Мәулен Әшімбаев бүгін сайланатын Сенат депутаттарына белсеніп жұмыс істейді деп сенім артып отыр
Мәулен Әшімбаев бүгін сайланатын Сенат депутаттарына белсеніп жұмыс істейді деп сенім артып отыр
Фото: Интернеттен алынды
344
оқылды
Мәулен Әшімбаев бүгін елімізде Сенат депутаттарының сайлауы өтіп жатқанын айтып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әр облыстан, астанадан және республикалық маңызы бар қалалардан бір-бірден сайланатын 17 сенаторды таңдаушылар-мәслихат депутаттары сайлайтынын жазған. «Заң шығарушы билік жүйесіне сәйкес Сенат еліміздің барлық өңірінің Парламенттегі өкілдігін, Мәжіліс құрамы жаңарған кезде заңнамалық саясаттың сабақтастығын және заң жобаларының сапалы қаралуын қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттарының партиялық тізімдер бойынша және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатының ескерсек, Сенатта өңірлер мүдделерінің білдірілуі аса маңызды. Қаралатын мәселе жан-жақты әрі терең зерттеліп, заң қабылдау жұмыстары кезең-кезеңімен және қисынды жүргізілуі тиіс. Аталған жұмыстың сапасы мемлекеттік органдардың нормаларына, яғни, тұтас елдің тыныс-тіршілігіне ықпал етеді. Әр қабылданған заңның ондаған мың отбасы мен нақты адамдардың тыныс-тіршілігіне тікелей әсері бар. Осы ретте Парламент палаталарының жұмысы заң шығару үдерісінің барынша тиімді әрі теңгерімді болуына мүмкіндік береді және Заңдарды елдің, сондай-ақ, әр азаматтың мүддесін ескеріп қабылдауды қамтамасыз етеді», – деп жазды Мәулен Әшімбаев. Ол қабылданатын заңдар Президент бастамаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуі тиіс екендігін де айтты. «Дамудың жаңа кезеңінде Мемлекет басшысы ұсынған халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және инклюзивті экономикалық өсуге арналған жаңғырту бағдарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл ретте депутаттардың рөлі ерекше. Коронавирус індетімен және оның салдарымен күресу үшін құқықтық базаны жетілдіру де маңызды міндеттердің бірі болып қала береді. Бүгін сайланған сенаторлар тиісті өкілеттіктерін алған сәттен бастап аталған стратегиялық міндеттерді орындауға өз үлестерін қосып, белсенді жұмыс істейді деп сенемін», – дейді Әшімбаев.