Мақалада абайтануды жан-жақты зерделеу керегіне тоқталған. Абай мұрасын ғылыми-зерттеу жүргізу үшін бір орталыққа топтастыру мәселесін де айтты. «Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз. Ұлы данышпан ұлттың рухани мәдени, адами бет-бейнесін асқан көрегендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында. Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» деген болатын. Бұл тұжырым бізді ақын әлеміне терең бойлауға, жаңаша ойлауға міндеттейді. Қазір елімізде абайтанумен айналысатын бірнеше ғылыми-зерттеу орталығы бар. Осылардың жұмысын жүйелеп, елордамыздағы Абай академиясының төңірегіне топтастырған жөн. Академия барлық зерттеу мекемелерінің жұмысын ғылыми тұрғыдан үйлестіруші міндетін атқара алады. Алдағы уақытта гуманитарлық пәндердің бөлінбес бөлшегі ретінде «Абайтану» курсын оқыту мәселесін қолға алу керек. Жаңа философиялық және саяси ұстаным тұрғысынан «Абайтану» оқулығы мен хрестоматиясын әзірлеу қажет. Сондай-ақ Абайдың «толық адам» ілімі жан-жақты әрі терең зерттелуге тиіс. Біз Абайды ХІХ ғасырда өмір сүріп, ХХІ ғасырдың сөзін сөйлеген данышпан ретінде әлемге танытуымыз керек. Сонымен қатар оны ұлттық сананы жаңғыртуға зор ықпал еткен рухани реформатор ретінде дәріптеуге міндеттіміз. Түптеп келгенде, әрбір қазақ Абаймен мақтануға тиіс!», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.