Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық
Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық
335
оқылды


Тимур.JPG
Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ
Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары:

Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігі күшейеді


– «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекетті» құру, аза­мат­тар, бизнес және мемлекеттік аппарат арасында тиімді өзара іс-қимылды жолға қою қажеті – Мемлекет басшысы Жолдауы­ның негізгі ұстыны.

Осы тәсілдемені жүзеге асыру барлық салаларда үде­мелі әлеуметтік-экономикалық дамуға бағытталған анағұр­лым сарабдал шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Экономикалық салада Жол­дау аясында шағын және орта бизнесті қолдау жүйесін қайта жандандыру мәселесіне ерек­ше көңіл бөлініп отыр. Бұл рет­те жаңа жобаларға басым­дық берілуі тиіс, тиісінше, жаңа жұмыс орындары да соларда құрылады, қосымша салық түсімдерін де солар арттырады. Бұған қоса, отбасылық шағын және ұсақ бизнестердің ашы­луын ынталандыруға, көп­балалы аналардың үйде отырып жұмыс істеуіне жол ашуға екпін түсіру керек.

Шағын және орта бизнесті, әсіресе, жоғары өнімділікті, сондай-ақ экспортқа бағыт­талған өндірушілерді қаржы­лық, салықтық және әкімшілік ынталандыру шараларын жүзеге асыру қарастырылған.

Агроөнеркәсіптік кешен секторында суармалы егіс аудандарын арттыру жұмысын жандандыру, ауыл шаруа­шы­лығы шикізатын өңдеу үлесін ұлғайту, сонымен қатар эко­номикалық айналымға қайта тарту үшін пайдаланылмай жатқан жерлерді кері алып қою жөнінде тапсырма берілді.

Ел Президенті квази­мем­лекеттік сектордың тиімділігін арттыру, мемлекеттік кәсіпо­рындар санын қысқарту, мем­лекеттік сатып алу рәсімдерін одан ары жақсарту, әсіресе, та­биғи монополистер қызметінде және әлеуметтік маңызды та­уар­лардың жекелеген нарық­тарында баға қалыптастыру ісін тәртіпке келтіру мәсе­лелеріне жеке тоқталды.

Атап өту керек, азаматтар мен бизнестің рейдерлік фак­тілерінен, жекелеген шенеу­ніктердің озбырлығынан не­месе әрекетсіздігінен қор­ға­луын күшейтуге бағытталған заң­намалық нормалар енгі­зілетін болады. Заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстар азаматтар мен кәсіпкерлердің пайдасына қарай шешілуі тиіс.

Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы маңызды баста­малар – мүгедектерді қолдауды күшейту, балалар құқығын қорғау, бұқаралық спортты да­мыту, халықтың аз қамтылған бөлігі үшін баспананың қол­жетімділігін арттыру, әрбір нақ­ты елдімекендегі көкей­кесті инфрақұрылымдық мәселелерді шешу.

2020 жылдан бастап, педа­гогтердің жалақысы 25%-ға көтеріледі. Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақы­сын көтеру параметрлерін анықтайды.

Үкімет пен Ұлттық банк ал­дына банктердің эконо­ми­каны несиелендіру көлемін арттыру, тұтынушылық несиелендіру нарығында шектен шығуды болдырмау, сондай-ақ зейнета­қылық активтерді тиімді бас­қару міндеті қойылды.

Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмектің әділетті әрі ынталандырушы жүйесін түзу қажеттілігін ерекше атап өтті. Ондай көмек тек шыны­мен соған мұқтаж адамдарға ғана ұсынылуы тиіс.

Тұтастай алғанда, Прези­дент қойған барлық міндет­терді табысты жүзеге асыру үшін шешім қабылдау үдеріс­терінің айқындылығын арт­тыруға, олардың қабыл­да­нуына тікелей халықтың өзін тартуға негізгі салмақ салынуы керек. Сонымен бірге, инвес­тиция тарту, еңбек өнімді­лі­гінің өсімі, шикізаттық емес экспорттың ұлғаюы, жұмыс орындарын ашу мәселелерінде өз алдарына қойылған мін­дет­ке қол жеткізуі үшін мемле­кет­тік қызметшілердің дербес жауапкершілігі күшейтіледі.


Маулен.JPG
Мәулен ӘШІМБАЕВ,
Президент көмекшісі:


Жолдауда жаңашылдық өте көп

– Мемлекет басшысының Жолдауы – сарабдал жоспар. Онда Қ.Тоқаев халық үшін ең өзекті, кең талқыланып жүр­ген мәселелерді көтеріп, олардың шешімін ұсынды. Олардың ауқымы үлкен және эконо­ми­калық өркендеуге, Қазақстанды саяси дамытуға, әлеуметтік ахуалға қатысты болып келеді.

Жолдауда мемлекетіміздің алға қозғалуына жол ашатын бірқатар нақтылы шара ұсы­нылып отыр. Атап айтсам, Пре­зиденттің пәрменді шеш­ім­дерінің бірі – ұсақ және шағын бизнестің барлық нысанын алдағы 3 жыл бойы табыс са­лы­ғынан босату. Бұл сөзсіз, қа­зақстандықтардың әл-ауқа­тын арттыруға, экономиканың үл­кен бір бөлігін қолдауға, кә­сіп­керлерді демеуге бағытталған.

Алдағы 2020 жылдың қаң­та­рынан бастап, ұсақ және ша­ғын бизнесті тексеруге Прези­дент жариялаған үш жылдық мораторий күшіне енеді. Бұл да кәсіпкерлер тарапынан үлкен резонанс, қызу құптау туғы­зады деген ойдамын.

Бұған қоса, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің тұңғыш Жол­да­уында бизнес орта көтеріп жүр­ген ең көкейкесті проб­ле­ма­лар­дың біріне – экономи­ка­ны кре­дит­теу мәселесіне ден қой­ды. Ке­йінгі жылдары заңды тұл­ғаларды, компанияларды не­сие­лендіру көлемі құлдырап кетті. Кредиттеусіз экономика дами алмайды. Сондықтан Ұлт­тық банкке, Үкіметке осы түйт­кілдің түйінін тарқату, кәсіп­кер­лерді қолжетімді әрі ұзақ­мер­зімді не­сиемен қамта­масыз ету жөнінде тиісті тап­сырмалар берілді.

Жалпы, экономика ұстыны болып есептелетін бизнесті қолдау бойынша бұл Жолдауда жаңашылдық өте көп. Олар отандық кәсіпкерліктің бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізуі қажет.

Мемлекет басшысы төл Жол­дауында әлеуметтік мәсе­лелерге де баса мән берді. Олар­дың қатарында білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін ары қарай дамытумен, сондай-ақ театр, музей және басқа да мәдениет қызметкерлерінің жалақысын арттырумен бай­ланысты мәселелер бар. Өйт­кені бертіндегі жалақы көте­руге бағытталған шаралардан мәдениет саласы тыс қалып келді. Олай болса, әлеуметтік қамқорлық саясаты тағы бір қырынан толығып отыр.

Бұдан бөлек, ел Президенті саяси салада жаңарулар одан ары жалғасатынын нақты мә­лімдеді. Бұл бағытта Мемлекет басшысы қойған шешуші мін­деттердің бірі – ең өзекті мәсе­лелерді және маңызды шешім­дерді талқылауға азаматтық қоғамды тарту болмақ.

Сонымен қатар Қ.Тоқаев Қазақстанда көппартиялылық ары қарай дамытылатынын жариялады. Қоғамымыз Жол­дауда айтылған бастамаларды ықыласпен қабылдап, оларды іске асыруға ынта білдіреді деген сенімдемін.


Бейсенбай.JPG
Бейсенбай ТӘЖІБАЕВ,
Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы
төрағасының бірінші орынбасары:


Кеңесу мен келісу игілікке бастайды

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолда­уында қоғамдағы көптеген маңызды мәселені сөз етті. Соның бірі – партиялы құры­лым процесін жалғастыру. Бұл ретте Президент Nur Otan пар­тиясының өзге де саяси пар­тиялармен серіктесе отырып жұмыс істеу қажеттігін айтты. Мемлекет басшысы осы тұста келісіп пішкен тонның келте болмайтынын нұсқап отыр. Яғни, Nur Otan партиясы нағыз қоғамшыл, нағыз халықшыл партияға айналуы тиіс.

Ол үшін барлық мүмкін­діктерді тиімді пайдаланып, өзге де саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстармен біте қайнасып, бірлесе әрекет етсе, ұтымды болары анық. Халық­тың сенімін ақтаудан басқа ұлы мұрат жоқ. Бүгінгі нұро­тан­дықтар осы сөздің түп-төр­кінін терең ұғынып, қоғамдағы өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге барынша атсалысатын болады.

Ел түрлі қиындықтар мен кедергілерге ұшырағанда Nur Otan-ға үміт артып, көмек сұ­рап келеді. Өткен 8 айдың өзін­де біздің облыстық Қоғам­дық қабылдауға 5 204 арыз-шағым түскен. Мұнда көтері­л­ген мә­селенің басым бөлігі ше­­шімін тауып, тиісті көмек көр­сетілді. Дегенмен қорда­лан­ған мәсе­лелер жеткілікті. Оны бә­ріміз келісім үстелінде кеңесе оты­рып шешкеніміз дұрыс. Ха­лық­пен байланыс жаңаша формат­та жандануы тиіс.

Рас, соңғы жылдары түйінді түйткілдер мінбелерде емес, көшелерде талқыланатын бо­лып жүр. Яғни елімізде азамат­тық қоғаммен диалог әлі дұрыс орныға алған жоқ. Билік пен халықтың арасында қоғамдық диалог дұрыс орнықпаса, елі­міздегі татулық пен тұрақты­лық туралы сөз қозғау бекер болады. Сондықтан әрбір мем­лекеттік қызметкер осы байла­ныстың дұрыс орнығуына өзіндік үлес қосуы тиіс. Әрбір мемлекетшіл азамат халықтың мұң-мұқтажын тыңдаудан қашпау керек.

Билікке түйінді түйткілді дер кезінде көре білетін, оның шешілу жолын таба білетін азаматтар қажет. Сонда ғана кез келген түйткілдің түйінін тарқатуға болады. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең басты қасиет» деген қанатты сөзі біздің айнымас қағидамыз. Береке мен бірлік, ақыл мен па­расат халқымызды үнемі ал­ға бастап келеді. Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық. Бар­лығымыз бірге болсақ еліміз бұдан да зор табысқа жетеді деп сенемін» деді.

Елдің дамуын әрбір отбасы сезінгенде ғана берекелі қоғам орнайды. Ал баспаналы болу – соның басты шарты. Бұл ба­ғыт­та соңғы жылдары нәтижелі жобалар жүзеге асуда. Түркіс­тан қаласының өзінде өткен аптада 700-дей әлеуметтік жа­ғынан аз қамтылған отбасы баспанаға қол жеткізді. Бұл жұмыстар еселенері анық.

Мемлекет басшысы жеңіл­детілген салық жүйесі, биз­нес­ке қолайлы жағдай жасау, әлеу­меттік-мәдени саланы қолдау, бала құқығын қорғау бағытта­ры бойынша еліміздегі басты проблемаларды атап көрсетті. Енді осы түйткілдерді тарқату үшін жұмылуымыз қажет.


Айгерим.JPG
Әйгерім ЕСЕНӘЛІ,
журналист, Nur Otan партиясының мүшесі:


Жастарға жасалған мүмкіндік

– Бүкіл Қазақ елі болып Жол­дауды күттік. Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлау нау­қанынан бастап әлеу­меттік мәселеге ден қояты­нын, аза­маттық қоғам­ның негізгі күр­меуі шешілмеген мәселелерін қарайтыны бел­гілі болды. Саясаткер ре­тін­дегі тә­жірибесі бар тұлға. Әлеуметтік парақ­шасында Жолдауға қа­тысты алдын ала мәлімет берді. Пре­зидент берген тапсырмалар көп­тің көңілінде жүрген сұ­раққа нүкте қояды, нәтиже бе­реді деген үміттеміз. Қыл­мыс­тық кодексті, жазаны қа­таң­дату жайында айтқаны жөн болды. Өзіме ұнағаны – шағын және орта бизнесті қол­дауға арнал­ған бағыт. Бі­рыңғай жинақ­таушы зей­нетақы қорындағы сомасын білімге немесе тұр­ғын үй мәселесіне жұмсауға байла­ныс­ты айтқаны – жас­тарға үл­кен мүмкіндік. Елдегі қар­жы­герлер ақылдаса оты­рып, ха­лыққа ыңғайлысын ойлас­тыр­ғанына қуаныш­тымыз. Пре­зиденттің сай­лауалды бағ­дар­ламасының негізі – сабақ­тас­тық. Н.Назарбаев қа­шанда ал­дың­ғы қатарға та­рихтан үлгі ала отырып, бо­ла­шаққа жоспар құру, болмыс пен құнды­лық­ты ұмытпау керегін бағ­дар­ламада айқын­дап көр­сеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев та осы сабақ­тастықпен жұмыс істеп келе жатқан, нақты жос­пары бар саясаткер екенін та­ныта білді. Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пә­нінің мұғалімі. Телеарна, мәдениет саласында 10-15 жыл жүрген адам ре­тін­де әлеуметтік мәселеге баса мән беремін. Әлеуетіміз жақ­сарса, мәдени күйіміз түзеледі.