Уақыт жылдам. Кеше ғана дүниеге келген сәби ержетіп, қызығын көрсетер күнге қалай жеткенін де білмей қаласың. Бірақ, қызығын емес шыжығын көрсетушілер көбейіп бара жатқаны қоғамды алаңдатып отыр. Әлеуметтік желіде біреуді ұрып, атып, басып кеткен жастардың бейнекөрінісі екі күннің бірінде жылт-жылт етіп шыға келуде.
Жақында астанада жас жігіт атыс шығарып, төрт адамды жаралады, олардың біреуі ауруханада қайтыс болды. Оқиға қатысушылары өзара қарым-қатынасын реттеп жатқанда, олардың біреуі қарудан оқ ата бастағаны анықталған. «Атыс салдарынан қақтығысқа қатысқан төрт адам жараланып, біреуі ауруханаға келген соң көз жұмды. Күдіктілер оқиға болған жерден ізін суытты. Елордалық полиция қызметкерлерінің жедел қабылдаған шаралары нәтижесінде, аталған дерек бойынша екі күдікті бір тәулік ішінде ұсталды», – деп хабарлады департамент өкілдері. Қазіргі уақытта олар қамауға алынған. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Ал Алматыда үш адамды ағайынды екі жігіт көлікпен қуып жүріп қаққан. Жастардың анасы болса оларды ақтап әлек. Нәзира Әлікееваның айтуынша, ұлдары Жандос пен Дінмұхамед кафеге туысқандарының туған күніне барған. «Мен өз ұлдарымды білемін ғой. Олар ақкөңіл, адамгершілігі мол балалар. Әрине, жас болған соң қызуқандылық болар, бірақ ерсіз қылық, оғаш мінез көрсеткен емес. Балаларыма 13 еркек өздері келіп тиіскен. Ерегістің себебі, қыздар болу мүмкін, бірақ ол туралы анық айта алмаймын. Десек те, олар өздерін қорғағысы келген. Менің балаларым олардан бақандай 10-15 жас кіші. Ұрып соғуды солар бастаған. Егер қатты зардап шексе, жәбірленуші болса, онда неге полицияға әлі арыз түсірмеген? Мен ақиқатын анықтауға бар күшімді саламын», – деп шырылдап жүр. Қайтсін енді?
Міне, қазіргі жағдай осындай. Бала бойына агрессия тудыратын GTA, Counter-Strike сынды компьютерлік ойындардың берген нәтижесі.
Мұндай оқиғаның бірі Ақтауда болды. Мұнда да «басты рөлде» – жас бала. Ол рульге отырып алып жүргізген көлік апатқа ұшырады. Осы дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары Ақтаудың кәмелетке толмағандар істері бөліміне жіберілді. Оқыс оқиға №33 шағынауданда, Назарбаев Зияткерлік мектебінің алдында болған. Екі бала мінген жол талғамайтын көлік Daewoo Nexia маркалы жеңіл көлікті барып соққан. Куәгерлердің айтуынша, балалар оған дейін бес шақырымдай жол жүрген.
Сорақылықтың көкесі Оралда орын алды. 17 жастағы жасөспірім тұрақта тұрған «ВАЗ-2109» маркалы автокөлігін айдап кетіп, ізін жасырмақ болып өртеп жіберген. Жәбірленуші автокөлігін ауладағы тұраққа қойып, ішіне 150 мың теңгесін қалдырып кеткендігін айтады.
Тағы да оқ ату Петропавл қаласында тіркелді. Бизнесменге шабуыл жасап, оқ атты деген күдікпен Қызылжар ауданының 1997 жылы туған және Петропавл қаласының 1990 жылы туған екі жігіті ұсталып, қамауға алынды.
Шынында Мұхтар Шахановтың: «Компьютер басты ұрпақ келе жатыр» деп айтқаны орынды. Компьютерге әуес жас бала өзінің жақындарымен араласудан қашқақтайды. Шынайы өмірді виртуалды, жансыз «өмірге» айырбастап жіберетіндей дәрежеге жетеді. Ғалымдар мен психологтар компьютердің денсаулыққа орасан зор зиян келтіретінін айтып, дабыл қағуда. Олардың айтуынша, монитордың алдында үздіксіз жұмыс істеу қан қысымын көтереді. Сонымен қатар, омыртқаға көп күш түсетіндіктен омыртқа буынының қисаюы ауруына шалдығуы мүмкін. Электрленген сәулелер саусақ ұштарына әсер етіп, қолдың буындарына зақым келтіреді. Балада тек өзіне ғана мәлім «жабық әлем» қалыптасуы ықтимал. Міне, осының бәрі баланың ашуланшақ болуына әкеліп соғады. Жан-жағындағыларға ызамен қарап, біреуден өш алғысы келіп тұрады.
Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында еліміздің әр аймағында «Құқықтық тәртіп» шаралары өтуде. Бір ғана Тараз қаласында жүргізілген осындай рейдте Жергілікті полиция қызметі түнгі уақытта жұмыс істейтін ойын-сауық орындары, интернет-кафе, мейрамхана, бар, ойын клубтарына тексеріс жүргізгенде, қырық үш жасөспірімді анықтап, полиция бөліміне жеткізген.
Бала ұрып, аналар жылаған заман болды. Айтар болсақ, компьютердегі зорлық-зомбылық, атыс-шабыс ойындарға шектеу қойған дұрыс-ау!