Елімізде әке деген құрметті атауға лайықты азаматтар қатары сиреп бара ма, соңғы жылдары алимент төлеушілер саны артып отыр. Бүгіндері заң талаптарын орындауда кеткен олқылықтардың болуынан әр өңірде алиментті уақытылы алмай отырғандардың жанайқайы естілуде.
Балаларын әкелік қамқорлықтан ада еткені аздай, ер азаматтардың дені балаларына тиесілі алиментті төлеуге келгенде жалтарып, түлкі бұланға салуда. Тіпті алиментті қасақана төлемеу жағдайы көп кездесіп отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.
Атырауда алимент төлеуге міндетті 6 494 адам бар. Олардың ішіндегі проблемалық төлемеушілер санатындағы 302-і негізінен жұмысқа орналаспаған, асоциалды өмірге дағдыланып кеткендер. Тіпті алиментті қасақана төлемеушілердің борыштары бірнеше миллион теңгеге дейін жетуі
мүмкін.
– Алиментті қасақана төлемеушілердің фамилиялары бар тізімдерде алименттердің көлемі де көрсетілген. Көбінің борышы екі миллионнан үш миллион теңгеге дейін жетіп отыр. Яғни, бірнеше жыл бойы төлемеген. Бұл дұрыс емес. Әрбір ер азамат өзінің балалары үшін жауапты болуы тиіс. Әрине, кейде некені сақтап қалу мүмкін болмай жатады. Алайда бұл өзінің баласына қамқорлық жасауға кедергі болмауы тиіс. Ересек адамдардың арақатынасы қалай қалыптасса да, балалар одан зардап шекпеуі тиіс. Үй-күйі, машинасы бар, жағдайы жақсы адамдар түрлі отбасындағы бірнеше баласынан қашқақтап жүру фактілері де кездеседі. Сот орындаушылар мұндайларды жауапкершілікке, соның ішінде, қылмыстық жауапкершілікке тартуы тиіс, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.
Жекеменшік сот орындаушылардың Республикалық палатасы басқармасының төрағасы Ернар Ибраевтың хабарлауынша, бүгінгі күні әкімшілік хаттама жасау үшін борышкерді келтіруде полиция органдары тарапынан нақты қолдау болмай тұр. Борышкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартудағы негізгі проблема – олардың сот орындаушыларға келмеуі, нақты тұрып жатқан мекенін жасыруы, борышкердің тіркелген мекенжайында болмауы.
– Мемлекеттік органдардың әрекеттерінің үйлеспеушілігі нәтижесінде, қоғамда сот актісі мен ол үшін жауапкершілік борышкерге емес, сот орындаушыға жүктеледі деген теріс ұғым қалыптасқан. Өндіріп алушылар әділет органдарымен, прокуратурамен жылдар бойы нәтижесіз хат алмасуға мәжбүр. Бұл билік институттарына деген сенімсіздік туындауына ықпал етеді, – деді Ернар Ибраев.
Кеңес отырысында аймақ басшысы Н.Ноғаев алимент төлеушілердің проблемалық мәселелері, әлеуметтік шиеленісті азайту, кәмелетке толмағандардың алимент төлемдерін алу құқығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органның бірлескен күш-жігері қажетін айтты.
Сайып келгенде, баланың жауапкершілігіне немқұрайлы қараушылар үшін қатаң жаза қолданатын уақыт келді. Баспанасы бар, көлігіне отырып тайрандап жүргендерге, үйдің не көліктің бірін перзент алдындағы парызға төлетуге заңды түрде мәжбірлеу кім-кімді де болса ойландыратындай болу керек.
Атырау облысы