Этносаралық келісімнің қазақстандық үлгісі өзге елдерге өнеге бола алады. Бұл жайында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Ұлт азшылықтары істері жөніндегі жоғарғы комиссары Ламберто Заньермен жүздесуінде мәлім етілді.
Кездесуде екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың өзекті мәселелері талқыланды.
Н.Нығматулин мен Л.Заньер, әсіресе, ұлтаралық келісімнің бірегей қазақстандық моделі және еліміздің тәжірибесін әлемдік деңгейде пайдаланудың мүмкіндіктері туралы салмақты ойларын ортаға салды.
Мәжіліс төрағасының пікірінше, этносаралық келісім мен қазақстандық қоғамның бірлігі ел тұрақтылығының және өркендеуінің шешуші факторы болып саналады.
Палата спикері Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы ассамблеясы бүгінде теңдесі жоқ бірегей институтқа айналғанына назар аударды. ҚХА депутаттары қазір Мәжілісте жұмыс жасауда. Республикамызда 100-ден астам этнос пен 18 діни конфессия өкілдері тату-тәтті тұрып жатқаны тілге тиек етілді.
Нұрлан Нығматулиннің байламынша, этносаралық келісімнің қазақстандық моделі басқа мемлекеттер үшін үлгі қызметін атқара алады және мемлекетіміз толерантты қоғам құру ісіндегі тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Палата басшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен және оның институттарымен ынтымақтастықты нығайтуға зор көңіл бөлетініне тоқталды. Соның ішінде, этномәдени бірлестіктердің ақпараттық-коммуникациялық бағытын дамытудың маңызы зор.
Өз кезегінде Ламберто Заньер Қазақстанға деген ықылас үлкенін айтты, өйткені республикамызда әзірленген этносаралық қарым-қатынастар моделі келешегінен көп үміт күттіреді.
Алдағы уақытта Қазақстанның тұрақтылық пен бірлік жолындағы жетістіктері мен бай тәжірибесін есепке ала отырып, бірлесе іс-қимыл жасау қажетіне тоқталған мәртебелі мейман сапары аясында «Достық үйінде» болып, әртүрлі ұлт өкілдерімен кездескенін, оларға жасалған жағдай мен мүмкіндіктер, мәдени және тарихи үндестік қызығушылық тудыратынын жеткізді.
Тараптар өзара сындарлы іс-қимыл ЕҚЫҰ кеңістігінде қауіпсіздік мәселелеріне серпін беретініне сенімді.