«Хабар» – алты дүркін чемпион
«Хабар» –  алты дүркін чемпион
422
оқылды

Әне-міне дегенше BAQ league-ның VI маусымы да мәресіне жетті. Бірінші маусымнан бері бас бәйгені ешкімге бермей келе жатқан «Хабар» биыл да жүрісінен жаңылған жоқ. «Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдығы аясында өткен маусымда бас жүлдені кезекті рет жеңіп алды.

Маусымның орта тұсында «Ел арнадан» жеңіліп, «Астана ТВ» командасымен тең түскені­мен, шешуші ойындарда ұпай­­дан шашау шығармады. 12 ойында 28 ұпай жинаған «Ха­бар» басты бәсекелесі «Ас­тана ТВ» командасын арт­та қал­ды­рып, алтыншы чем­пион­дығын рәсімдеді.

Өткен маусымда «В» лига­сын жеңген «Астана ТВ» биыл күміс жүлдені қанағат тұтты. Бұл былтыр ғана төменгі топта доп тепкен команда үшін өте жақсы көрсеткіш. Ал Qazaq ra­diolary командасы үшінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ бұл команда Журналистер ку­богының финалында «Ха­бар­ды» 3:0 есебімен жеңіп, ауыс­палы кубокты иеленіп, биылғы маусымды сәтті аяқтады.

«В» лигасында «Қазмедиа В», «Спорт 592» және Kazaknews.kz командалары үздік үштіктен көрініп, жоғарғы лигаға, яғни «А» лигасына жолдама алды. Өкі­ніштісі, «Хабар 24» пен «Қаз­­медиа А» келесі маусымды тө­мен­гі лигада бастайтын болды.

«Қазмедиа В» – «В» лига­сы­ның жеңімпазы атанды. Бастапқыда бұл команданы ешкім фавориттер санатына қоспаған. Құрамы да аса күшті болмады. Алайда трансферлік терезеде «Қазмедиа А» сапынан Ершат Қожатаев пен Құмарбек Азатты алдыртқан «Қазмедиа В» командасының ойыны тү­леп сала берді. Төрт турда мак­­си­малды 12 ұпай жинап, «В» ли­гасында жеке-дара көш бас­та­ды. Мерзімінен бұрын, яғни лига аяқталмай жатып жоғарғы лигаға жолдама алған команда келесі маусымға сақа­дай-сай екенін көрсетті.


 

Жоғарғы лигаға жолдаманы сарапқа салған 2-3-4 орында тұр­ған командалар таласы тар­тысты болды. Соңғы тур­ға дейін екі орын иегері анықталмады. Соңғы тур нәтижесі белгілі бол­ғаннан кейін, 5 ойында 9 ұпайға қол жеткізген «Спорт 59» командасы турнирлік кестеде екінші орыннан көрінді. Ал үздік үштікті төменгі лиганың жаңа қатысушысы Kazaknews.kz түйіндеді. Екінші кезеңге жолдама алған «Мазмұндама» мен «Қаламгер» командалары орынға ілікпей, келесі жылы да «В» лигасында өнер көрсете беретін болды.

BAQ league-ның VI мау­сы­мын­­да өзге қар­сы­лас­та­ры­нан көп гол салған «Хабар» ко­­ман­да­сының шабуылшысы Әлі­шер Келгенбай А лигасының үз­­дік сұрмергені атанды. Оның еншісінде – 20 доп. Екін­ші орынға 16 доп­пен «Еге­мен Қазақстан» ко­ман­да­сы­­ның ойыншысы Ерке­бұлан Ал­­­да­­берген, үшінші орынға 15 доп­пен «Хабардың» үз­дік фут­­­бол­шыларының бі­рі Нұр­сұл­тан Қабылбеков жай­ғас­ты.

«В» лигасында 19 голмен Нұрәлем Жалғасұлы (NatGeo Qazaqstan командасы) сұрмер­ген­дер көшін бастады. Екінші, үшінші орынды «Спорт 59» командасының ойыншысы Құдайберген Махамбетәлі (17 гол) мен «Еуразия + Орт» ко­мандасының шабуылшысы Ерден Құспанов (14 гол) бөлісті.

Айта кетейік, BAQ league-ның биылғы маусымдық ойын­­­­дарына «Айқын-Литер», Kazak­news.kz, Qsport.kz, №1 Spor­tchannel командалары бірін­ші рет қатысып отыр.