Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ, Nur Otan партиясы Саяси кеңес мүшесі:
Экономикаға серпін береді
– Мемлекет басшысы көпшіліктің көкейінде жүрген бірқатар әлеуметтік мәселенің шешімін тауып берді. Соның ішінде ерекше атауға болатыны көңілді күпті еткен зейнетақыға 5 пайыз қосу мәселесі 2023 жылға дейін шегерілді. Көпшілік үшін жақсы жаңалық болғаны анық. Микро және шағын бизнеспен айналысып жүрген адамдар үшін салықты 3 жылға доғару елдегі экономикалық кіріске септігін тигізеді. Табанды шешім. Елімізде бизнеспен айналысқысы келетін адамдар қатары көбейеді деп ойлаймын. Мұның сыртында мемлекеттік тіл мәселесі, білім сапасын көтеру жайы айтылды. Білім саласын көтеруге, тәрбие ісіне қамқорлықпен қарау керек деп тапсырма берілді. Сонымен қатар руханият және мәдениет саласында қызмет ететін ортаға ерекше көңіл бөлу керегі айтылды. Осының бәрі – сала қызметкерлері үшін маңызды әрі қуантарлық жағдай.
Динара ШАЙЖҮНІСОВА, «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, директоры:
Мақсатымыз – қазақтілді аудиторияны қалыптастыру
– Бәріміздің ішкі тілегіміз айтылған Жолдау болды. «Болашақ» корпоративтік қорының жетекшісі ретінде Жолдаудың ұнаған тұсы – даму ерекшеліктері бар балаларға қолдау көрсету. Өңірлерде инклюзивті білім беру турасында түрлі мәселе туындайды. Білім беру орталықтары жетіспейді. Қазіргі таңда партиямен бірігіп еліміздің барлық өңірінде 43 инклюзивті қолдау кабинетін аштық. Президентіміз инклюзив қоғамға баса мән берген. Арнайы қаржы бөлетіні көңіл қуантарлық жайт.
Екіншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесі жайлы айтылғаны көңілге қонды. Бәріңіз білетіндей, біздің қор голливудтық фильмдерді қазақ тіліне дубляждаумен айналысады. Мақсатымыз – қазақтілді аудиторияны қалыптастыру. Жоба демеушілік қолдаудың арқасында жүзеге асырылып жатыр. Қазір еліміздің әр тұрғыны қазақ тілінде сапалы контентке қол жеткізе алады. Бұл Конституциямен қорғалған, сондықтан әр азамат мұны талап ете алады. Алайда кинотеатрлар тарапынан қазақтілді фильмдерді прайм-тайм уақытына қою – өзекті мәселе. Жолдауда көтерілгендей, аталған мәселе шешіледі деп ойлаймын. Кез келген қазақстандық кинотеатрдан қазақ тілінде кино көруге құқылы. Әсіресе, жасөспірімдер. Өйткені әрбір жас – еліміздің болашағы. Болашақ кемел болу үшін тіл мәселесі алдыңғы орында тұруы тиіс.
Сонымен қатар шағын және орта бизнеске қолдау көрсету жайы көтерілді. Бұл ел кәсіпкерлерінің әлеуетін көтерер еді. Шағын және орта бизнес – экономиканы қалыптастыратын класс. Мемлекет басшысы бәрін жан-жақты талдағаны көрініп тұр. Бастысы, жолдауға қолдау болып, қадағалау қатаң түрде жүрсе болғаны. Айтылған сөзді жерге тастамай, нәтиже шығарса, нұр үстіне нұр болар еді.
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы:
Ұлттың ертеңіне сеп болар шешім
– Бұл Жолдау бұрынғыдан өзгерек. Себебі, Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы халыққа Жолдауы. Жолдауда бірқатар басымдық бар. Біріншіден, Мемлекет басшысы жемқорлық жайын айтты. Жемқорлықтың түбі жойылмай, ел экономикасы өрге баспайтынын алға тартты. Оған қосымша көлеңкелі бизнес белең алғанын жеткізді. Екіншіден, тіл мәселесі Жолдаудың негізіне айналғаны ұнады. Президентіміздің Жолдауда қазақ тіліне басымдық бергені, көсіле сөйлегені ұнады. Конституциямызда қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық тіл деп бекітілген. Мемлекет басшысы енді қазақ тілі мемлекеттік әрі ұлтаралық қатынас тілі болатынын мәлімдеді. Бұл – ұлттың ертеңіне сеп болар шешім. Президенттің қазақ тіліне басымдық бергеніндей, биліктегілер мемлекеттік тілдің мерейін үстем етеді деп ойлаймын. Тілге құрмет елге құрмет екені даусыз. Сондықтан көңіл қуанарлық жағдай. Үшіншіден, ауыл мен елдімекендерді дамытуға берілген басымдық. Ауыл гүлденсе – мемлекет гүлденеді. Бөлінген қаражат текке кетпейді деген ойдамын. Жалпы, Жолдау көңілімнен шықты. Ұнаған тұстарын жоғарыда тіздім.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, Сенат депутаты:
Жолдауда маңызды тұстар жеткілікті
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің бірлескен отырысында президент ретіндегі алғашқы халыққа Жолдауын жариялады. Бұл – ел өміріне жаңаша серпін беретін басты құжат.
Жолдау талайдан бері қоғамда сөз болып келе жатқан өзекті мәселелерді күн тәртібіне ашық қойып отыр. Осыған дейінгі жүріп өткен жолымыздың бағасы берілді. Президент «Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз. Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің Тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды. Баянды бірлігіміздің арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық. Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мойындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады», – деп атап өтті.
Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеу деген өте маңызды нәрсе. Қазір заман өзгерді. Қоғам өзгерді. Елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі туып отыр. Саясаттағы сабақтастықты сақтап, жүйелі реформалар жүргізу орнықты жалғасын табуы тиіс. Әсіресе, саяси трансформация қалың елді толғантып, елдің алдағы дамуы қалай болады деген күпті көңіл бар екені де жасырын емес. Мемлекет пен халықтың мүддесі ұштасып, «арбаның алдына түсіп кетпей», дәйекті, сындарлы жолмен жүру таңдалды. Елдің қоғамдық-саяси дамуы жаңғыртылмайынша, жетістіктерді баянды ету қиындайды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет» қағидасымен алға жедел өрлеу маңызды-ақ.
Осы кезге дейін ел-жұрт «Жоғары билік халықтың мұң-мұқтажын естімей ме?» дейтін. Мемлекет басшысы Жолдауда «Еститін мемлекет» деген ұғымды алға тартты. Бұл – керемет айтылған тұжырым. Ұлттық сенім кеңесі құрылғаны белгілі. Енді елдегі саяси партиялар өзара бәсекелестік жағдайында жұмыс істейтін болады. Nur Otan партиясының жетекші рөлі мен орнын айта келіп, Қасым-Жомарт Кемелұлы «ел өміріндегі ең маңызды мәселелер көшеде емес, Парламентте талқылануы тиіс» деген жақсы бір ой айтты. Алдағы Мәжіліс пен мәслихат сайлаулары елдегі көппартиялық жүйені дамытуға жәрдемдесетін болады деген пікірдің жаны бар.
Маған ұнаған келесі бір мәселе – халықпен тығыз байланыс жасау жолындағы қадамдар. Елмен бетпе-бет сөйлесу, оның мұң-мұқтажына дер шағында жауап қату жетпей жататын. Азаматтардың өтініш-тілектері аяқасты қалмауы тиіс. Осы орайда мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында олардың санын біртіндеп қысқарту көзделетін болды.
Сондай-ақ митингтер өткізу мәселесі де жетілдіріледі. Бұрынғыдай шет жақта емес, орталықта мәдениетті түрде өткізу жайы қарастырылмақ. Жолдаудағы «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет. Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!» деген Мемлекет басшысының сөзінде байыптылық жатыр.
Еділ МАМЫТБЕКОВ, Сенат депутаты:
Серпінді салаларды өркендету өзекті
– Мемлекет басшысы өз Жолдауында Қазақстан дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығуы үшін Парламент пен Үкімет атқаруы тиіс жұмыстардың басымдықты бағыттарын белгілеп берді.
Жолдау мәселелердің кең көлемін қамтып отыр. Оның арасында экономиканы жаңғырту, шағын және орта бизнесті дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықты әлеуметтік қамсыздандыруды күшейту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру мәселелері бар.
Қазақстан үшін серпінді салаларды өркендету өзекті. Президент ондай сала ретінде экотуризм мен этнотуризмді анықтады, олар ұлттық дәстүр мен болмысты үйлестіреді.
Жолдауда айтылғандай, қазіргі кезде шағын және орта кәсіпкерлікті орнықты дамытусыз тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мүмкін емес. Шағын және орта бизнес саламатты бәсекелестік ортаның қалыптасуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, салық түсімдері арқылы бюджеттің толығуына, орта таптың түзілуіне септеседі.
Шағын және орта бизнес тек экономикалық қана емес, сондай-ақ әлеуметтік міндеттерді шешуде де аса маңызды. Осыған байланысты Президент Үкіметке, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, көпбалалы аналарды бизнеске, соның ішінде үй ішіндегі кәсіпкерлікке тарту бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
Жолдауда тұрғындардың жалақысын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Мұғалімдердің жалақысын арттыруға бағытталған президенттік тапсырманың жүзеге асырылуы ұстаздар еңбекақысының 2020 жылы 25%-ға, ал 4 жылда екі есеге ұлғаюына жол ашады.
Сонымен бірге, өзге де еңбек ететін азаматтар жалақысының атаулы емес, нақты өсуін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырма берілді.
Президенттің атаулы әлеуметтік көмекті алушылар санының негізсіз өсуіне не себепті алаңдаушылық білдіргенін түсінуге болады. АӘК жүзеге асыру және бақылау тетігінің ақаулығы халық арасында масылдық пиғылдардың артуына соқтырады. Оның үстіне, табысы аз қамтылғандар деңгейінен жоғары отбасылардың да осы жәрдемақыны алып келген жағдайлары орын алды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы АӘК тетігін жетілдіру қажетін атап өтті.
Ерден ҚАЖЫБЕК, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры:
Жүйелі сипатқа құрылған
– Биылғы Президент Жолдауы бірқатар мәселемен ерекшеленеді. Негізгі мәселенің біреуі – сабақтастық. Жалпы, Елбасы саясатын ары қарай тереңдету, жетілдіру, іске асыру бағытында құрылған бастама. Жолдау жүйелі сипатқа құрылған. Біріншіден, Жолдау демократияландыруға бағытталған. Екіншіден, заңды орындауға, қатаң шара қолдануға жүктеді. Өйткені демократия қалағаныңды істеуге рұқсат деген сөз емес. Заң шеңберіне бағына отырып, талаптарын орындағанда ғана жүйе пайда болады. Іргелі мәселелер көтеріліп отыр. Тағы бір қыры – жоспардың ауқымы мен кешенділігі. Өндіріс, ауыл мен қала, үймен қамтамасыз ету, жалақы мәселесі, көпбалалы отбасы жағдайы, экономика, халықаралық байланыс, тіл мен діл, ұлттық мүдде, ұлттық қауіпсіздік жайы нақты қамтылған. Ауқымы кең мәселе болғанымен, бәрін тәптіштеп, түсінікті тілде жеткізген. Әр мәселенің шешім шығарар тұсын көрсеткен. Ел бұрыннан күткен, қордаланып қалған мәселені көтеріп олардың шешімін белгілеген.
Шынында да, елімізде үш тіл, екі тіл, тіпті онтілдік жүйе болсын, негізгі тіл – қазақ тілі. Жолдауда да осы мәселе жазылған. Тілдің беделі, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі деңгейіне көтеру – күн тәртібінде. Ұлтаралық қатынас тілі дегеніміз не? Ұлтаралық дегеніміз – халықаралық деген мағына береді. Яғни, қазақ тілі әлемдік деңгейде қанат жаяды деген сөз. Қазір бізде Қазақстан халықтары ассамблеясы емес, Қазақстан халқы ассамблеясы. Демек, біз бір бүтін елміз. Қазақстанда тұратын барлық ұлт, диаспора, этнос өкілі – бір ұлт, қазақстандық ұлт. Сондықтан мақсат-мұратты жеткізетін тапсырма жүйелі түрде орындалуы керек. Тапсырманың нақты уақыты, көлемі, мерзімі, орындайтын мемлекеттік мекемелер бекітілді. Жолдаудың ерекшелігі осы тұсында деп есептеймін.
Нұрлан ӘБДІРОВ, Мәжіліс депутаты:
Кәсіпкерлерге қолдау болады
– Президент өз Жолдауында елдің наразылығын туғызып жүрген мәселелерді ашық айтып, олардың шешімін ұсынды. Солардың бірін – заңдардың сапасыздығы, Парламенттің Үкіметтің қолжаулығына айналып кеткені туралы жекелеген пікірлерді алайық. Әрбір заңның орындалуы сараптамалық жұмысты талап етеді.
Сондықтан депутаттарымыздың өтінішіне орай, Президент Парламент жанынан заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма берді. Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етеді деп күтілуде.
Парламент бекіткен бюджет қаражатының дұрыс жұмсалмауына, Ұлттық қордың шығындалуына қатысты пікірталас өрбуде. Бұл тақырыптар да Жолдауда көрініс тапты. Біз Ұлттық қорға қайта-қайта қолымызды сұға бермеуіміз керек. Мемлекет басшысы бұған біртіндеп шектеу қою керегін нықтады.
Жолдауда айтылған мәселелер арасынан бизнесті қолдауға бағытталған шараларға ерекше тоқталғым келеді. Кәсіпкерлерге қолдау қомақты болмақ. Енді жергілікті билік өзіне сеніп тапсырылған аймақтағы өндірістердің өркендеуіне жұмыс істеуі керек. Жергілікті жұртшылықты бизнеспен айналысуға, бір пайдалы заттар шығаруға, тиімді еңбекпен шұғылдануға шақырып, бағыт беруі тиіс.
Шенеуніктер де әлдекімнің қолжаулығы болмауы қажет, ол тек халық алдында ғана жауап беруі, ел мүддесін қорғауы, солардың сұранысына қызмет етуі керек.
Серікбай қажы ОРАЗ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти:
Әлеуметтің әлеуеті – маңызды мәселе
– Халықтың әлеуметтік мәселесіне назар аудару мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Әділін айтқанда, елімізде әр азаматтың тұрмыс-тіршілігі мен игілігі үшін тиісті бағдарламалар қабылданып, жұмыс жүйелі жүзеге асуда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында халықтың әлеуметтік мәселесіне басымдық берді. Жекелеген азаматтардың өтініш-тілектері мен талаптары міндетті түрде орындалатынын мәлімдеді.
Расында, халыққа қызмет етуден асқан ғазиз нәрсе жоқ. Жұрттың қарапайым талап-тілегін орындау – кез келген салаға жауапты тұлғаның асыл борышы. Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Араларыңда ең жақсыларың – айналасына пайдалы болғандарың» деп қоғамға шуағын шашып, жақсылығын жайып жүретін көпшіл кісінің мәртебесін ерекше атап өткен.
Осындайда халық даналығында айтылатын:
«Жаман ердің қайғысы, Өз отының қасында. Жақсы ердің қайғысы, Ауылының басында» деген орамдар ойға оралады...Президент қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беру қажетін атап өтті. Расында, бұл – өте өзекті мәселе. Біз тәуелсіздік жылдарында қандай асудан асып, нендей белесті бағындырсақ та, бірлігіміздің арқасында қол жеткіздік.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлем мойындаған ғұлама әл-Фарабидің 1150, хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуді тапсырды. Бұл бастаманы еліміздегі дін ғалымдары мен мұсылман қауымы да үлкен қуанышпен қабылдады. Ислам дінінің адамгершілік құндылықтарын насихаттауда әл-Фараби, Абай, Шәкәрім т.б. тұлғаларымыздың өмірі мен өшпес мұрасы құнды құрал бола алады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше жылдан бері «Дін мен дәстүр жылы» бастамасы аясында уағыз-насихат жұмыстарында қазақ халқының би-шешендері мен ақын-жырауларының, ғұлама-ғалымдарының ұлағатты сөздерін, тағылымды тұжырымдарын насихаттап келеді. Бұл игі іс әрдайым жалғасын таба бермек.
Мемлекет басшысы Жолдауда экономикалық әлеуетімізді арттырумен қатар білім сапасын көтеруге айрықша мән берді.
Иә, білім – баға жетпес қазына. Ілімсіз өркениет жоқ. Бүгінде күш пен қуат – білімде. Ғылымнан асқан қымбат дүние жоқ. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын» деген. Оқу орындарында оқып жүрген ұл-қыздарымыз, бауырларымыз ел-жұртқа пайда әкелер білім ізденсе, әлемнің ең озық технологияларын үйреніп, оны өзгеге үйретсе, елге қосқан үлесі осы болмақ.
Алла Тағала мемлекетіміздің болашағын баянды етіп, халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы игі істерімізге береке бергей! Әмин!