Елордада мүмкіндігі шектеулі жастарды әлеуметтік оңалтуға бағытталған ITeachMe жобасының соңғы кезеңі өтті. Бұл – Жастар жылында ойы ұшқыр, талапты, білімді жастарды қолдауға бағытталған игі бастама.
Жоба онлайн және офлайн кезеңнен тұрған. Мүмкіндігі шектеулі жандар білім беру лагерінде бағдарламалауды, жобалық менеджментті, веб дизайнды, сондай-ақ инклюзивті, әлеуметтік жобаларды, кодинг, робототехниканы құруға қоғамның сұранысы бойынша зерттеу жүргізді.
– ITeachMe ерекше қажеттіліктері бар жастар үшін өмірге жолдама болды. Осы уақыт ішінде көптеген қызықты да күрделі жағдай болды. Біз қоғамда қалыптасқан стереотиптерді бұздық. Кедергілер мен шекараның жойылуына технологиялар және білім ықпал етті. Жаңа технологиялар әлемді шексіз етеді деген идея тағы да расталды. Қатысушылар алдарына үлкен мақсат қойды және олардың жобалары халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көмектеседі, – дейді жоба жетекшісі Захира Бегалиева.
Еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын қатысушылар жарты жыл бойы ІТ саласына тереңірек үңіліп, менторлармен бірге мүмкіндігі шектеулі адамдардың және халықтың басқа да әлеуметтік осал топтарының өмірін жақсарту үшін түрлі идея ойлап тапты. Ақтық кезеңде қатысушылар жаңа технологияның мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жеті жоба ұсынған. Оны әділқазылар алқасы бағалады.
– Samruk-Kazyna Trust қоры жүзеге асырған «Тең IT мүмкіндіктер әлемі» жобасының Жастар жылында бастау алғанына қуаныштымыз. Бұл лагерь біздің еліміздегі алғашқы бастама болды. Ол IT салаға ерекше жастарды тартуға және олардың ІТ маман ретінде қалыптасуына бағытталған. Біздің қор мұнымен қоса, КЕҰ арасында әлеуметтік кәсіпкерлік саласын дамытады. Бүгінде Samruk-Kazyna Trust-тан екі команда жобаларын одан ары дамыту үшін 500 мың теңгеден грант жеңіп алды. Алынған білім, тәжірибе және бастапқы капитал балаларға өз ісін дамытуға көмектеседі деп үміттенеміз, – дейді Samruk-Kazyna Trust Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.
Жобаларды таныстыру қорытындысы бойынша төрт команда 400 мың теңгенің сертификатын алды. Cup (Classmates Up the Progress) жобасы онлайн режимде іске асырылған. Ол бойынша платформаның көмегімен мамандықты ауыстыру туралы ойлайтын студент виртуалды түрде басқа мамандық иесі болады. Мәселен, программист, маркетолог, дизайнер болып, бір күн өмір сүреді.
Rapport қосымшасы бір мезгілде қазақ тілінде және ымдау арқылы оқытуға арналған. Инклюзивтік ортадағы жұмыс ерекшелігін ескере отырып әзірленген ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған робототехника және Future-IT бағдарламалау бойынша курстар бар.
Dariger медициналық платформасы – әлеуметтік осал топтар ішіндегі тапшы мамандарға онлайн жазылуға көмектесетін чат-бот. Бұл сайыста екі командаға 100 мың теңгеден сертификат берілді.
Elstar жобасының командасы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға бағытталған жоба бойынша 200 мың теңге жеңіп берілді.
«Жобаға қатысуға және осы команданың бір бөлігі болуға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға, жоба басшылығына өте ризамын. Мен грант иегері атанғаныма қатты қобалжып тұрмын және бақыттымын. Өмірде бәрі мүмкін екенін және ештеңеден қорқудың қажеті жоқ екенін көрсеткім келеді. Жобаның болашақ қатысушыларының мықты болып, ешқашан берілмеуіне және өз мақсатына жетуіне тілектеспін», – дейді Шымкент қаласынан келген жоба қатысушысы Нұрбол Намазбай.
Жобаның ең белсенді қатысушысы Сергей Шевченко ноутбук ұтып алды. Сонымен қатар CUP (Classmates Up the Progress) жобасының командасы 1С Қазақстан компаниясына ақы төленетін тағылымдамаға шақырылды.
Іс-шараны «Ерекше Тандау-Шелек» корпоративтік қоры Samruk-Kazyna Trust Әлеуметтік жобаларды дамыту қорымен бірлесіп ұйымдастырған. Игі бастамаға «Шеврон» компаниясы, Орталық Азия Еуразия қоры және Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қолдау көрсеткен.