Алматы облысындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
Алматы облысындағы жарылыс: тағы бір адам қайтыс болды
351
оқылды

Алматы облысы Қарасай ауданында болған жарылыс салдарынан тағы бір адам көз жұмды. 1981 жылы туған азамат ауруханада операциядан кейін қайтыс болған.

Сенбі, 31 тамыз күні Алматы маңындағы өндірістік цехтардың бірінде жарылыс болып, үш адам жараланып, бір адам қаза тапқанынын еліміздің төтенше жағдай комитетінің баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

«31 тамыз күні сағат 12.22 кезінде Алматы облыстық ТЖД-ның жедел кезекші бөліміне Қарасай ауданы Райымбек ауылында газбетонды блок шығаратын цехтың жарылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Жоғары қысыммен газбетонды өндірісті жүргізу кезінде автоклав атылып, жарылыстан цех ішінара бұзылған», - делінген хабарламада.

Жарылыс салдарынан түтін шығатын құбырдың бір бөлігі жеке тұрғын үй аумағына құлаған. «Жарылыс орнында 1961 жылғы ер адамның денесі табылды. Сонымен бірге әртүрлі жарақатпен аудандық ауруханаға үш адам жеткізілді», – делінген комитет хабарламасында.

Бұдан бөлек, цех аумағында тұрған «Mercedes-Benz ML 300» және «Toyota Avensis» көліктері зақымданған.