Өмірді жақсы жағынан көрсеткім келеді – фотограф
Өмірді жақсы жағынан көрсеткім келеді – фотограф
©Adlet Rahmetolla
747
оқылды
«Адамның жан дүниесін суретпен көрсеткім келеді» деген ол, қиындыққа толы жолынан тайған емес. Оның айтуынша, кез келген адамға фотоаппаратты жақындата түссе, өзгере кетеді. Ондай кезде адам бойындағы шынайылық жоғалады. Сол шынайылықты адам жүзінен жоғалтпай, ұстап алуға тырысатын Әділет өмірді жақсы жағынан көрсеткісі келетінін айтты. [caption id="attachment_63936" align="alignnone" width="819"]Әділет ©Adlet Rahmetolla[/caption] – Өзіңізді кіммін деп есептейсіз, фотограф па, әлде видеограф па? Қайсысы сізге жақын? – Шыны керек, екеуі де жаныма жақын. Фотоның да, видеоның өзіндік артықшылығы бар. Екеуін де бір кісідей меңгергенмін. Біліктілігімнің арқасында кез келген жерде қайсысын болсын пайдаланып, білместіктен бөгелген емеспін. Сондықтан фото мен видеоны бір-бірінен ажыратып, «мынау жақын» деп бөліп-жармаймын. [caption id="attachment_63937" align="alignnone" width="819"]Әділет ©Adlet Rahmetolla[/caption] «Камера», «таспа», «кассета» деген дүниелерді көз ашқалы көріп өстім. Әкемнің кішкентайында түсірілген таспаларға дейін болды. Бұл маған таңсық дүние емес. Суретке қызығушылықтың дәні сол кезден салынған ғой. Балалықпен оны түсінбедік. Оның үстіне, әкемнің ағалары 83-жылдары камерамен жұмыс істейтін. Кейінгі жылдары әкемнің інісі Тұрған деген ағам да осымен айналыса бастады. Мені камерамен жұмыс істеуге үйреткен де сол еді. Ол кездерде ағамыз той-томалақты түсіретін. Соның жанында штативін көтеріп жүретінмін. Кейіннен студент болып қалаға келгенімде маған өз ақшасына камера алып берді. Менің толыққанды жұмысым осыдан басталды. [embed]https://www.instagram.com/p/CDtqd_xBVGe/?utm_source=ig_web_copy_link[/embed] – Қазір түрлі видеолар түсіріп жүрсіз. Жалпы, жақсы дүние шығару үшін адамға ең алдымен не қажет? – Жұмысымның бағасын көрермен бере жатар. Видеоның тұшымды әрі көрікті шығуы – алдымен Алланың қалауы. Екіншіден, озық техниканың арқасы. Мәселен, дрон мен квадрокоптардың көмегімен видеоларым толыққанды дүниеге айналуда. Әрине, оған тынымсыз еңбек пен ізденісті қосыңыз. Мысалы, табиғаттың әдемілігін көрсете білу – оңай дүние емес. Әдемі сәтті ұстай білудің өзі өнер. Ондай сәтті ұстауда аңшы секілді жан-жаққа қарап, бағдарлап, бақылауың керек. Сондайда жақсы кадр ұстай алуың мүмкін. Онда да түсірген кадрдың бәрі бірдей жақсы бола бермеуі тағы бар. ӘділетВидеоны түсіру бір бөлек, оны монтаждау бар. Осының бәрін істейтін өзіңіз бе? Мұндай жұмыс уақытты көп ала ма? – Жалпы, түсірген дүниемді бас-аяғын тиянақтап, өзім аяқтағанды дұрыс көремін. Сол үшін де монтажын өзім жасаймын. Негізі, монтаждау әр адамның өзіне байланысты. Егер жұмыс істеуге ынтасы мен ықыласы болса, тез арада істеуге болады. Өзіме монтаждаудан гөрі видеоның астына әуен қою, оны іздеу – қиын. Сондықтан уақытымның басым бөлігі музыка іздеумен өтеді. Кез келген видеоның өңін ашатын әуен ғой. Ол болмаса, асыңыздың дәм-тұзы болмағанмен бірдей. [embed]https://www.instagram.com/p/CCoKNi8hdwf/?utm_source=ig_web_copy_link[/embed] – Суреттің қызығына кіріп кеткеніңізді қай кезде түсіндіңіз? – Қызығушылығың мен жұмысың біте қайнасып, өміріңнің ажырамас бөлігіне айналып кеткенін түйсігіңмен түсініп, жандүниеңмен  қабылдау уақыт еншісінде екен. «Бәрі осы кезден басталды» деп нақтысын айта алмаймын. Алайда суретке деген қызығушылық мектепте жүргенде басталды. Ол кезде агент деген бар. Өзінше суретке түсіп,  қыздармен танысу үшін салып қойғым келді. Бірақ сурет қап-қара болып шыққан соң, оны ағартудың жолын іздедім. Фотошоп  бағдарламасын үйрену керек болды. Сөйтіп, өз суретімді тазартып отырып, қызығушылығымның қалай пайда болғанын түсінбей қалдым. Кейіннен  Instagram  парақшамды аштым. Енді ол жерге сапалы сурет салған дұрыс. Талапшылдықтың арқасында сурет түсірудің түрлі тәсілін меңгеріп, ішіне кіріп кеттім. Әділет – Әрбір ақын-жазушы өзінің әр шығармасын баласындай көретіні белгілі. Әр суретіңіз бен видеоңыз да сізге соншалықты қымбат па? – Жұмысымның ешбірін жақсы-жаман деп бөлмеймін. Маған бәрі бірдей қымбат. Суреттерімнің арасында сәтті кадр да көп. Әрқайсысының өз тарихы, айтар ойы бар. Мысалы, балалардың суретіне қарап-ақ, ойша еріксіз балалық шаққа ораласыз. Анамның айғайы мен атамның ала таяғы даладан үйге әрең кіргізетін еді. Сондайда «кең алқапта желмен жарыса асыр салған балалығым-ай!» деген  сағыныш кеудемді кернейді. Есейгенде еркелігің басылып, тағдырдың тәлкегіне түсіп, сынына сыналудың өзі – ғұмыр. Осындай тағдырлар жетерлік. Соны сурет көріп-ақ, адам жанын түсінуге болады. Не болмаса бір жерден бір жерге асыққан жұрт. Құлағын құлаққаппен, жанарын ұялы телефонмен тұмшалаған халық. Бұл – бүгінгі күннің қарбалас, күйбең тірлігі. Осының бәрін суреттен көруге болады. Сурет сөйлеп тұруы керек... Әділет Мәселен, өткен 8 наурызда ел ішінде елеп-ескеріле бермейтін мамандар: көше тазалаушы, аспаз, акушер, медбике, жүргізуші, еден жуушы, сатушы секілді әйелдердің көңілін сергіткім келді. 300 теңгеден 10 шақты гүл сатып алып, «Сіз сондай әдемісіз. Мына гүл сізге!» деп таратқаным бар. Әр әйелдің бақытты жүзі мен мейірімін объективіме іліп алдым. Олардың гүл алғандағы эмоциясы мені кәдімгідей куантты. Өмірдің өзі көңілден тұрады емес пе?! [caption id="attachment_63942" align="alignnone" width="1024"]Әділет ©Adlet Rahmetolla[/caption] – Ел-жерді шарлап, суретке де, видеоға да түсіріп жатасыз. Соның ішінде өзіңізге қатты әсер еткен жағдай болды ма? –  2018 жылы деректі филім түсіру мақсатында Африкаға барып, ол жақтағы Иегер еліне құдық салғанымыз бар. Сапарды ұйымдастырған «Асыл арна» арнасы болатын. Негізі, ауылда су тапшы, құдық деген ұшты-күйлі жоқ еді. Оны қазып, жасауға 15 күндей кетті. Біз құдық дайын болғанда бардық. Жергілікті жұрт бейне бір концерт келуге жиылып алған. Әрқайсысы қолына бір-бір кәністр ұстап алып, кезекте тұр. Әлгі кезектің ұшы-қиыры көрінбейді. [caption id="attachment_63940" align="alignnone" width="819"]Әділет ©Adlet Rahmetolla[/caption] Кенеттен жерастынан су атқылап шыққанда халықтың қуанғанын көрсеңіз. Үлкені де, кішісі де бала секілді судың астында асыр салып ойнап жүр. Бәрі мәз. Олардың қуанышын көріп, көзіме қалай жас алғанымды да білмей қалдым. Бір тамшы судың өзіне елдің қуанышы шексіз. Ал біздің елде ше?! Қолда бар дүниенің қадірін білмей, бақытты  материалдық жағдайдан, мансапқұмарлықтан іздейтіндер жетеді. Әрине, «бес саусақ бірдей емес». Алайда өмірдің өзі болмашы дүниеден, көңілден  тұратынын адамдар ұмытып кеткендей көрінеді. Сондықтан жан тазалығы мен шынайылығымызды жоғалтпайық.