Адамзат тарихының ұзақ дамуында адам қатынастарының өлшемін құрап келген құндылықтардың қатарында гуманизм мен дін ерекше орынға ие. Олардың маңызы адамзаттың тарихи дамуында бір-бірін өзара байыта отырып, бүгінгі күндегі адам құқы мен еркіндігін басты орынға қоятын заманауи өркениетті қоғамдардың моральдық-адамгершілік іргетасын қалауымен арта түседі.
Әрине, адамзаттың даму тарихы гуманистік құндылықтар мен діни сенімдердің тек жайма-шуақ өзара әрекеттесуінің қатынасы деп айту қиын. Адамзаттың ерте кезеңіндегі алғашқы діндерге бойламай-ақ, Орта ғасырдағы діннің үстем заманында адамзат тарихында көптеген келеңсіз оқиғалардың орын алғанын білеміз. Бұл өз кезегінде, Жаңа заманнан бастау алған гуманистік құндылықтарды мұрат етіп көтерген зайырлы қоғам идеясының діннің қоғамдағы орнын анықтап беруіне алып келді.
Заманауи гуманизм адамның бақытты өмір сүруге деген құқығын және оның өз бойындағы оңды қабілеттерді дамытуы мен іске асыра алуын жариялайтын дүниетаным десек, зайырлы гуманизмнің басты принципі адамның дінге қатысты сенім еркіндігін көрсететін дүниетаным болып табылады.
Зайырлы гуманизмнің негізгі қағидаттары мынадай өлшемдерге тұғырланады:
● Цензураның, догматизмнің кез-келген түріне жол бермеу; баспасөз және ақпарат бостандығы.
● Діннің мемлекеттен бөлінуі. Еркін өмір сүру принципінің бұзылуына жол бермеу үшін, дінді мемлекеттен бөлектеу керек.
● Еркіндік идеалының үстемдігі, адам құқықтары мен заң билігін құрметтеу.
● Сыни пайымдауларға негізделген этика, яғни, діни сенімдерге жүгінбей-ақ, моральдық-адамгершілік нормаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мен қажеттігі.
● Білім және тәрбие жүйесінде адамгершілік құндылықтардың басымдығы, оған өздері саналы және ерікті түрде келісім беруге қабілетті болғанға дейін жасөспірімдерге дінді таңбау.
● Діни скептицизм, яғни, адамның қоршаған ортаға қатынаста діни пайымнан тыс сыни қарау мүмкіндігі.
● Ақыл үстемдігі, әлемді түсінудің шынайы жолы ретінде ғылыми әдістердің дұрыстығын мойындау.
● Білім беру. Білім беру гуманистік, еркін және демократиялық қоғам құрудың ажырамас құрамдас бөлігі ретінде моральдық-адамгершілік өсу мен дамуды қолдауға, мамандыққа үйретуге, өмір жолын таңдауға көмектесуге, демократиялық қоғамның құндылықтары мен ережелеріне баулуға және сыни пайымдауларға қабілеттілікті дамытуға негізделеді.
Заманауи қоғамдағы зайырлы гуманизм әртүрлі көзқарастағы адамдарды біріктіреді. Адам табиғаты мен дүниеге қатынаста діни көзқарастарды ұстанбаса да, зайырлы гуманизм діндарлардың сенімін құрметтейді, ар-ождан еркіндігін, діннің мемлекет пен мектептерден бөлектігі мен дербестігі принципін қорғайды. Гуманизм осы ретте дүниетанымның діни немесе зайырлы түсініктерін саясиландыруға және идеологияландыруға қарсы шығады. Өйткені аталған дүниетанымдарды қоғамдағы саяси және рухани билік үшін күрестерде құрал ретінде қолданудың қателікке ұрындырар салдары көп.
Гуманистік құндылықтарды басшылыққа алатын заманауи зайырлы мемлекеттер дінге қатынаста еркіндікті басшылыққа алатын, яғни, дінге сену-сенбеу, діни сенім мен ғұрыптарды ұстану-ұстанбау бостандығымен тікелей байланыста көрінетін ашық әрі нақты позицияны ұстанады. Және осынау қағидаттар бүгінгі күндегі барлық заманауи зайырлы елдердің Конституциясында көрініс тапқан.
Ар-ождан бостандығын басты орынға қоятын мемлекеттің зайырлы принципі адам мен қоғам өмірінің зайырлы және діни салалары арасында паритетті қатынастарды орнатуға мүмкіндік беріп, мемлекет тарапынан қорғалатын діни саланың легитимділік ауқымын анықтайды. Осы орайда гуманистер діни институттардың іс-қызметіне байланысты заңнамаларды бұзумен орын алатын кез-келген әрекеттерге белсенді түрде қарсы тұрады. Бұл өз кезегінде зайырлы және діни ұйымдардың қоғамның әр саласындағы әлеуметтік, рухани мәселелерді шешу мене жүзеге асыруда бірлесіп жұмыстар атқара алу және екі жаққа да тиімді өзара сенімге негізделген сұқбатқа түсе алу мүмкіндігін көрсетеді.
Қазіргі күнде зайырлы мемлекет ретінде орныққан Қазақстан билігі гуманистік құндылықтарды басшылыққа алып, осы бағыттағы саясатын жылдан-жылға жетілдіріп келеді. Елімізде дін бостандығы іс жүзінде іске асып, діни бірлестіктер өздерінің ішкі сенімдік іс-қызметтерінен бөлек, қоғамның рухани, әлеуметтік салаларындағы мәселелердің шешімін табуына өз мүмкіндіктерінше көмек көрсетіп отыр.
Біздің еліміздегі мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара қарым-қатынасы адам құқықтары мен бостандығын құрметтеу, қоғамдық және діни мүдделердің тепе-теңдік ұстанымын қамтамасыз ету, сындарлы қатынас және әріптестік ұстаным орнату, өзара түсінушілікке және өзара әрекеттесуге қолдау білдіру тәрізді демократиялық қағидаларға тұғырланған.
Жалпы алғанда, еліміздің Конституциясында көрініс тапқан зайырлы құндылықтарды ілгерілету мемлекеттік органдардың алдында тұрған маңызды міндет, өйткені зайырлылық - Қазақстанның заманауи құқықтық мемлекет ретінде өмір сүруінің негізгі өлшемі болып табылады. Бұл дін мен діндарлардың құқықтары мен бостандықтарын заңнамалық қамтамасыз етумен қатар, адам мен азамат құқықтарын басшылыққа алатын кең ауқымдағы гуманистік құндылықтардың орнығуы мен өркендеуіне кең мүмкіндіктер беру деген сөз.
Иманбаев Мейрам Өткелбайұлы,
мәдениеттанушы