Асқар Мамин елордада Абай атындағы мектеп-гимназияның ашылуына қатысты
Асқар Мамин елордада Абай атындағы мектеп-гимназияның ашылуына қатысты
265
оқылды

ҚР Премьер-Министрі А.Мамин Нұр-Сұлтанда Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияның ашылу салтанатына қатысты.

Асқар Мамин салтанатты рәсім барысында мектепке қазақ халқының ұлы тұлғасы, ақыны әрі ойшылы – Абай Құнанбайұлының есімінің берілуі аса құрметті әрі жауапкершілікті екенін атап өтті. «Құрметті ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар! Сіздерді шын жүректен жарқын мереке – Білім күнімен құттықтаймын. Жаңа оқу жылында жаңа мектеп ашылып жатыр. Білім ордасы ұлы тұлға, ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының атында болады. Өздеріңіз білетіндей, біздің еліміз келесі жылы кең ауқымда Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтеді», - деді А.Мамин. Үкімет басшысы жас ұрпақ озық білімге ие болу үшін оларға жаңа технологиялар қолжетімді болатынын, оқушылармен жоғары білікті, бәсекеге қабілетті мамандар жұмыс жүргізетінін тілге тиек етті. «Біз білімді ұлт болуымыз керек. Бұл ретте, мұғалім жұмысының маңызы зор. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен  «Педагогтар мәртебесі туралы» заң дайындалды. Заңда мұғалімдердің мәртебесін, айлығын көтеріп, әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар шара қарастырылған», - деді Премьер-Министр.

Жаңа мектептің техникалық жарақтануына жәрдемдесу мақсатында «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту қоры» 3D-модельдерді зерттеуге арналған виртуалды-ғылыми секциясы бар «жасыл технологиялар» зертханасын сыйлады, оны Қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Ә. Назарбаева мен ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев таныстырды. ҚР Премьер-Министрі А. Мамин интерактивті жабдықты қолдана отырып оқытудың жаңа әдістерімен танысты. Оқу сыныптарын алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықтау оқушыларға болашақ мамандықтарының дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Бұдан өзге, ашылу салтанаты барысында жаңа мектепке «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» қазақстандық зауыты жаңа үлгідегі мектеп автобусын сыйға тартты. ҚР Үкіметінің басшысы Асқар Мамин жаңа мектепті аралау барысында ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ашылған «Абайтану» кабинеті мен музейіне барды. Айта кету керек, жаңа №87 мектеп-гимназиясында 900-ден астам оқушы білім алатын болады. Жалпы, биыл ҚР орта білім беру ұйымдарындағы оқушылардың саны 3 млн-нан асады. Жаңа оқу жылында 400 мың бала 1-сыныпқа қабылданды. Жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындарға ҚР Үкіметінің мүшелері қатысты, олар мектептерде азаматтық пен отансүйгіштікке арналған сабақтар өткізді. Сонымен қатар, №87 мектептің ашылу салтанатына ҚР білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов және Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов пен Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығының басшысы Ә.Назарбаева қатысты.