдан- жылға көбейіп келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қарқын алуда. Сонымен бірге мыңдаған шақырым жолдар сайрап жатыр. Ел қуанышына айналған көрікті үйлерді көргенде жүрегіңе қуаныш ұялайды. Мысалы, Құрылыс мердігері – «КОМБИ-СТРОЙ-I» ЖШС былтыр құрылыс-монтаж жұмыстарынан 49,197 шақырым су құбыры тартылды. Оның 5,850 шақырым магистральды құбыр, 43,347 шақырым абоненттік су құбыры. Жергілікті жер үшін бұл – үлкен жаңалық. Бұл жерде ауызсу мәселесі де шешілген. Мәселен, 731 тұрғын үйге ауызсу құбырлары жеткізілді. Техникалық шарт дайын болған соң, 340 үйге су есептегіш құрылғысымен су ішетін шүмек орнатылды. Биылдың өзінде ұзындығы 54 000 метр, диаметрі 20 х 2,3 мм ПЭ құбыр тартылып, 1150 тұрғын үйге су кіргізілді.
Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» атты Жолдауында елімізде ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауарлары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырған болатын. Президент те Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені ел экономикасын дамытудың жаңа драйвері болуы керегіне баса назар аударған еді. Ауыл шаруашылығы саласын мемлекетіміздің тұрақты қолдауының арқасында, өніміміздің ауыл шаруашылығы саласы жылдан жылға қарқынды дамып келе жатқанын еске алып, Жолдауда нарықта сұранысқа ие бәсекеге қабілетті өнім өндіру және экспорт көлемін ұлғайтып, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін пайдаланып дамыту жөнінде тапсырмалар берген болатын.
Мысалы, биыл аудан бойынша барлығы 203,4 гектар жерге егін егілді. Атап айтсақ, 15 гектар жерге жоңышқа, 2 гектарға картоп, 84 гектарға бақша, 14 гектар жерге көкөніс, 5 гектарға аула көшеттері отырғызылған. Егінді ауданда негізінен Ақирек және Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жеке және шаруа қожалықтары егеді. Ақирек ауылдық округі егіске қажетті суды Басықара каналынан алса, Жаңақұрылыс ауылдық округі Қараарық каналынан алады. Осы егіске қажетті суды «Қазалысушар» өндірістік учаскесінен келісімшарт жасау арқылы жүргізіледі. Осының бәрі – елдегі агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша жасалып жатқан жұмыстар.
Егер мал шаруашылығына бет бұрсақ, мұнда да біраз шаруалар жүзеге асқан. Соның бірі – асылтұқымды мал санын көбейту. Жаңақұрылыс ауылдық округіндегі «Әулие төбе» шаруа қожалығы 120 бас, Октябрь ауылдық округіндегі «Жомарт» шаруа қожалығы 100 бас асылтұқымды ет бағытындағы мүйізді ірі қара мал әкелу үшін жұмыс атқарып жатыр. «Жомарт» шаруа қожалығының басшысы Қазыбек Әлібеков Ресейге барып, мал көріп, қазан айында алатын болып келіскен. Осы шаруа қожалықтары «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Қызылорда филиалына барып, тамыз айында мал алуға қажетті несиенің құжаттарын тапсыруға келісімге келген.
Қазір осындай жағдаймен ісін жүргізіп отырған шаруа қожалықтары жетерлік. Мәселен, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға және «Арал ырысы» кредиттік серіктестігі» бүгінгі күнге дейін Сазды ауылдық округінен «Нурбақыт» шаруа қожалығы 200 бас қой сатып алуға гарантын заңдастырып жатса, Жақсықылыш кентінен «Қази» шаруа қожалығы 500 бас қой сатып алуды заңдастыруда. Ал Арал қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айнасұлу Темірбаева 445 бас қой алуға құжаттарын толық тапсырса, Қарақұм ауылдық округінен «Құрман» шаруа қожалығы 142 қойға тапсырыс берген. Сонымен қатар биыл 7 180 бас мүйізді ірі қара малдың аналығын тұқымдық түрлендіруге қатыстыру жоспарланған. Бүгінде 1449 бас аналық сиыр және 90 бас асылтұқымды бұқа, тұқымдық түрлендіру үшін бағылып жатыр.
Арал ауданындағы балық шаруашылығының даму қарқыны жылдан-жылға артып келеді. Бұл ауданның қайта жандануына жол ашады. Оның үстіне, соңғы жылдары Елбасының тікелей қол-дауымен жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау» ісі жүргізіліп жатыр. Мәселен, Кіші Арал теңізімен Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесінде балық аулау лимиті бекітілген. Ел ағаларының жанашырлығы, мемлекеттің қолдауы, азаматтардың іскерлігімен қаншама жаңалық болып жатыр. Оған қоса ауданда балық өнімдерін сыртқа шығаруда да қарқын алуда. Жоғарыда айтып кеткендей, Кіші Арал теңізінен балық аулау лимиті – 6 678 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесіне – 335 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне – 23 тонна, Приморский көлдер жүйесіне – 31 тонна. Негізі аудан бойынша барлық лимит 7 067 тонна болып бекітілген.
Балық аулау көлемінің өсуі балық өңдеу саласының дамуына мүмкіндік жасады. Аудандағы балық аулайтын шаруашылықтар мен балық өңдеу кәсіпорындарында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды. Өңірде жылдық қуаттылығы 18 900 мың тоннадан астам 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі балықты терең өңдеумен айналысса, үшеуі балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен айналысады. Аудан бойынша бір зауытта ғана Еврокод белгісі бар. Ол – «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС-гі балық өңдеу зауыты. Еврокод – Еуропа нарығына шығуға мүмкіндік береді. Аудандық аумақтық инспекциясының мәліметі бойынша, 1091,516 тонна балық өнімі экспортқа шығарылды. Аудандағы негізгі экспортты «Арал СДО» ЖШС, «Қарашалаң СДО» ЖШС, «Қуаныш» ЖШС, «Камбала балық БӨО» ЖШС, ЖК «Кошекбаев Д», ЖК «Караев Ж», ЖК «Кошкарбаев С» кәсіпорындары шығарып отыр.
Аудан орталығынан 120 шақырымдағы Қосжар ауылында орналасқан Қамыстыбас балық өсіру питомнигі мен оның Тастақ учаскесінде балық өсіруге арналған арнайы инкубациялық цехтары бар. Оның біреуі гуманитарлық көмек арқылы Израильден әкелініп, құралдарымен жабдықталған. Облыс көлемінде табиғи су айдындарының балық қорын көбейту мақсатында республикалық бюджеттен жыл сайын Кіші Арал теңізіне және Ақшатау көлдер жүйесімен Приморский, Қамыстыбас көлдер жүйесіне осы «Қамыстыбас балық питомнигі» РМКҚ арқылы 14 млн 800 мың дана бір жылғы майда шабақтар және 420 мың екі жылғы шабақтар жіберіліп өсірілуде.
Кіші Арал теңізінде бүгінгі күнге дейін 18 балық аулау учаскесі болса, олардың барлығында қазіргі кезде ұзақ мерзімге бекітіліп берілген өз иелері бар. Бұдан басқа ауданда 20 шақты көл бар. Оның 16 көлі табиғат пайдаланушыларға ұзақ мерзімге бекітіліп берілген. 4 көл резервте болғандықтан, пайдаланылмай тұр.
Өңірді дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес ауданда канал тазарту жұмыстары жүргізілуде. Осыған облыстық бюджеттен экологиялық жағдайын және сумен қамтамасыз етілуін жақсарту үшін Ақирек ауылдық округінің Қаһар каналы Қаратерең ауылдық округіндегі Баян каналы, Бөген ауылдық округіндегі Көкіш каналының тазалау жұмыстарын жүргізуге қаржы қаралды. Сонымен қатар Ақирек ауылдық округіндегі Шолақарық каналына тазалау және канал бойындағы гидротехникалық құрылыстарды күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба сметалық құжаттары жасалды. Жетес би ауылдық округіндегі Советжарма каналының сағасына 3 көзді су тоспасын салуға қаржы бөлінген. Оның өзі Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы басқармасы арқылы биыл облыстық бюджеттен қарастырылған.
Ендігі міндет – Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру. Аудандағы жаппай кәсіпкерлікті одан ары дамыту, тұрақты жұмыс орындарын ашу және салық түсімдерін молайтып, халықтың жағдайын жақсарту. Сонда ғана тұғыры биік ел боламыз.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы,
Арал ауданы