Елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі өткізген елорданың үздік әнұраны байқауы өтпейтін болды.
Қала әкімдігінің ақпары бойынша, қазылар алқасының төрағасы ақын Несіпбек Айтұлы байқауға келіп түскен әндердің бірі де әнұранға лайық келмегендігін айтады.
Ақынның сөзінше байқау осы жазда екі рет жарияланған: алғаш рет іріктеуге жүзден аса туынды, ал екінші рет жарияланғанда 68 өтінім келген.
«Барлығы сол «жасасын, Астана!», «жас қала, менің мақтаным» деген сияқты жадағай болып келеді, жарқ ететіндей жаңа ой, салмақты сөз, айшықты образ таппадық. Содан кейін қайта бір көрейік деп қайтадан байқау жарияладық. Оған 68 шығарма түсті. Байқау уақытын созып, қайта қараған кезде де алдыңғыдан өзгешелік болмады, тағы да жадағай, жаттанды сөздер», – дейді ақын. Қазылар алқасының құрамына композитор Серік Еркінбеков, Сәкен Әбдірахманов, ақын Серікзат Дүйсенғазин де бар. Олардың пікірінше, Нұр-Сұлтан қаласы әнұранының сөзі де, әні де ерекше, рухты, көркемдігі биік болуы шарт.
«Егер келіп түскен шығармалардың ішінде өте сәтті, әуені де, сөзі де үйлесімді келіп тұрса шығарып жіберуге болар еді, ал, асығыста, шикілі-пісілі, талғамға жауап бермейтін, сын көтермейтін нәрсені әнұран деп тапсақ, оны халық қабылдамай сынға ұшырап жатса, одан қазылар алқасы абырой таппайды», – деді Н.Айтұлы.
Әнұраннан өзге Нұр-Сұлтанда елорда туралы үздік ән іріктелген. Бұл байқауда «Азия» тобы «Нұр-Сұлтанға кел» әнімен топ жарды. Жеңімпаздарға 3 миллион теңгелік сертификат табысталды.