– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің саяси және рухани өмірін жаңа белеске көтеретін басты құжаттардың бірі. Осы Жолдаудың екі тармағын бөле-жара атап өткім келеді. Бірі – жер. Президент қалың елді толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталды. «Мемлекет басшысы ретінде тағы да мәлімдеймін: жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету – біздің міндетіміз», - деді.
Екінші мәселе – тіл. Президент Жолдауда «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек. Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн», - деп атап өтті.
Қоғам дамудың жаңа сатысына шыққан тұста ұлттық сананы жаңғырту ерекше орын алады. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтату бағытында Президент ұсынып отырған осы бағытты жүзеге асыруға көп нәрсе байланысты. Бұл жерде әрбір қазақстандықтың таным-түсінігі, мәдени деңгейі басты рөл атқарады. Туған тіліміздің төңірегінде қызыл сөздің қырманын сапырғаннан гөрі нақты тірліктермен айналысқан абзал. «Жұмыла жұмыс жүргізу» деген сол.
Мемлекеттік тілімізді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру әп-сәтте жүзеге аса салмайды. Бұл үшін оның мәртебесін нығайту, қоғамдағы қатынас, қолданыс шеңберін ұлғайту, маңызын күшейту керек. Мемлекеттік тілді өз бауырларымыз бен өзге жұрт тек мұқтаж болғанда ғана тез үйренеді. Осы ретте «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңның қажеттігі білінеді. Бұл ұлтымыздың рухани әлемі, мемлекет пен қоғам үшін өзекті мәселе. «Мемлекеттік тіл туралы» Заңның қабылдануы ең алдымен латын графикасына көшу мен қолданылу ісінде басты тірек болады. Сондықтан Президенттің ұсынысын толық қолдаймын. Мұны замандастарымыз да қолдайды деп есептеймін. Жүйелі түрде өзгеретін уақыт келді. Осындай өршіл өзгерістер мемлекеттің дамуын жаңа кезеңге, сындарлы жолға шығаратынына сенімдімін.