Астық 1-1,5 тоннаға аз. Нан қымбаттай ма – министр жауап берді
Астық 1-1,5 тоннаға аз. Нан қымбаттай ма – министр жауап берді
5,389
оқылды

Ауыл шаруашылығы министрі астық көлемі ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті болатынын айтты.

Биыл елімізде 1-1,5 тонна астық кем бастырылады, бірақ бұл нан бағасына әсер етпейді. Бұл туралы бүгін ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

«Нан жыл басынан бері қымбаттап жатыр деген пікірмен келіспеймін. Өйткені осы жылдың басында мен брифинг өткізіп, нан бағасын ұстап тұру үшін Азық-түлік корпорациясы нан пісіретін комбинаттарға 100 мыңнан 150 мың тоннаға дейін астықты төмен бағамен сататынын айтқан едім. Сол бидайдың 100 мың тоннасын саттық. Нанның бағасы содан бері тұрақты тұр», – деді С.Омаров үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министр биылғы аптап ыстық салдарынан Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы егіс алқаптарына зиян келгенін айтты.

«Кем жиналған астық ішкі нарыққа қатты әсер етпейді. Өйткені, жиыны 19 миллион тонна астық бастырсақ, оның 9 миллионы ішкі нарықта қалады. Қалған 7-8 миллион тоннасын экспортқа шығарамыз, ар жағында тағы екі миллион тоннасы қалады. Оның үстіне былтырдан қалған 1,5 миллион тонна астық тағы бар. Бәрін қосқанда, астық көлемі ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті», – деп сендірді ведомство басшысы. 

Министрлік дерегінше, республика бойынша дәнді дақылдар алқабы 15,2 миллион гектарды құрайды. Қазір оның 4,8 миллион гектары жиналды, бұл 31,7%. Министр С.Омаров облыс әкімдеріне ескертіп, күзгі егін жинау кезеңіндегі ауа райының жайсыздығын есепке алуды айтып өтті.

Еске сала кетсек, бүгінгі Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин Ауыл шаруашылығы министрі мен облыс әкімдеріне егін орағын сапалы жүргізуді міндеттеген еді.