Қызылордалық 240 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болмақ. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкісі Қызылорда қаласындағы филиалы директорының міндетін атқарушы Ілияс Жүрінов мәлімдеді.
Шаршы метрі 140 000 теңгені құрайтын жаңа үйлер Сырдария өзенінің сол жағалауында салынған. Тұрғын үй бағасының 20%-ын депозитте жинаған салымшылар «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды. Мамандар үй алудың қарапайым шарттарын түсіндіріп берді.
– Аумағы 57 шаршы метрді құрайтын 2 бөлмелі пәтердің құны 7 980 000 теңге. Бастапқы 20% жарнасын жинаған, яғни 1 596 000 теңге жинаған тұрғын ай сайын 44422 теңге төлем төлеп, үйлі бола алады, – дейді Ілияс Жүрінов.
Ескеру керек, кез келген банк салымшылары «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысып, тұрғын үй сатып ала алады. Өтініштер 28 тамыздан бастап қабылданады. Ол үшін baspana.kz порталына кіріп, ұнаған нысанды немесе пәтерді таңдап, өтініш беру қажет. Бірақ, үй алуға деген қабілетті анықтау үшін жеке есеп-шотыңызда 500 мың теңге болуы шарт. Конкурсқа қатысып, тиісті рәсімді өткізгеннен кейін аталған қаржыны тұрғын үй бағасының 20 пайызын өтеп, үйлі бола алады.
Айта кетейік, үй сатып алушылар пулына ең көп балл жинаған адамдар кіреді. Балл саны депозитті толтыру жиілігіне және оның мерзіміне байланысты. Яғни, салымшының шоты неғұрлым ертерек ашылып, тұрақты түрде толықтырылып отырса, онда оның бал саны да соғұрлым жоғары болады. Балды есептеу процесі автоматтандырылған әрі айқын түрде жүргізіледі.