XX ғасырдың басында біздің елде машина жасау саласы мүлдем болған жоқ. Тек шағын ме¬талл өңдеу кәсіпорындары ғана жұмыс істеді. Олар қарапайым еңбек құралдарын, үйге қажетті тұрмыстық заттар мен әшекей бұйымдар ғана шығарған екен. Сол кезде кәсіпорындардың ірі өндірістегі үлесі 2%-ға да жетпеген.
Соғысқа дейінгі уақытта елімізде ірі механикалык зауыттар пайда болды. Оларда негізінен машиналар жөндеуден өткізіліп, металл өңделді. Тек Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуациямен көшіріліп әкелінген кәсіпорындардың негізінде машина жасау өндіріс саласы ретінде құрылды.
Мысалы, металлургиялық құрал-жабдық Алматыдан, автокөлік двигательдерін Петропавлдан, ауылшаруашылық техникасын Астанадан шығаратын ірі зауыттар осылайша пайда болған. Міне, осылар Қазақстандағы машина жасаудың мамандануын айтарлықтай өзгертті.
Машина жасаудың машақаты көп...
Осы қарқынмен соғыстан кейінгі жылдарда ондаған машина жасау зауыты салынған. Прибор жасаудың, электротехникалық өнеркәсіптің, трактор жасаудың жаңа салалары пайда болып, оның кешені қалыптаса бастады.
Мысалы, 1990 жылдардың басында машина жасау кешенінің құрамында 2500-дей өнім түрін шығаратын 370 зауыт болған екен. Бірақ машина жасаудың жалпы даму деңгейі бойынша Қазақстан басқа одақтас республикалардан бірталай артта қалған.
Сол кезде Қазақстан Кеңес Одағы үшін жалпы өнім шығарудан үшінші, ал машина жасаудан он екінші республика болған.
Дегенмен кешеннің құрылымы Қазақстан үшін қолайлы болмады. Барлық зауытың 1/3 бөлігі тек ескірген техниканы жөндесе, тағы сондай бөлігі метал конструкцияларын өндірген. Қалған бөлігінің жартысын қорғаныс-өндірістік кешені құраған.
Ал машина жасауда дайын өнім шығаратын зауыттар аз болған. Өйткені, қажетті машинаның 3/4 бөлігі шеттен тасымалданатын. 1990 жылдары машина жасау кешені, оның өнімдеріне деген сұраныс күрт төмендеп, дағдарысқа ұшырады.
Себебі, өнеркәсіптің барлығы жаңа жағдайға бірден үйреніп кете алмады. Көптеген ірі зауыт ұсақ кәсіпорындарға бөлініп кеткен.
Көлік құрастырудан қалыспаймыз
Кейін елімізде тек құрастыру кәсіпорындары ғана құрылған. Олардың ішіндегі ең ірісі – Өскемендегі «Азия-Авто» автомобиль құрастыру зауыты. Қазірдің өзінде олар аккумуляторды Талдықорғаннан алады. Болашақта бөлшектер мен басқа материалдардың 40-50%-ын Қазақстанның зауыттары шығаратын болады.
Машина жасаудың дамуына шет елдік серіктестермен біріккен кәсіпорындар жағдай жасайды. Мысалы, автомобиль жасаудан Көкшетаудағы автобус құрастыру зауыты мен трактор жасаудың Семейдегі дамуына ықпал ететін Ресей-Қазақстан «Қазакстан – КамАЗ» консорциумы құрылды.
Сөйтіп, машина жасау саласының өнімдері өз мемлекетімізге керекті құрал-жабдықтардың 25%-ін ғана қамтамасыз етеді, ал қалған 75-%-і импорттан келеді.
Енді, алға қойған мақсат – 2019-2030 жылдар аралығында машина жасау саласын дамыту. Оған қоса, өзіміздің ішкі өндірісті бірнеше есе ұлғайту. 7 модельді цифрлық фабрика, соның ішінде 3 машина жасау кәсіпорынымен жұмыс жасалды.
Бұл «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Алматы желдеткіш зауыты» АҚ және «Карлскрона» ЖШС. Бұл кәсіпорындарға технологиялық аудит жүргізіліп, іске асыру жұмыстары басталып кеткен.
Көлік – табыс көзі
Бүгінде машина жасау – экономиканың негізгі салаларының бірі. Қазір мемлекет бұл бағыттың орнықты дамуы үшін барынша қолдау көрсетіп келеді.
Мәселен, өндірістің қарқынды өсуіне нарықтағы сұраныстың артуы, экспорттық нарықтардың ашылуы, мемлекет тарапынан жеңілдетілген автонесие мен лизингтік қаржыландыру бағдарламалары сеп болды.
Бұл бағдарламалар автомобиль жасау секторының дамуына оң серпін берді. Егер 2017 жылы сатылған әрбір үшінші автомобиль отандық кәсіпорындарда шығарылса, 2018 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша сатылған әрбір екінші автомобиль отандық өндіріске тиесілі.
Мемлекет тарапынан машина жасау саласын қолдау үшін бірқатар шаралар әлі де қабылданып жатыр. Мысалы, ауыл шаруашылығы техникасын өткізуде қосымша құн салығынан босату, бюджеттен комбайндар мен тракторлардың жеңілдетілген лизингіне қаражат бөлуі.
Бөлінетін қаржының сомасы да жыл сайын өсуде. Мысалы, Қазақстан машина жасау одағының ұйымдастыруымен жыл сайын Қазақстан машина жасаушыларының форумы өтуде.
Биыл форум VII рет өткелі отыр. Форумның негізгі идеясы машина жасау саласындағы төртінші өнеркәсіптік революцияға сәйкес келеді. Себебі, бүгінгі таңда озық елдер үшін машина жасау ісі қарқынды дамып, жүргізушісі жоқ автокөліктер, роботтандырылған зауыттар және сутегі отынымен жүретін машиналар қалыпты нәрсеге айналып кеткен.
Сол секілді біздің ел де сандық формат үдерісінен тыс қалмау керек. Тіпті осы форумда Елбасы Н.Назарбаевтың машина жасау саласын дамытудың 2019-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары талқыланып, жаһандық технологиялық үдерістерге сай өндірісте жаңғыртуды көздеп, бұл саланы дамытудың стратегиялық бағдарын айқындай түседі.
Негізі еліміздің әлеуетін энергетикалық, металлургиялық, ауыл шаруашылық жөне көліктік машина жасау салалары жақсы көтереді. Осы үш сала Қазақстанның экспортына да ықпал етеді.
Өйткені, көліктік машина жасаудың міндеті – ел ішіндегі көптеген өндірісті дамыту. Осыны естен шығармауымыз керек.